Спорт • 16 Шілде, 2024

Қайсар жандардың қас қағым сәті

118 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Париж жазғы Олимпиадасының басталуына санаулы күндер қалды. 26 шілдеде ашылу салтанаты өтетін айтулы дода қар­саңында Астана қаласында көрме ұйымдастырылды. Қайсар жандардың дода үстіндегі қас қағым сәтін қалт жібермеген фотографтардың еңбегін жұртшылық жоғары бағалады.

Қайсар жандардың қас қағым сәті

«Астана – Париж 2024: параспорт және Паралимпиада ойындары – басты назарда» деген атаумен өткен фотокөрмені көпшілік тамашалады. Францияның Ұлт­тық мерекесіне орай әрі Париж Олимпиадасының басталуына екі апта қалғанда Фран­цияның Қазақстандағы елшілігі, Ұлттық Паралимпиада комитеті, Аста­на қаласының әкімдігі және Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы ұйымдастырған көрмеде спорт­шылардың суреті жұрт назарына ұсынылды. Әр портреттің тұсындағы QR-код арқылы тамашалаушылар спортшы туралы тереңірек танысып біледі.

Атырау көпіріндегі көрмені 14 тамызға дейін қала тұрғындары мен қонақтары тамашалай алады. Француз фотографы Дидье Эшлар мен Оспан Әлінің нысанасына ілінген фотодағы кей параспортшылар Париж жазғы паралимпиадасында ел үмітін арқалайды. Солардың бірі – Жа­ңыл Балтабаева. Параканоэден алғаш рет додаға қо­сылатын қай­сар қыздың бұл спорт түрімен шұғылданғанына бір жылдан асыпты.

«Мен бұған дейін қысқы спорт, оның ішінде шаңғыдан Паралимпиада ойындарына қа­тыстым, бірақ жүлде бұйыр­мады. Параканоэ спортымен шұғылданғаныма бір жылдан асты, осы уақыт аралығында паралимпиада жолдамасын олжаладым, мен үшін зор жетістік. Себебі Мажарстанда өткен әлем чемпионатында дүниежүзінің таңдаулы ескекшілерімен до­даға түсіп, лицензия иелен­дім. Саусақтарымның жоқтығынан жел соққанда ескегімді есу қиын­­дық тудырды. Соған қа­ра­мас­тан бапкерімнің айт­қанын тыңғылықты орындап, төрт жылда айналып соғатын Пар­алимпиада аламанына қа­тысуға мүмкіндік алдым. Енді барымды салып, әзірлікті күшейтемін», деген Жаңыл Балтабаева бұл спортта тек тәртіпке бағынып, бапкердің талабын орындай алғанда ғана нәтиже шығатынын айтты.

Қайсар қыз қысқы спортқа қарағанда жазғы спорт түрі анау айтарлықтай ауырлық етпейтінін жеткізді.

«Шаңғы биатлоннан сайысқа қатысқанда аяғыма да көп күш түсетін, үстіміздегі киімнің қа­лыңдығы да аз жүк емес. Жазғы спортта, оның ішінде ескек есуде ондай қиындық тумайды. Бірақ бұл спорттың да өзіндік ерекшелігі бар. Кімнің қажыр-қайраты күшті, төзімі мығым, сондай жандар ғана нәтижеге жетеді», деді спортшы.
Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейітжан мұндай іс-шараларды жиі ұйымдастыру арқылы мүм­кіндігі шектеулі жандардың қайсарлығы мен еңсеріп жүрген спорттағы жетістігін насихаттау маңызды дейді. Ол параспорттан спортшылардың әлемдік додаларда олжалаған медалі мен нәтижесі жоғары болғанымен, бөлінетін қаражат әлдеқайда кемшін екенін айтты.

«Мұндай іс-шара не үшін керек? Ең алдымен, халықты пара­спорттың тыныс-тіршілігімен таныстыру үшін қажет. Кезінде голбол деген спортты дамытып, жетекшілік еттім, паравелоспорт федерациясының басшысы ретінде бұл саланың ой-қырын тереңдей білемін. Кәсіби спортшылар секілді параспортшыларға да қойылар талап жоғары, сайыс кезіндегі бәсекелестік те әлсіз емес. Мү­гедектігі бар спортшыны осындай додаға дайындайтын бапкерге жүктелер жауапкершілік те, салмақ та орасан. Бірақ жалақысы мардымсыз. Парламент мінбе­рінде бұл мәселені дүркін-дүр­кін қозғап келемін. Параспортты дамыту арқылы да ұлт саулығын ны­ғайтамыз», деді депутат К.Сейіт­жан.

28 тамыз бен 8 қыркүйек ара­лығында өтетін Паралим­пиада ойындарына саңлақта­рымыз 8 спорт түрінен 21 жолдама иеленді. Атап айтқанда, парапауэрлифтингтен – 5, паражеңіл атлетикадан – 3, паражүзуден – 4, волейболды отырып ойнаудан – 1, параүстел теннисінен – 1, паратаеквондодан – 3, параканоэден – 2 және параоқ атудан 2 жолдама бар.

Соңғы жаңалықтар