Мәселені бұлайша төндіре айтуымыздың себебі, Елек өзені алты валентті хроммен ластанған. Бұл үдерістің басталғанына алпыс жылдан асып кеткенін ескерсек, төбе шашыңыз тік тұрады. Сонау 1957 жылы Ақтөбе хром қосындылары зауыты (АХҚЗ) ашылған кезден бастап Електің бағы тая бастады деуге әбден болады. Өйткені дәл сол кезден АХҚЗ-ның өндірістік қалдықтарынан бөлінетін технологиялық ерітінділер Елекке төгіліп, соның салдарынан жерасты сулары ластана бастады. Бұған қоқым тоғандарындағы ағынды сулар да қосылған. Сол жылдарда тоғанның сүзгілеу қабатының жоқтығы жағдайды одан әрі шиеленістіре түскен сыңайлы.
Ал осы тамаша табиғат сыйының бүгінгі жай-күйі қандай деген мәселеге келсек, өзгерген дүние шамалы. Дана Абайдың сөзімен айтқанда «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалып келеді. Өзен суының басты ластаушысы – сол баяғы АХҚЗ. Мұндай кәсіпорында табиғатты қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары болуы керек. Зауытта мұндай құжат бар болып шықты. Оған да шүкір. Соған сәйкес өндіріс орны жыл сайын өзен суын тазалауға қаражат бөліп, тиісті жұмыс атқарып жүргенге ұқсайды.
Соның ішінде алты валентті хроммен ластанған жерасты суларын оқшаулау бекетінің құрылуы көңілге аз да болса сенім ұялатады. Осы бекеттің көмегі арқылы 2017 жылы өзендегі зиянды заттарды шығару жұмыстары қолға алынған. Сөйтіп бұл кезде 20 тонна алты валентті хром оқшауланған. Ал келесі жылы 19,37 тонна алты валентті хром тазартылған. Бір қарағанда, аталған дерек тым қомақты сияқты көрінгенімен, атқарылған жұмыстар алдын ала белгіленген 50 мың тонна көлеміндегі жоспардың тең жартысына да жетпей қалғанын аңғару қиын емес. Оның үстіне АХҚЗ жыл сайын өзенді зиянды заттардан тазалау мөлшерін көтерудің орнына керісінше кемітіп жіберген. Әрине атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Елек өзеніндегі ластану ошағының көлемі азайғанын жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, бұл жұмыстар теңіздің тамшысындай ғана екенін ескерсек, оны қанағат тұтудың өзі қиын.
Экологиялық кодекстің 145-бабының 2-тармағына сәйкес қоршаған ортаның жай-күйіне ұдайы мониторингтік зерттеулер жүргізіп отыру тәртібі қарастырылған. Аталған қызмет мемлекеттік монополияға жатады. Оны Үкімет шешімі бойынша құрылған шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК, яғни ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің басты үйлестірушісі «Қазгидромет» жүзеге асырады. Осы тәсіл бойынша Елек өзеніне де ай сайын бақылау жұмыстары жүргізіліп жүр. Осы орайда оқырмандарды «Қазгидрометте» жинақталған мәліметпен таныстыра кеткеннің артықшылығы жоқ.
Яғни, Елек өзенінің хроммен жоғары деңгейде ластану дерегі 2015 жылдың ақпан айында тіркелген. Бұл кезде оның мөлшері рұқсат етілген шекті шоғырланудан 10 есеге асып түсті. Сонымен бірге бақылауға сәйкес 2018 жылдың желтоқсан айынан бастап Елек өзенінде алты валентті хром концентрациясының тағы да өсу көрінісі тіркелген. Бұл арада көңілге медеу тұтатын бір-ақ нәрсе бар. Сол уақыттан бері Елек өзеніне сарқынды суларды заңсыз ағызу деректері тіркелген жоқ. Мұның өзі қосымша ластану ошағы пайда бола қойған жоқ деген ұғыммен пара-пар.
– Елек өзенінде алты валенттік хром мөлшері бірде азайып, бірде ұлғайып кетуі үдерісін табиғаттағы әртүрлі өзгерістермен байланыстыра қарауға болады. Ауа райының қолайсыздығы, ылғал мен жауын-шашынның аз түсуі, жаз кезінде жерүсті суларының тартылуы зиянды заттардың бой көтеруінің басты себепшісі. Соңғы бір-екі жылдың аралығындағы құрғақшылық осы теріс көріністің бой көтеруіне әкеліп отыр, – деді Ақтөбе облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұлов.
Ол экология департаменті тарапынан Елек өзеніне ай сайын бақылау жүргізілетінін айтады. Өз кезегінде бақылаулардың қорытындысы бойынша жинақталған деректер мен өзге де атқарылған іс-шаралар Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне жолданады. Қысқасы, өңірдегі атқарушы органдар мен экология департаменті өз құзыреттері мен мүмкіндіктері шеңберінде Елек өзенін құтқару жөнінде біраз істі атқарып келді. Соған қарамастан, Елек өзенін алты валентті хромнан тазарту жөніндегі проблема толық шешімін тапты деп айтуға әлі ерте.
Мәселен, Елек өзенінен су алуды тоқтату және су қорының мөлшерін белгілеу жөніндегі мәселе күрделі күйінде қалып отыр. Осы арада тағы бір айта кетерлік жайт, өзеннің хроммен бүлінуіне Ақтөбе ферроқорытпа зауыты да сүбелі үлес қосып отыр. Ендеше, осы қуатты кәсіпорын АХҚЗ-ның тәжірибесі негізінде ластанған жерасты суларын тартып шығарып, содан кейін оны тазартып өндірістік қажеттіліктерге жаратса, тиімді болар еді демекпіз. Мұндай сипаттағы жұмыстар соңғы рет сегіз жыл бұрын, яғни 2012 жылы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі тарапынан жүргізіліпті. Мұның алдында белгіленген тәртіпке сәйкес, мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс өткізілген. Аталған жобаға сәйкес жұмыстарды осы конкурста ұтып шыққан «Геотерм» өндірістік кооперативі ЖШС атқарған. Соның нәтижесінде жерасты суларында хром мөлшері белгілі бір деңгейде азайған. Әйтсе де арада екі жыл өткен соң Елек өзенін тазалау жұмыстары пышақ кескендей тыйылып, тоқтап қалғаны өкінішті-ақ.
Алты валентті хромның қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсері қандай? Бұл улы, уытты әрі канцерогенді элемент. Соның ішінде алты валентті хром әртүрлі созылмалы дерттердің күшеюіне, тамақ-мұрын қуыстарының бітелуіне, аллергиялық аурулардың асқынуына, ең қауіптісі, адам ағзасының бойында өкпе рагы таяқшаларының пайда болуына әсерін тигізеді.
Бүгінгі ахуалдың алаңдатарлық тұстары да дәл осы арада. Елек Жайыққа құятынын ескерсек, бұл мәселеден Жайықтың бойын жайлаған қалың ел де айналып өте алмайтыны айдан анық. Мемлекетіміздің басты байлығы адамдар, ұлттың денсаулығы екені белгілі. Осы тұрғыдан келгенде Елек өзенінде қалыптасқан күрделі экологиялық проблема оң шешімін табар деген үміттеміз.
АҚТӨБЕ