Әлем • 27 Қаңтар, 2020

Ұлыбритания Еуропалық одақпен «қоштасты»

573 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Брекситтің» жыры бітер емес. Күні кеше Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон Еуропалық одақтан шығу жөніндегі келісімге қол қойды. Аталған құжат бұған дейін ЕО тарапынан бекітіліп, Тұманды Альбионға жолданған-тұғын.

Ұлыбритания Еуропалық одақпен «қоштасты»

«Брекситпен» басы қатқан Борис мыр­заның ақыры жүзінде күлкі ойнады десек артық айтқандық емес. «Даунинг стрит» таратқан суретте Б.Джонсон жылы жымиып, қол қойып отырған сәті бей­­не­ленген. Осы тарихи сәтке қатысты пікір білдірген премьер-министр «ел та­ри­­хындағы таңғажайып сәт» деп баға берді.

Газетіміздің бұған дейінгі нөмір­ле­рінде Ұлыбританияның Еуропалық одақ­тан шығуы жөнінде бірнеше рет жаз­дық. Қысқа қайырсақ, 2016 жылы Тұманды Альбионда осыған қатысты жал­пыха­лық­тық референдум өтіп, кәрі құр­лық­пен қоштасуды аңсайтындар басым шыққан-ды. Алайда дауыс беру мәселені шешудің орнына, көптеген түйткілдің шетін қылтитты. Әсіресе, Еуро­одақ­тан шыққаннан кейінгі жағдай көп талқыланды. Мәселен, Солтүстік Ирлан­дия мен Ирландия арасындағы шека­ра, одақпен қоштасқаны үшін төле­не­тін айыппұл секілді сұрақтар Еуропа саясаткерлерінің басын қатырып келеді.

Референдумнан кейін ел тізгінін қолына алған Тереза Мэй де Брюссельмен келісе алмай, қызметінен бас тартқан. Содан кейін премьер креслосына жай­ға­сқан Б.Джонсон елде парламенттік сайлау өткізді. Дауыс беру нәтижесі бо­йынша оны қолдайтындар басым түс­кен. Осы­лайша, Лондонның экс-мэрі өз мақ­сатын орындауға түбегейлі кірісті.

Айтпақшы, Брюссельдегі атқа­мі­нер­лермен басы піспеген Британия басшы­ла­ры «Брексит» мерзімін бірнеше рет ұзартты. Межелі уақытта түк тындыра алмаған ағылшындар Еуропалық одақ­тың астанасы Брюссельден 2020 жылғы 31 қаңтарға дейін мұрсат сұраған.

Әне-міне дегенше қаңтар аяқталып, ЕО екіжақты келісімге енжарлықпен қол қойды. Ұлыбритания премьер-министрі осыған қарамастан қуанышын жасыра алған жоқ. Б.Джонсонның айтуынша, «Брексит» жөніндегі құжаттың ресми бекітілуі бірнеше жылға созылған дауға нүкте қоймақ.

«Енді біз дербес мемлекет ретінде әрекет етіп, қоғамдық қыз­мет­ті жақ­сар­­туға, таңғажайып Ұлы­бри­та­ния­ның түк­пір-түкпіріне мүмкіндік беріп, дамуы­на назар аударамыз. Еуропалық одақ­пен дос әрі тәуелсіз ел ретінде іргесі берік қарым-қатынас орнатамыз», деді прем­ьер-министр құжатқа қол қойған­нан кейін.

«Брексит» келісіміне қол қоюға Брюс­сель шенеуніктерінің ынта таныт­па­­ғанын айттық. Еуропалық комиссия президенті Урсула вон дер Лейен мен Еуропалық кеңес төрағасы Чарльз Майкл құжатты Лондонға жөнелткеннен кейін пікір білдіруге құлықсыз болды. Вон дер Лейен ханым туиттердегі парақ­шасына «Чарльз Майкл екеуміз Ұлы­британияның Еуропалық одақтан шығу жөніндегі құжатқа қол қойдық. Оны ратификациялау Еуропалық парла­мент­тің еншісінде» деп жазса, М.Чарльз «Мә­се­ле­лер өзгеретіні сөзсіз, әйтсе де біздің достығымыз үзілмейді. Әріптес әрі одақ­тас ретінде тарихтың жаңа парағын ашамыз» деп қысқа қайырды.

Кәрі құрлықты әуре-сарсаңға сал­ған келісімге қол қойылды, әйтеуір. Оның заңды күшіне енуі үшін Еуро­па­лық парламенттің мақұлдауы мен Ұлыбритания патшайымының бекітуі қажет. 600 беттік құжатта азаматтардың құқықтары, Тұманды Альбион төлеуі тиіс 33 миллиард фунт-стерлинг міндеттеме, Ирландия шекарасы секілді мәселелер егжей-тегжейлі қарастырылған.

