Президент • 28 Қаңтар, 2020

Ел әлеуетін арттыруға бағытталған келіссөздер

170 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне сапары барысында елдегі бизнес өкілдерімен кездесіп, Қазақстанда қалыптасқан тиімді инвестициялық жағ­дай туралы әңгімелеп берді.

Ел әлеуетін арттыруға бағытталған келіссөздер

Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктеріне сапары аясында Abu Dhabi National Oil Com­pany (ADNOC) мұнай ком­пания­сы­ның бас директоры Сұлтан Ах­мед әл Джабермен кездесу өткізді.

ADNOC компаниясы – Бірік­кен Араб Әмірліктеріндегі мұнай мен газ өндіретін жетекші, ал әлем бойынша төртінші орын алатын кәсіпорын. Оның мұнай қоры шамамен 100 миллиард баррельге тең. Кәсіпорын күніне 2,4 миллион баррельге дейін мұнай өндіреді.

Кездесу барысында тараптар әлемдік нарықтағы мұнай мен газ өндірісі жөнінде пікір алмасып, аталған саланың Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері эко­номикасының негізін құрай­тынына тоқталды.

Мемлекет басшысы еліміздің мұнай-газ саласы бойынша көмір­су­тектерін терең өңдеуге басым­дық беріп отырғанын, осыған бай­ланысты Қазақстанда мұнай-химия саласындағы жобаларды дамы­туға қолайлы жағдай жасал­ғанын атап өтті.

«Қазақстанда мұнай-химия саласы дамып келеді. Алдағы уақыт­та сіздің компаниямен аталған ба­ғыт бойынша бірлесіп жұмыс іс­теу­ге ниеттіміз», деді Мемлекет басшысы.

Кейінгі бірнеше жылда ADNOC компаниясы қызмет көр­сету аясын ұлғайтып, бәсекеге қабілетін арттырып, әлемдегі негізгі мұнай өндіретін компанияға айналып үлгерді.

Бұдан кейін Қазақстан Прези­денті Al Nowais Invest­ments ком­паниясының басқарма төрағасы Хуссейн әл Новейспен кездесті.

Біріккен Араб Әмірліктерінде ғана емес, Таяу Шығыс аймағын­дағы ең ірі инвестициялық ұйым са­на­латын Al Nowais Invest­ments – көпсалалы бизнес жүргізіп отыр­­ған компания. Оның жылдық ай­налымы 1 миллиард доллардан асады.

Хуссейн әл Новейс Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа өнеркәсіп, энергетика, инфрақұрылым, денсаулық сақтау және тағы да басқа салалар бойынша атқарып жатқан жұмыстары жайлы мағлұмат берді.

Мемлекет басшысы Қазақ­стан­ның жаңартылған энергия көздеріне инвестиция салып, аталған саланы ілгерілету үшін 2013 жылдан бері елді жа­сыл экономикаға өткізу Тұжы­рым­­дамасы жүзеге асырылып жат­қаны туралы айтты. Сон­дай-ақ елімізде мемлекеттік-жеке­м­еншік әріптестік бойынша кө­птеген жобаның қолға алын­ғанын, 2025 жылға дейін Ден­сау­лық сақ­тау саласын дамыту бағдар­лама­сы қабылданып, іске асырылып жатқанын атап өтті.

Мемлекет басшысы Aldar Properties компаниясы Дирек­тор­лар кеңесінің төрағасы Мұхам­мед әл Мүбәракпен кездесу өткізді.

Мұхаммед әл Мүбәрак Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа аталған компания­ның іске асырып жатқан Abu Dhabi Plaza жобасының қа­зір­гі жағдайы, Нұр-Сұлтан қаласындағы көпфункционалды кешеннің құрылысын белгіленген уақытта аяқтау үшін атқарылып жатқан қосымша жұмыстар туралы баяндады.

Қазақстан Президенті елі­міздегі ең ірі құрылыс нысан­да­ры­ның бірі саналатын жобаның уақ­тылы аяқталып, халық игілі­гіне берілетініне сенім білдірді.

