Руханият • 30 Қаңтар, 2020

Қазіргі заманғы қазақ әдебиеті 6 тілге аударылады

663 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын жүзеге асыру мақсатында атқарылған жұмыстардың бірі - қазақ тіліндегі антологияларды БҰҰ тілдерінде басып шығару қолға алынады. Бұл туралы Премьер-Министрдің ресми ақпараттық сайтында жазылған.

Қазіргі заманғы қазақ әдебиеті 6 тілге аударылады

Жоба шеңберінде қазіргі заманғы қазақ әдебиетін Біріккен Ұлттар Ұйымында қабылданған 6 тілге аудару көзделген. Аударылған шығармалар заманауи қазақ әдебиеті прозасының антологиясы мен заманауи қазақ әдебиеті поэзиясының антологиясына енгізіледі, бұл антологияларды да БҰҰ тілдерінде басып шығару қолға алынады.

Поэзия және проза жанры бойынша 30 қазақстандық автордың қазіргі заманғы 290 шығармасы ағылшын, француз, испан және орыс тілдеріне аударылды. 

2019 жылы Лондон қаласында «Заманауи қазақ әдебиеті прозасының антологиясы» мен «Заманауи қазақ әдебиеті поэзиясы антологиясын» таныстыру шаралары өтті.  Қазақ әдебиетінің жауһарларының жинақтары ағылшын тілінде 100 052 данамен жарық көріп, әлемнің 94 еліне таратылды.

Шетелдерде «Рухани жаңғыру» бағдарламасына арналған 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды:

- кітап, фото және өнер туындыларының көрмесі;

- Қазақстанның тарихы мен мәдениеті туралы фильмдер көрсетілімі;

- қазақстандық шығармашылық ұжымдардың концерті;

- дөңгелек үстелдер, ғылыми-практикалық конференциялар.

Бұдан өзге, шетелдік БАҚ-та 100-ге жуық мақала жарық көрді. 

Шетелдерде қазақ әдебиетінің  танымалдығын арттыру мақсатында сол елдердегі Қазақстанның ресми мекемелері қазақстандық жазушылардың туындыларын шет тілдеріне аудару және басып шығару бойынша жұмыстар жүргізуде. Қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінің парсы, малай, поляк, голланд және португал тілдеріндегі жинақтары дайындалды.

Анкара қаласында Халықаралық түркі академиясы басып шығарған «Түркі интеграциясының архитекторы» кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шара түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру жөніндегі Нахчыван келісімінің 10 жылдығына орайластырылды. Жинаққа Түркі кеңесі мемлекеттері басшыларының, сондай-ақ шетелдік ғылыми және мәдени қайраткерлердің мақалалары енді. Сонымен бірге профессор Г. В. Канның «Қазақстан тарихы» атты кітабы қытай тіліне аударылды.

Мәскеудегі «Современник» драма театрында қазақстандық драматург Р. Мұқанованың ақиық ақын Ф. Оңғарсыноваға арналған «Фариза» спектаклінің премьерасы өтті. 

Канадада, Иорданияда, Швецияда, Румынияда, Франция және Беларусьте қазақстандық кино фестивальдері өткізілді. Шетелдік көрермендерге отандық режиссерлердің «Қазақ хандығы. Алмас қылыш», «Көшбасшы жолы. Жұлдыздар тоғысқанда», «Әміре», «Әруақ», «Талан», «Анаға апарар жол» және т.б. фильмдері көрсетілді. «Азиатика» (Рим қаласы, Италия) және «DORF» (Винковци қаласы, Хорватия) халықаралық кинофестивальдері аясында да Қазақстан фильмдерінің жеке көрсетілімдері өтті. Ал Нью-Дели қаласында шығыстың әйгілі ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналған әл-Фараби үйі ашылды.

Қазақстан халықаралық деңгейдегі түрлі кітап, өнер және археологиялық көрмелерге қатысты. Қытай ұлттық музейінде өткен «Жібек жолы бойындағы елдер ұлттық мұражайларының қазыналары» көрмесі аясындағы «Алтын адам» жәдігерлер көрмесінде, Литвада өткен «Qazaq brands showroom» қазақстандық әйелдер киімдерінің көрмесінде көпшілік назарына қазақ тарихы мен өнерінің теңдессіз қазынасы ұсынылды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан мәдениетін шетелде ілгерілету мақсатында шетелдік БАҚ өкілдеріне арналған мәдени баспасөз турлары өткізілді. Мәселен, өткен жылы 4-6 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өткен Азия елдері қаламгерлерінің Бірінші форумына арналған баспасөз турына әлемнің 13 елінен журналистер қатысты.  Олар сонымен қатар Қазақстан астанасының бірқатар мәдени-тарихи және туристік нысандарын аралады. Шетелдік журналистерге танымал азиялық авторлар Ко Ын (Оңтүстік Корея), Моза аль-Малки (Қатар), Мэнд-Ооёо (Моңғолия), Амар Митра (Үндістан), Анар Расул Рзаев (Әзербайжан), Ұлықбек Есдәулет, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов және т.б. жеке кездесулер мен сұхбаттар ұйымдастырылды. Шара қорытындысы бойынша шетелдік БАҚ беттерінде 40-қа жуық мақала жарық көрді.

М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Будапешт қаласында  өткен «Имре Мадач атындағы VI халықаралық театрлар кездесуі» фестивалінде Иран Ғайыптың «Қорқыттың көрі» қойылымын көрсетті. Сонымен қатар театр «Түркі мәдениеті: түркі мәдениетіндегі Қорқыт мұрасы» тақырыбында өткен ғылыми конференцияға қатысып, іс-шара қорытындысы бойынша АҚШ қалаларына гастрольдік сапарға шақырту алды. 

Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі 85 жылдық мерейтойы аясында гастрольдік сапармен Ресейдің Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларына  барды. Ал Римдегі Teatro dell’Opera di Roma сахнасында «Астана Опера» опера және балет театры А. Хачатурянның аңызға айналған «Спартак» балетін көрермендер назарына ұсынды. Сонымен қатар Абайдың 175 жылдығына орай «Абай» операсы шетелдерге гастрольдік сапарлардың репертуарына енгізілді. Рим қаласында Н. Тілендиев атындағы «Отырар сазы» Академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің концерті өтті. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының гастролі Лондон қаласындағы әлемнің ең беделді опералық сахналарының бірі - Колизей театрында өтті. 

Венгрияның Сазхаломбатта қаласындағы Матрика музейінде ҚР Орталық мемлекеттік музейінің «Ұлы даланың тарихи-мәдени келбеті» атты халықаралық жылжымалы көрмесі өтті. Шарада музей қорындағы ерте көшпелілер кезеңінің мәдениетін көрсететін археологиялық артефактілер, Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» ғылыми реконструкциясы, сондай-ақ дәстүрлі қазақ мәдениетіне қатысты этнографиялық құндылықтар көпшілік көзайымына ұсынылды.

ҚР Ұлттық музейі Афины қаласындағы Эпиграфиялық музейде «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесін ашты. Көрмеге Ұлттық музейдің ең құнды жәдігері - «Алтын адам» қойылды.