Осылайша, 4 жылға созылған «Брек­сит» мәселесі бітуге таяп қалды. 31 қаңтар күні Ұлыбритания ресми түрде Еуропалық одақтан шықпақ. Дегенмен, Ұлыбритания кәрі құрлықтан біржола қол үзді деп айтуға әлі ерте. Біріншіден, биылғы 31 желтоқсанға дейінгі уақыт «транзиттік мерзім» саналады. Түсінікті тілмен айтсақ, ештеңе айтарлықтай өзгермейді. Тек Британия басшылары Брюссельдегі жиындарға бұрынғыдай қатыспайды.

Бірақ Борис мырза бастаған ағылшын атқамінерлері қарап отырмақ емес. Осы уақыт аралығында көптеген келісімдерді біржақты шешіп алуы тиіс. Мәселен, Ирландия шекарасы, Еуропалық одаққа кіретін елдер азаматтарының құқығы, төлемақының нақты сомасы әлі де толық шешілген жоқ.

2021 жылдан бастап көп нәрсе өзгермек. Әсіресе, Ирландия мен Сол­түс­тік Ирландия арасындағы шекара мәселесі әлі де талқылауды қажет етеді. Кей сарапшылар «Брексит» екі ел­дің тағдырына қауіп төндіруі мүмкін деп есептейді. Естеріңізде болса, XX ғасырдың екінші жартысында Ирландия аралы тынышсыз еді. Ирландияның бірігуін қолдап, британиялық бас­қа­руды тоқтатуға қарсылар мен Ұлы­бр­итанияны қолдайтындар арасында қарулы қақтығыс жиі болатын. Шие­ле­ніс­ті реттеу үшін 1998 жылы Белфаст келісімі жасалды. Соған сәйкес, екі тарап та қаруын тастап, 30 жылға созылған текетіреске нүкте қойылды.

«Брекситтің» ресми аяқталуымен өткен ғасырдың еншісінде қалған қақтығыс қайта бастала ма деген қауіп бар. Өйткені Тұманды Альбионды үрейде ұстаған Ирландия республикашылар әскері (ИРА) тарағанымен, оның мүшелері ешқайда кеткен жоқ. Олардың кейбірі суық қаруларын жасырып қалғаны бұқаралық ақпарат құралы бетіне ара-тұра шығып тұрады. Оның үстіне, қаруын тәркілегенмен, соғыс өнеріне машықтанған адамның әскерде үйренгенін ұмыта қоюы екіталай. Яғни, алда-жалда Ирландияда қайта қақтығыс туа қалса, ИРА-ның қайта топтасуы әбден мүмкін.

Шекара мәселесі мұнымен бітпейді. Ирландия мен Солтүстік Ирландия түйіскен жерде көптеген ауылдар бар. Мысалы, шекарада орналасқан бір елді мекеннің британиялық жағы Белку, ал ирландиялық жағы Блэклайон ауылы деп аталады. Екі ортаны Белку өзені бөліп жатыр. Ауылдың тұрғындары да көп емес. Белкуде бес жүзге жуық, Блэк­лайонда үш жүзге жуық адам бар. Екі мемлекетке тиесілі екеніне қа­ра­мастан, халықтың «ауылы аралас, қойы қоралас». Елді мекендегі жалғыз ет дүкені ирландиялық тарапта орналасқан. Ал шаштараз, шаруашылық дүкені Ұлыбритания аумағында тұр. Айта берсеңіз, мұндай мысалдар жетіп-артылады.

Шешімін таппаған тағы бір мәселе – Ирландия мен Солтүстік Ирландияға келетін тауарларды кедендік рәсімдеу. Еуропалық одақтың басқа елдерінен әкелінген тауарларға Ұлыбританияның баж салығы салына ма? Әлде, Дүние­жү­зілік сауда ұйымының бекіткен ере­же­лері қолданыла ма? Бұл да әлі басы ашық тұр.

ЕО азаматтарының құқығы да әлі талқылауды қажет етеді. Аталған құ­жат­қа сәйкес, одақ құрамына кіретін мем­лекеттердің тұрғындары ұйымға мүше елдердің аумағында еркін жүріп-тұруға, көшіп-қонуға, жұмыс істеуге құқылы. 2021 жылдан кейін Тұманды Альбиондағы еуропалықтар мен кәрі құрлықтағы ағылшындардың жағдайы қалай болмақ? Бұрынғыдай емін-еркін жүре бере ме, әлде арнайы виза әзірлетуі керек пе? ЕО құрамындағы бір елде жұмыс істеп, басқа мемлекетте зейнетке шыққандар зейнетақыны қалай алады?

Айта берсеңіз, мұндай мәселе өте көп. Қысқасы, «Брекситтің» ресми аяқ­та­луы­на санаулы күн қалса да, әлі шешіл­меген дау шаш етектен.