Сонымен қатар Мемлекет бас­шысы әңгімелесу барысында туризм индустриясындағы ынты­мақтастықтың әлеуетіне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­станда басымдыққа ие он туристік бағыттың анықталғанын атап өтіп, оларды әлемдік деңгейдегі бар­лық қажетті туристік инфра­құ­ры­лыммен қамтамасыз ету жос­парланып отырғанын айтты.  Оның айтуынша, аталған са­ла­ға мемлекеттік қолдау көр­сету шаралары, соның ішінде салық­тық жеңілдіктер, базалық инф­рақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

Қазақстан Президенті Abu Dhabi Global Market (ADGM) еркін экономикалық аймағы Ди­рек­торлар кеңесінің төрағасы, Мем­л­екеттік министр Ахмед Әли әл Сайихпен кездесу өткізді.

Кездесуде тараптар Әбу Даби еркін экономикалық аймағының «Астана» халықаралық қаржы орта­лығымен бірлескен жоба­ларының жүзеге асырылуы жа­йында әңгімелесті. Ахмед Әли әл Сайихтың айтуынша, өзара ынты­мақтастықты дамыту жөнінде нақты жоспарлары бар.

Мемлекет басшысы Abu Dhabi Global Market еркін экономика­лық аймағының елімізде атқарып жатқан жұмысына ризашылық білдіріп, қаржы нарығын реттеу сала­сындағы ықпалдастықты ны­ғай­туға ниетті екенін атап өтті.

Екіжақты келіссөздер аяқтал­ған соң Мемлекет басшысы Бірік­кен Араб Әмірліктерінің бизнес өкілдерімен дөңгелек үстел өткіз­ді. Жиын барысында Қ.Тоқаев Қа­зақ­станның экономикалық және ин­вес­тициялық әлеуетіне кеңінен тоқталды.

«Елдеріміздің көптеген бағыт­ пен қарым-қатынас­тарын­дағы ынтымақтастық үлгіге ай­налғаны анық. Әмірліктер – осы аймақтағы маңызды әріптесіміз. 2019 жылғы қаңтар мен қараша айлары аралығында тауар айналымы алдыңғы жылғы сол мерзіммен салыстырғанда 10 пайызға өсіп, 500 миллион долларды құрады. Әлі де мұны ілгерілетуіміз керек.  БАӘ-нің Қазақстанға салған тікелей инвестиция көлемі 2,1 миллиард долларға жетті. Ал Қазақ­станның Әмірліктерге құйған қар­жысы 1 миллиард долларды құ­райды. Қазақстанда БАӘ-нің 350 кәсіпорны сәтті жұмыс істеп келеді. Біз құны 11 миллиард долларды құрайтын инвестициялық ортақ жобаларды жүзеге асыруды көздейміз», деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы туристік саланың бағы­­тына да тоқталды. Мәселен, Бірік­кен Араб Әмірліктері Қазақ­стан туристері ең жиі баратын 5 мемлекеттің қатарына кіреді. Жыл сайын 100 мыңға жуық қазақ­стандық осы елге келеді.

«Қазақстан – БАӘ секілді минералды ресурстар жөнінен әлем­дегі көшбасшы елдердің бірі. Геологиялық тұрғыдан алып қара­ғанда, ел аумағының 25 па­йызы ғана зерттелген. Қазақстанда жанармайға шаққанда болжамды құны 130 миллиард тонна болатын 15 шөгінді алап бар. Алтын, қорғасын, мырыш, темір, марганец кен-орындарының өте көп екеніне қарамастан, әлі де зерттелмеген жер қойнауы байлығы жетерлік», деді Мемлекет басшысы.

Президент осыған байланыс­ты жер қойнауын пайдалану жөнін­дегі кодекске өзгерістер енгізіліп, әкім­шілік рәсімдер жеңілдетіл­ге­нін жеткізді. Еліміздің мұндай қадамы инвестициялық ахуалды бағамдайтын халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары баға алды. Мәселен, Инвестиция­лық тартымдылықты анықтайтын Фрейзер институтының тізімінде Қазақстан 24-орынға жайғасқан.

«Қаржылық және адам капиталы жөніндегі тәжірибелерін, білімін ескере отырып, Қазақ­стандағы жер қойнауын зерттеу­ге Біріккен Араб Әмірліктері компаниялары атсалысады деп үміттенемін. Еліміздің мұнай-газ саласын әртараптандыруға мүмкіндігіміз мол әрі осы саладағы қарым-қабілетіміз орасан. Мұнайға бай Атырау облысын­да мұнай-газ саласына бейім­делген Арнайы экономи­калық аймақ бар. Салық жеңілдіктері, инфра­құрылым салу, ұзақ мерзім­ге мұнай мен газ жеткізу арқылы қолайлы жағдай жасадық. Халық­аралық стандарттарды инфра­құрылымды салу барысында, кәсіпорын құрылысына тікелей қолдану жобалар құнын 10 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Қазақстанның батысында полиэтилен өндіретін, құны 6,6 миллиард доллар болатын мұнай-химия зауытын салу бойынша Mubadala Investment компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ортақ жобамыз өнеркәсіптік даму мен өңдеу өнеркәсібіне ерекше көңіл бөліп отырғанымызды көрсетеді», деді Қ.Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы сала­сын­дағы әріптестікті дамыту­дың мүмкіндігіне кеңінен тоқтал­ды. Мәселен, Біріккен Араб Әмір­ліктері тұтынатын тауар­ларының 85 пайызын сырттан әкеледі. Осы­ған байланысты таяуда елде 2051 жылға дейінгі тұтыну тауарлары қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық стратегия қабылданған. Соған сәйкес ауыл шаруашылығы сала­сын­дағы сауда-саттықты дамы­тып, тұтыну өнімдерін шығаруға арнал­ған тәсілдерді жетілдіру қарастырылған.

«Осы тұрғыдан қарағанда Қазақстан аумақтық жағынан да, технологиялық, логистикалық әлеуеті жағынан да Әмірліктерге органикалық, қауіпсіз әрі сапалы өнім жеткізуге қабілетті. Біз Әмірліктердің компанияларын өз елінде тұтынатын азық-түлік өнімдерін шығаруға инвести­ция салуға шақырамыз. Елдері­ңіз­дегі тұтыну нарығының 12 па­йыз­ға өскенін ескере отырып, Қазақ­станнан жеткізілетін азық-тү­ліктердің көлемін ұзақ мерзім­ге арттыруды көздейміз. Та­мақ қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйы­мының Нұр-Сұлтанда орналас­қанын ескерсек, бұған әлеуетіміз толықтай жетеді», деді Қ.Тоқаев.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаруға кеңінен тоқталған Президент халал тауарлар туралы да жан-жақты әңгімелеп берді. Осыған байланысты елдер арасында аталған салада тығыз қарым-қатынас орнатып, өзара тәжірибе бөлісуді жолға қоюдың маңызын атап өтті. Алда-жалда бұл бағыттағы жұмыстар жемісін беріп жатса, Әмірліктер Қазақстан өнімдерін Парсы шығанағында тарату орталығына айналмақ.

Сондай-ақ жиын барысында туризм саласының әлеуеті де сөз болды. Мемлекет басшысы Қазақстанның ауқымы бойын­ша әлемде 9-орында  екенін еске салып, елде шөл де, тау да кезде­сетінін айтты.

«Қазақстанға ағылған туристер саны жылдан-жылға артып келеді. Туризм – экономиканы әрта­рап­тандырып, жаңа жұмыс орнын ашуда маңызға ие. Еліміздің Үкі­меті туристерді қызықтыратын 10 мекеннің егжей-тегжейлі жоспарын әзірледі. Аталған бағытты дамы­туға толықтай дайынбыз. Біріккен Араб Әмірліктері жаһан­дық туристік нарықтағы көп жылдан бері көшбасшыға айналған. Компанияларыңыз осы салада тәжірибелі әрі әлеуетті. Сондықтан Қазақстандағы туристік жерлерді бірлесе дамытып, өркендетуге шақырамын», деді Президент.

