Соның ішінде биылғы тойлануға жоспарланған Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жылдық мерейтойдың орны алабөтен. Ол туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты тамаша мақала жазды. Бұл мақаланың маңызы аса жоғары. Тоқаевтың басты мақсаты – той өткізіп ғана қою емес, халықтың рухани қажеттілігін өтеу. Бұл ең дұрыс бастама.
«Абай тойы дегеніміз – Абайтану» деген сөз. Абайтану дегеніміз, Қазақтану деген сөз. Біз Абайды тану үшін, әуелі Абайды оқуымыз керек, түсінуіміз керек, түбіне терең бойлауымыз керек. Абай арқылы қазақтың өткені мен болашағын білуге болады. Қазақ дегенде Абайдың өмір сүрген заманы XIX ғасырдағы қазақ пен бүгінгі XXI ғасырдағы қазақтарды қатар танимыз. Айналып келгенде Абайтану дегеніміз шын мәнісінде қазақтың өзін-өзі тануы деген сөз.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай әлемі бірегей үлкен құбылыс» деп белгіледі. Неге үлкен құбылыс? Абай сегіз қырлы, бір сырлы. Ол нағыз толық адам. Абай толық адам туралы анықтама жасаған. Мысалы, бір өлеңінде: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден ерек» дейді. Яғни ақыл, қайрат, жүрек үшеуін тоғыстыра алмасаң толық адам бола алмайсың деген-ді. Ал бүгінгі қазақ қоғамында қанша толық адам бар? Өкініштісі, бүгінгі таңда ондай толық адам табу өте қиын шаруа. Өйткені, қазақта Абай ғана толық адам.
Абай қашық болатын бес дұшпанды, асық болатын бес асыл істі жазып кетті. Бұны да толық адамның сипаты деп ұғынған дұрыс. Мысалы: «өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ бес дұшпанын білсеңіз» дейді. Абайдың өз басы осы бес дұшпанан аулақ болған. Ол пәк, жаны таза адам. Ал «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой, Бес асыл іс көнсеңіз» деп өз бойына осы бес асыл қасиетті жыйды.
Сондықтан да Абай нағыз толық адам. Толық адамның сипатын бойына, қанына сіңірген жан. «Абайдан қалған сөз жоқ» деп бұрынғы қариялар тамсана айтып отыратын. Абайды бізден көрі біздің әке-шешелеріміз, бабаларымыз жақсы түсінген. Керісінше бүгінгі қазақ сіз бен біз Абайдың жанын шала түсінеміз. Ең өкініштісі, кейбір жастарымыз Абайды түсінбек түгілі оқымаған, тіптен есімін де білмейді.
Міне, Абайтану дегеніміз – Абайдың өмір жолын зерттеу, зерделеу, шығармашылығымен танысу, пәлсапасына терең бойлау деген сөз. Абайдың жанын ұғу арқылы қазақтың жанын ұғамыз. Себебі, Абайдың тұла бойына қазақтың барлық жақсы қасиеттері тоғысқан. Оны біз Абайдың шығармасынан да табамыз. Абайдың шығармаларынан, әсіресе, тұңғыш «Ғақлия» деген атпен жарық көрген пәлсапалық қара сөздерінен. Мұнда Абай XIX ғасырдағы қазақтың проблемасын көтерген. XXI ғасырда Абайдың көтерген проблемасы сол қалпында маңызын жойған жоқ.
Абай – әлем деңгейіндегі адам. Үлкен ғұлама. «Хакім», дегеніміз дана, ғұлама деген сөз. Әрбір ұлт пен елді танытатын хакімдер бар. Моңғол елін әлем Шыңғысхан арқылы біледі. Қай елге барсақ та, моңғолдан келдік десек «Шыңғысханның елінен келдің бе?» деп сұрап жатады. Біз Қазақстанды Абай арқылы танып, Абй арқылы әлемге танытуымыз қажет. Қазақпын, Қазақстаннан келдім десе, «Аа, Абайдың елінен келдің бе?» деп АҚШ, Англия, Франция елдері сұрайтын дәрежеге жетсе ғой... Өйткені Абай әлемдік деңгейде ойлаған, толғаған адам.
Абайдың пәлсапасы өткен дәуіріндегі Сократ, Аристотель, Плотандермен деңгейлеседі. Қарасөздерінде «Сократпен сырласу» атты бір бөлім бар. Абай XIX ғасырдағы батыстың философтарын тұтас оқып, зерттеген. Өзінің толғаныстары да солардың туындыларымен қатар дәрежеде. Әлемдік деңгейде ойлау деген осы. Абайдың поэзиясы, қарасөздері, тұтас сол қалпынша пәлсапа. Барлығы тәрбиелік мәнге ие. Онда бос сөзді ұйқастырып жиып-теріп жазған өлеңдер жоқ.
«Абай 40 жасынан бастап өндіріп жазған» дейді Мұхтар Әуезов. Алайда аз жазса да көп нәрсені толғады. Барлық саладағы проблемаларды қозғады. Абайды әлем деңгейіне таныту қажет. Содан біздің ел де Абай арқылы әлем деңгейіне көтеріледі. Бірақ та алдымен өзіміз танып алайық. Өзіміз білмей жатып басқа елге танытамыз дегеніміз бос қиял, далбасалық. Абайды тану үшін қазақи болмыс пен қазақи зерде, мінез керек. Абайдай болмаса да ұқсап бағатын зиялы қауым қажет. Абай бұрын да оқылған, насихатталған. Дегенмен олардың барлығы үстірт жасалған қорытындылар еді.
Абайды әлемге танытқан – Әуезов, алғаш таныған – Алаш көсемдері. Сол үшін Мұхтарды да танып, «Абай жолын» зерттеу қажет. Абайтану жан-жақты ғылым. Үстірт оқып, екі өлеңін жаттау арқылы тұңғиығына бойлай алмаймыз. Абайтанудың шыт жаңа негізін қалауымыз қажет. Мақаланың маңыздылығы да осында.
Сұлтан ТӘУКЕЙҰЛЫ,
Моңғолия елінің Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері,
Ұлан-батыр қаласы