«Осыдан бір айдай уақыт бұрын біз өздеріңізбен кездескен едік. Тұрғындар ауданды дамытуға қатысты маңызды сұрақ-сауалдарын ортаға салған болатын. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент қаланы дамыту жөнінде және өмір сапасын жақсарту бойынша бірқатар тапсырма берді. Әсіресе елді мекендер мен жеке секторларды дамытуға, әлеуметтік, тұрғын үй, көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз етуге баса маңыз берді. Мәселен айта кетер болсақ, былтырғы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 8 ескі үйдің тұрғындары яғни 90-нан астам отбасы жаңа пәтерге көшті. Мұнай базасына жақын орналасқан 39-шы разъезд тұрғындарының барлығына дерлігін жаңа үйге көшірдік. Әлбетте, бұл жұмыстардың барлығы алдағы уақытта жалғасын табады», деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.
Байқоңыр ауданының тұрғындары сондай-ақ ұзаққа созылған үлесті құрылысты да көтерді. Елорда әкімі үлесті құрылыстың ұзаққа созылуының негізгі мәселелері – құрылыс салушылар мен үлескерлер арасындағы сот ісі дау-дамайлары, жобалық-сметалық құжаттар мен сараптаманың, қаржылық және техникалық аудиттің жоқтығы екенін атап көрсетті.
«Бүгінгі таңда елордада 12,5 мыңнан астам үлескер бар, яғни жиынтығы 42 объекті. Біз шынайы көріністі өз көзімізбен көру үшін әріптестерімізбен бірге әр объектіге барып араладық. Проблема өте көп. Кей жерде тек шұңқыр ғана, кейбірі бір пәтерді біренеше рет сатқан, техникалық қабаттар мен тұрақтар пәтер ретінде сатылған. Осыған қарамастан біз қарқынды түрде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Әрбір аяқталмаған үлесті құрылыс бойынша кезең-кезеңімен іс-шаралар жоспары жасалынды. 2019 жылы 10 тұрғын үй кешенін (11 үй) пайдалануға бердік. Осылайша 2,5 мыңнан астам үлескер өз құжаттарын рәсімдеп, өз пәтерлеріне кірді», деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.
Сонымен қатар аудан тұрғындары көшені жарықтандыру, жылы аялдамалар салу, ішкіквартал аралық көшелерді қардан тазарту, аулаларды абаттандыру сынды мәселелерді шешуді сұрады. Байқоңыр ауданының әкімі Нұрбол Нұрсағатовтың айтуынша білім объектілері бойынша мәселелер бар, 2020 жылы Байқоңыр ауданының С. Сейфуллин – Сырдария көшесінде бір мектептің құрылысы және қолданыстағы білім ордасының аумағында 3 корпустың құрылысы басталмақ» делінген хабарламада.