Мемлекет басшысы ортақ жоба­ларды жүзеге асырудың келесі бағыты ретінде қаржы сала­сын­дағы ынтымақтастықты атап көр­сетті. Әсіресе АХҚО және Әмір­ліктердің ірі қаржы институт­тары арасындағы байланысты дамы­тудың маңызы зор.

«Орталық Азия аймағында ислам қаржы қызметін көрсететін орталыққа айналу үшін АХҚО-ның әлеуетін үнемі арттырып отырамыз. Сонымен қатар АХҚО-да ұлттық мұнай-газ компаниялары, темір жол компаниялары және телекоммуникация компания­лары сияқты мемлекеттің страте­гия­лық активтері IPO-ға шы­ғары­лады. Әбу-Даби инвести­циялық департаменті мен Mubadala Investment компаниясын жекеше­лендіру бағдарламасына қатысуға шақырамыз», деді Қ.Тоқаев.

Қазақстан мен Әмірліктер табиғи ресурстарға үлкен мән беретіні, баламалы және жаңарты­ла­тын энергия көздеріне ерекше назар аударатыны белгілі. Мұны атап көрсеткен Мемлекет басшы­сы Қазақстанда өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің басты тақырыбы болашақтың энергия­сы  болғанын тілге тиек етті.

«Стратегиялық тұрғыдан ал­ған­да, біздің мақсатымыз – 2030 жылы электр энергиясын өндіру саласында жаңартылатын энергия көзінің үлесін 10 пайызға дейін арттыру. Қазақстанның жел энер­гиясын өндірудің әлеуеті жылына 920 миллиард кВт-ны құрайды. Бұл – Қазақстандағы электр энергиясын өндірудің жылдық көлемінен 9 есе жоғары. Бізде жаңғыртылатын энергетика саласындағы жақсы стандарттар бар. Инвесторларға инфляция қарқынын және айырбастау бағамын ескере отырып, 15 жыл бойы қолдау көрсетуге әзірміз», деді Қ.Тоқаев.

Сондай-ақ іскерлік және ин­вес­­тициялық ахуалды жақсарту үшін маңызды қадамдар жасалып жатқанын мәлімдеді. Соның нәти­жесінде, Дүниежүзілік банк­тің және Doing Business рей­тин­гін­де Қазақстан 25-орын­да тұр. Дөң­ге­лек үстел бары­сын­да ЭЫДҰ ел­дері дең­гейіне же­ту үшін заңдар мен нор­мат­ив­­тік акті­лердің стандарттарын же­тілдіру бойынша жұмыс жүр­гізі­летініне тоқталды.

Сөз соңында Қ.Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің кәсіпкерлерін елордада салынып жатқан Әбу-Даби Плаза ғимаратының ашылу салтанатына шақырып, биыл Дубайда өтетін ЭКСПО-2020 көрмесіне сәттілік тіледі.

Бұдан кейін дөңгелек үстелге қатысу­шылар сөз сөйлеп, пікір­лерін білдірді. Әмірліктер тарапы­нан  Abu Dhabi Global Market ком­паниясының төрағасы Ах­мед Әли әл Сайих сөз бастап, Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ыстық ықыла­сын білдіріп, инвестиция тарту­дағы қарымын жоғары бағалады. Өз кезегінде LuLu group компа­ния­сының негізін қалаушы Юсуф Әли екі ел арасындағы ынты­мақ­тастықтың нығайып келе жат­қанын айта келіп, көптеген салада әріптестік орнатуға мүмкіндік мол деп баға берді.

Дөңгелек үстелдің негізгі бөлігі аяқталған соң жиынға қатысушы кәсіп­керлер Қазақстанға қатыс­ты жос­парларымен бөлісіп, Пре­зидентке көкейлерін­дегі сұрақ­тарын қойды.

Іс-шара аяқталған соң Қ.Тоқаев «Уахат әл-Карама» мемориалына гүл шоқтарын қойды. Бұдан кейін шейх Заид мешітіне барып, Құран оқытып, Құрметті қонақтар кітабына естелік тілегін қалдырды.

2

 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan» – Әбу-Дабиден (Біріккен Араб Әмірліктері)