Жиында Қазақстанның «Ақылды» технологияларды енгізу саласындағы жетістіктері, Big Data-ны тиімді қолдану перспективалары және жасанды интеллект саласын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Кеңес сарапшылары жасанды интеллектті дамыту – уақыт талабы деген ұстаныммен осы бағыттағы жұмысты мемлекеттік және жеке сектор бірлесе отырып, киберқауіпсіздікке ерекше назар аударуы тиіс деген ортақ пікірге келді. Отырыс қорытындысында осы және басқа да бірқатар нақты ұсыныстар бір құжатпен рәсімделді.
«Халықаралық сарапшылар кеңесінің жұмысы біз үшін өте маңызды. Осы Кеңес жұмысының барысында айтылған бастамалардың бірқатарын жүзеге асырдық және бүгінгі күні бұл жобалар бізге елімізде цифрландыруды белсенді түрде ілгерілетуге көмектеседі. Осы жолы да, Сіздердің тараптарыңыздан айтылған ұсыныстардың барлығын мұқият сараптап, басым бөлігін іске асыратынымызға сенімдімін», деп атап өтті Асқар Жұмағалиев.
Бұл Кеңестің тоғызыншы отырысы және Қазақстанда жүзеге асырылған көптеген цифрлық шешімдер осы ХСК отырыстарында ұсынылғанын айтып өту керек. Мысалы, "Smart Data Ukimet", "Smart Bridge", проактивті қызметтерді енгізу, бала тууы бойынша және т.б. қызметтер мен жобалар.
Дәл осы күні Асқар Жұмағалиев бірқатар екіжақты келіссөздер жүргізді, оның ішінде Ұлыбританияның Мемлекеттік цифрлық қызметінің директоры (GDS) – Крис Фергюсонмен және «Amazon Web Services» үкіметті трансформациялау жөніндегі директоры Л. Максвеллмен кездесулер өткізді. Тараптар бірлескен жаңа "ақылды" жобаларды құру, цифрлық экономика үшін білікті кадрлар даярлау және электрондық үкіметті одан әрі дамыту мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады.