Соның басты бір қағидаты қала келбетінің біртұтастығы мен өзіне тән сәулеттік ерекшелігін қалыптастыру болмақ. Әйтсе де әзірге Ақтөбеде мұндай жаңашылдық пен жасампаздықтың белгілері байқала бермиді. Қала сәулетіне нұқсан келтіріп, сыйқын бұзып тұрған жеке тұрғын-үй аумақтары жетерлік. Соның бірі, тіпті бірі емес-ау бірегейі қаланың қақ орталығындағы он екінші шағын аудан тұсында, Ақтөбенің ең басты көшесі – Әбілқайырға жалғасатын Москва жеке тұрғын-үй секторы.
Оның Москва деп аталу себебі, Ұлы Отан соғысы кезінде Москвадан Ақтөбеге көшірілген қорғаныстық және азаматтық зауыттардың жұмысшылары дәл осы жерде тұрыпты. Соған келіп бұл аумақ қазіргі Ресей астанасының атауын иеленіп кеткен екен. Жә, онда тұрған не бар, бұл арадағы басты гәп, оның қалай аталуында емес, өңкей сұрғылт, аласа ескі тамдар мен үйлердің көзге шыққан сүйелдей көрінетінінде болса керек. Қары мен ылғалы мол болған қыстың көктемге ұласар кезінде Москваны су басып кететінін де ақтөбеліктер жыр қып айтудан жалығар емес.
Қазіргі қолда бар деректер аталған сектор аумағында 1400 жеке тұрғын-үй бар екенін көрсетеді. Оның дені тозығы жеткені, көпшілігіне күрделі жөндеу қажеттілігі белгілі болып отыр. Бұл баспаналар болашақта да дәл осы азып-тозған күйінде тұра бере ме, жоқ па? Аталған сауал төңірегінде ақтөбеліктер арасында соңғы он бес жыл бойына әр қилы әңгімелер айтылып келеді екен. Алайда бұған байланысты бірде бір нақты байламдар мен шешімдер жасалмапты.
Рас, бұл тұрғыда бұған дейін «Актюбгражданпроект» өңдірістік кооперативі іспеттес жергілікті салалық құрылымдар кейбір жобалар мен сызбаларды жасап көріпті де. Бірақ оның бәрі жүзеге аспай сол жобаланған, сызылған күйінде аяқсыз қалып қойыпты. Москва мәселесіне қатысты соңғы жылдары кейбір түсінбестіктердің туындап қалып жүргені де сондықтан болса керек.
Жоғарыда аталған жеке сектор аумағында 1400 тұрғын-үй бар екенін айтқан едік. Қазіргі күні тұрғындардың көңілін күпті қылып жүрген мәселе оның алдағы жай-күйі екенін аңғардық. Біз осы мақаланы газет өндірісіне әзірлеу барысында ақтөбелік сәулетшілер бұдан бірнеше жыл бұрын оның 800-ін түгелдей бұзып, жермен-жексен қылып, бұратала алып тастау жөнінде ұйғарымға келгенін білдік. Ал, 600-ін жеке инвестицияның көмегіне сүйене отырып, сатылап өтеп, қайта жаңғырту жөнінде жоспар жасалған. Солай дей тұрсақ та үйлері күресімге итеріп тасталған тұрғындардың қайда тұрып, паналайтыны жөніндегі мәселе толық шешімін таппаған жағдайда оның бәрі тек құр бос сөз болып шықпай ма?
Мұндай салмақты жергілікті тұрмақ, республикалық бюджеттің өзі көтере алмайтыны аян. Бұл арада тек бір жол бар екені белгілі. Бұл инвестициялық қаражат көзі. Ақтөбе облысы инвестиция тартудан республика өңірлері арасында алда келе жатқанын ескерсек, мысалы тек өткен 2019 жылы өңір экономикасына 850 миллиард теңгеге таяу инвестициялық қаражат түскенін еске алсақ, жерге қарап қалудың да жөні жоқ. «Елде болса, ерніңе тиеді» дегендей осы арқылы Москваның казіргі заманғы қоғамдық орталықтардың біріне айналу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Өз кезегінде мұның өзі сәні мен сәулеті келіскен жаңа көп қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік-тұрмыстық нысандар болмақ.
«Актюбгражданпроект» өңдірістік кооперативінің төрағасы Әубәкір Әжіғалиевтің мәлімдеуінше, Москвадағы басты мәселе мен күрмеуі қиын күрделі іс ескі үйлерді бұзып, оның орнына жаңасын тұрғызуда емес, керісінше басты мақсат – бұл ауданды жаңа сәулеттік жобаға сәйкес бүгінгі заманауи орталыққа айналдыра білуде. Ал мұның өзі қалпақпен соғып ала қоятындай оп-оңай іс емес екені тағы да аян.
Мұндағы басты проблема инженерлік-коммуникациялық желілердің толықтай іріп-шіріп тұрғанында. Екіншіден, Москвадағы осы тектес жер үсті және жер асты құрылымы бір қабатты шағын құрылыстар мен нысандарға есептелген. Инженерлік желілерді түгелдей әрі тұтастай ауыстыру қажеттілігі де осында. Сондай-ақ жалпы құрылыстың кешенді жобасы жасалып, оның техникалық-экономикалық негіздемесі бекітілуі керек. Оған магистралдық желілер мен негізгі жолдарды кеңейту ісінің басты тармақтары да енгізілгені жөн. Тек содан кейін ғана үйлерді бұзу мен алып тастау жөніндегі мәселені ойластырып көруге болар еді деп санайды жергілікті сәулетші мамандар.
Республиканың батыс өңірінде жыл сайын өсіп-өркендеп келе жатқан арайлы Ақтөбе қаласының құрамдас бір бөлшегі, яғни қазіргі Москва жеке тұрғын үй секторы бүгінгі заманауи орталыққа айнала ала ма? Жүйелі жанашырлық көзқарас пен қаржыландыру тетігі табылған жағдайда қойылған сауалдың оң жауабы алдан шығары анық.