Аймақтар • 31 Қаңтар, 2020

Жарқын жобалар

175 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысында биылғы Волонтер жылына арналған жобалар мен іс-шаралардың тұсау кесу рәсімі өткізілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған жыл аясында «Біргеміз» атты тұжырымдаманы бекіткені белгілі. Оны осы кезеңде атқарылатын жан-жақты жұмыстардың басты темірқазығы десе де болады.

Жарқын жобалар

Тұжырымдама негізінде жеті бағыт бойынша жалпы ұлттық жобалар жүзеге асы­рылмақ. Ақтөбе облыстық жас­­тар саясаты мәселелері бас­­қармасының басшысы Мей­рамбек Махамбетов осы­ған орай өңірде «Білім», «Сабақ­тастық», «Таза Қазақстан», «Асыл мұрат», «Қамқор» және «Үміт» атты бағыттарға ба­сымдық берілгенін айтып берді. Оның мәлімдеуінше, бұл ерік­тілер қозғалысын аймақта ке­ңінен өрістетудің басты бір жолы болмақ.

Қазіргі кезде облыста құра­мында 1500-ден астам мүшесі бар 36 волонтерлер тобы қызмет жасайды. Олардың 17-сі Ақтөбе қаласында белсенді іс-қимыл танытып жүрсе, 17-сі облыс аудандарында сабақтастықтың жә­не жаңашылдық пен жасам­паздықтың үлгісін көрсетуде. Бұл ретте Ақтөбе аймағында ресми түрде тіркелген волонтерлер топтары біраз жылдар­дан бері өз жұмыстарын тұ­рақты түрде жүргізіп келеді. Олардың алға қойған басты мақсаты мұқтаж жандарға рухани тұрғыдан және қоғамдық қабылдау тұрғысынан қажетті көмектер беру болып отыр.

Осы орайда әрбір волон­терлік топтың өздеріне тән іс-қимыл ерекшелігі бар екені, оларды дараламай, ке­рі­сінше бірін-бірі байытып, толықтырып жүргені де сү­йінішті жайт. Айталық, ал­ғашқы топ көмекті қажет ететін жалғызілікті жандар мен мүмкіндігі шектеулі аза­маттардың жандарында жүрсе, екіншісі қариялар мен аналар үйлеріне жиі барып, олармен тығыз қарым-қатынас орнатуды басты міндетіміз деп біледі.

Облыста медициналық көмек көрсетуге бағыт ұста­ған волонтерлер топтары да жасақталған. Сондай-ақ сонау кеңестік кезеңде қалып­тасқан «Қызыл Жарты Ай» қоғамы өз жұмыстарын бү­гінгі қазақстандық қоғам мүд­десіне бейімдей білгені де сүйсіндірмей қоймайды. Айталық, қазіргі кезде жастар мен студенттердің арасында ре­продуктивтік денсаулығы нашар қоғам мүшелері жиі кездесіп қалып жүргені белгілі. Егер бас көтере бастаған бұл дерттің алды алынбаса, ертең оның аяғы үлкен өкінішке апарып соқтырмасына ешкім кепілдік бере алмайды.

Отбасын құрған ерлі-за­йып­тылардың репродуктивтік денсаулықтары төмендігінен ұрпақ сүйе алмауы – бақыт­сыздықтың бір көрінісі емес пе? Бұл бағытта «Репродуктивті денсаулық» және «Алғашқы медициналық көмек» атты кәсіби дәрігерлерден құралған волонтерлер тобы өздеріне жолыққан жандарға жан жылуы мен шипа жылуын қоса беруге қашан да әзір. Өңірдегі во­лонтерлер армиясының та­ғы бір өкілі экологиялық ба­ғытта туындаған мәселелерді шешуге қатысты өз үндерін айқын жеткізуде. Сондай-ақ «Зерде» деген атауға ие волонтерлік топ іс-түссіз жо­ғалып кеткен адамдардың де­­ректерін іздестіріп табуға қатысты жоспар жасап, алға қойған мақсаттарына қол жет­кізуді көздейді. Бұл тұр­ғы­да олар өз жұмыстарын тө­тенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік құрылымдармен және құқық қорғау органдармен қоян-қолтық қызмет жасауға бекем бел буған.

Биылғы Волонтер жылында Ақтөбе аймағындағы волонтерлер алға қойған ой-жоспарлар мен жобалар ертеңгі күннің тын­дырылған нақты ісіне айналса игі.

 

АҚТӨБЕ

 

Соңғы жаңалықтар