Қоғам • 27 Қаңтар, 2020

«Бір көзді» дәу

880 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Негізі бизнес бастау қиын емес. Қаржысы бар адам жоспар құрып, түрлі жобалар бо­йынша кәсібін бастай береді. Бірақ бизнесті қарқынды дамыту қиын. Әрине, мемлекет шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы үшін қаншама көмек жасап жатыр. Атап айтқанда, бизнеске қолдау көрсету мақсатымен түрлі тексерістер жүргізуге мораторий енгізілді. Шағын және микро бизнес салықтан босатылды. Осының нәтижесінде елімізде қолға алған кәсібін дөңгелетіп, қаншама адамды жұмыспен қамтып, сапалы өнім шығарып жатқан кәсіпкерлер көп. Қалай айтсақ та, бұл сала ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс беріп, жұмыссыздықты азайтуы тиіс.

«Бір көзді» дәу

Енді халықтың әл-ауқатының негізі саналатын жекеменшік бизнесті күшейту үшін өткен жылы шетелден 25 млрд АҚШ долларын құрайтын инвестиция тартылыпты. Осының нәтижесінде шағын және орта кәсіпкерлік шығарып жатқан өнім көлемі 9 пайызға көбейді. Ал жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар саны 8 пайызға көбейіп, 1,34 млн бірлікті құрады. Дегенмен де бизнестің қарқынды дамуы үшін мемлекеттің қамқорлығынан бөлек адал бәсекелестік керек. Яғни, қолында билігі барлар бизнес тірлігіне адалдық танытып, нағыз бәсекелестік туғызып, шын мықтыға қолдау көрсетпесе, істің бәрі бекер болғаны...

Ал біздің әкімдер мемлекеттік сатып алуда өз дегенін жасау үшін небір қитұрқы әрекеттерге баратыны белгілі. Соның бірі – мемлекеттік сатып алу ісіндегі «бір көзден» беру тәсілі. Міне, заңды аттап өтудің «көкесі» осы «бір көзде» жатыр. Алдымен біліктілік талаптарына сәйкес келмеді деп лайықсыз компанияларды електен өткізеді. Яғни, жеңімпаз компанияны мойындамайды. Сөйтеді де «конкурс өтпеді» деп жариялап, алдын ала келісіп алған компаниямен келісімшартқа отырады. Сонда тендердегі бәсекелестік, мөлдірлік, сатып алудың ашықтығы қайда қалды? Кейбір облыстық, қалалық әкімдіктердегі мемлекеттік сатып алу ісіне тексеру жүргізген Есеп комитеті бұл салада жүйелі кемшіліктердің бар екенін, бюджет қаражатын жоспарлау және пайдалану, сондай-ақ бухгалтерлік есепті жүргізу кезінде жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілері тарапынан тиісті мониторинг пен бақылаудың жоқ екенін мәлімдеп отыр.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнеске қолдау көрсету үшін жекеменшік секторлардың мемлекеттік мекемелер мен ұлттық холдингтердің сатып алу ісіне көбірек қатысу керегін баса айтты. Бірақ алдымен мемлекеттік сатып алуды реттеу қажет. Қазір мемлекеттік сатып алудың көлемі 14-15 триллион теңгеге жетті. Енді отандық кәсіпкерлер бұл сау­дада асқан белсенділік танытуы қажет. Бұл жерде де «бір көз» тәсілі тағы да кесе көлденеңдеп, өз дегенін жасап отыр екен. Мысалы, мемлекеттік органдардағы сатып алу ісінің 49 пайызының, квазимемлекеттік сектордағы сатып алу ісінің 70-тен 90 пайызға дейінгі үлесі осы «бір көз» тәсілі арқылы шешілуде. Яғни, қаржылай қолдаудың игілігін негізінен жергілікті билікпен байланысы барлар ғана көріп отыр деген сөз.

Онсыз да ел ішінде тендер туралы тентіреп жүрген әңгімелер көп. Яғни, мемлекеттік сатып алудың нәтижесі алдын ала белгілі болып қоятыны, көбінесе тамыр-таныстардың мерейі үстем болатыны белгілі. Міне, осының бәріне сатып алу ісіндегі «бір көз» тәсілі үлкен үлес қосып жатқандай... Өзіңіз ойлаңызшы, әкімдер, жалпы қолында билігі барлар тендерді «бір көз» арқылы өткізуге неге құмар? Неге электронды сатып алу ісін ашық жүргізіп, шын мықтыны бірден мойын­дамайды? Неге тендерде барлық жағынан үздік шығып, жеңіске жеткен компанияны ең соңында шеттетіп, қаржыны орта жолдан қосылған басқа біреуге беріп жібереді? Қазір интернетті ашып қалсаңыз, тауарды бір көзден алу тәсілімен жарияланған мемлекеттік сатып алу туралы хабарландырулардан аяқ алып жүре алмайсыз. Әрине, саудадағы бұл тәсілдің тиімді тұстары да бар екені анық, дегенмен, тендердегі «бір көз» тәсілі бармақ басты, көз қысты, жең ұшымен жалғасу секілді сыбайластық әрекеттер жасауға өте ыңғайлы боп тұрғандай.

Бұл тәсілдің тағы бір әуресі – қаржы игерілмей, тендер ісінің тым созылып кетуіне сеп болуы. Өйткені мемлекеттік сатып алу ісінде мерейі үстем болып тұрып, әлдебір себептермен жеңімпаз деп танылмай қалған кәсіпкерлердің көбісі «бір көзге» риза болмай, әділдік іздеп, сотқа жүгінеді. Бар гәп сол тендердің дұрыс өтпеуінде, орта жолдан бұра тартуда ғой.

Қысқасы, мемлекеттік сатып алудағы «бір көз» әйгілі ертегілерде айтылатын «бір көзді» дәуден кем болмай, жалын күдірейтіп, өз айтқанын істетіп тұр. Оны жеңіп, жөнге салу енді кімнің қолынан келеді?

 

Оралхан ДӘУІТ,

«Egemen Qazaqstan»