Әлем • 27 Қаңтар, 2020

Қазақстан мен БАӘ арасындағы ынтымақтастық нығая береді - БАӘ тақ мұрагері

397 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

БАӘ тақ мұрагері шейх Мұхаммед бен Заид Әл-Нахаян екі ел арасындағы ынтымақтастық нығая беретінін айтты.

Қазақстан мен БАӘ арасындағы ынтымақтастық нығая береді - БАӘ тақ мұрагері

Тақ мұрагері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Біріккен Араб Әмірліктері Президенті шейх Халифа ибн Зайд аль-Нахайянның сәлемін жеткізді.

«Жоғары мәртебелі Президент мырза, ең алдымен, Біріккен Араб Әмірліктері аумағына қош келдіңіз деп айтамын. Өзіңізге арналған Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Халифа ибн Зайд аль-Нахайянның ыстық ықыласын жеткіземін. Әмірліктердің басшысы сіздің сапарыңызға үлкен табыс тілейді. Сондай-ақ Әмірліктер Президентінің және өзімнің атымнан жақын досым, жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевқа ыстық ықыласымызды жеткізуіңізді сұраймыз», - деді шейх Мұхаммед бен Заид Әл-Нахаян.

Бұдан соң ол Нұрсұлтан Назарбаев пен Әмірліктер шейхі Халифа ибн Зайд аль-Нахаянның өте жақын қарым-қатынаста екенін, сонымен қатар, Елбасының екі ел арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға үлкен үлес қосқанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта екі ел арасындағы қарым-қатынастар өте жоғары деңгейде деп айта аламыз. Біз Біріккен Араб Әмірліктері ретінде Қазақстанмен ықпалдастықты дамытуға ерекше маңыз береміз. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың барлық бағыты мен жолдары өте үлкен. Осы ретте 2019 жылы қыркүйек айында Абу-Дабиде өткен Қазақстан мен Әмірліктердің үкіметаралық комиссияның нәтижелі жұмысын атап өткім келеді», - деді шейх Мұхаммед бен Заид Әл-Нахаян.