Таяуда Алматыда биылғы жылдың үлесіндегі тағылымды әрі тарихи белестердің бірі – өркениеттің ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы зиялы қауымның, отыздан астам шетелдік делегацияның қатысуымен салтанатты жағдайда басталды. Бұл – Ұлы даладан шыққан ұлағатты тұлғаның құрметіне жыл бойы жасалатын ізгілікті істер мен игілікті рухани шаралардың бастауы ғана.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында әйгілі ғұлама ғалымның тұлғасы мен мұрасына лайықты баға бергенін жақсы білесіздер.
Иә, әл-Фараби – қазақ халқының ғана емес, бүкіл әлемдік өркениеттің рухани игілігі, ислам және әлем философиясының жарық жұлдызы. Ол әлемді тануға және бүкіл адамзаттың рухани дамуына теңдессіз үлес қосты. Сондықтан осы айтулы мерейтой биыл ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесі аясында халықаралық ауқымда аталып өтеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен жүзеге асқан ЮНЕСКО-ның бұл шешімі «ғаламның Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған» кемеңгер тұлғаның тәуелсіз Қазақстанның, қазақ халқының ерекше үлесінде болуын орнықтыра түсетін тарихи сәт екенін оқырмандар жақсы түсінеді деп ойлаймын.
Мерейтойды мерекелеудің басты мақсаты – әл-Фараби мұрасын зерделеуге жаңа серпін беру, әлем тарихындағы оның рөлін айқындап, есімін ұлттық бренд ретінде ұлықтау.
Әл-Фарабидің ғылыми мұрасы – бүкіл әлемдік ғылым дамуының тарихи іргетасы және бастау көзі. Ұлы ойшылдың 160-тан астам трактатта көрініс тапқан шығармашылығы ғылымның негізгі бағыттарын дамытуға ықпал етті. Ол математика, филология, химия, биология, астрономия, философия, медицина, логика, әлеуметтану, саясаттану, құқықтану, этика және басқа да салаларға өлшеусіз үлес қосты.
Әл-Фарабидің шығармашылық болмысы Шығыс пен Батыс өркениетін байланыстыратын рухани алтын көпірге айналды. Көрнекті ойшыл-гуманист ретінде ол өз шығармашылығы арқылы антика және ислам әлемін біріктіре алды. Оның трактаттары Ренессанс дәуірінде Еуропадағы ғылымның дамуына және дүниетанымның қалыптасуына тікелей әсер етті.
Ғұлама ғалым кезінде жауап беруге тырысқан – бақыт туралы, адамның жетілуі туралы сұрақтар қазіргі заманғы адам мен қоғам үшін де аса өзекті. Оның дүниетанымы, адамзат өркениетіне көзқарасы жер бетіндегі барлық адамдарға бірдей түсінікті әрі тартымды.
Өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайындағы трактатында» ол мейірімді адамдар тұратын шаһардың моделін жасады. Әл-Мәдина әл-Фадила – әрбір тұрғыны бақытқа қол жеткізуге ұмтылған ізгі жандардың кемелденген қоғамы. Оның пікірінше, білім мен ізгілік ажырамас бірлікте болуы керек. Кемеңгер ұстаз «...тек халықтардың бірігуі және өзара көмегі арқылы ғана бақытқа жетуге болады...», – дейді.
Әл-Фарабидің «қайырымды қоғам» туралы ілімі бүкіл адамзат үшін маңызды. Ол ұсынған өркениеттер арасындағы диалог пен әріптестік қағидалары негізінде түсіністікке келуге болады.
Үкіметтің, ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ және ИСЕСКО халықаралық ұйымдарының қолдауымен түрлі елдер ғалымдары биыл 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында, әл-Фарабидің отаны – Түркістан облысында және Парижде өтетін ірі халықаралық конференцияларда бас қосып, ұлы ойшылдың мұрасы жөнінде ой бөліседі.
Ғылыми-сараптамалық іс-шаралар сондай-ақ Түркия, Иордания, Италия, Қытай, Мысыр, Болгария және басқа да елдерде өтеді.
Бүгінде әлемнің жетекші университеттерінде 12 орталық, ал Ыстанбұл мен Делиде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ашқан мұражай-үйлер бар.
Келешекте Конфуций институттары немесе Гете институттарының ғаламдық желілері секілді әл-Фараби орталықтары да кеңейе бермек.
Жақын арада «Әл-Фараби ізімен» атты ғылыми экспедиция жұмысын бастайды. Барлық іс-шаралар ғылымға және білімнің дамуына лайықты ықпал етеді деп сенеміз.
Әл-Фарабидің қызметі әлемдік ғылымның дамуындағы тарихи іргетас болып саналады. Сондықтан әл-Фараби жылында ғылым мен жоғары технологиялар жүйесіне ерекше мән беріледі. Тек қана конференциялар мен ғылыми дөңгелек үстелдер өткізумен шектелмей, жаңа инновациялық жобаларды жүзеге асыруға басымдық беріледі.
Атап айтқанда, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әлемдік талаптарға сай әл-Фараби ғылыми-технологиялық алқабы құрылады. Ислам ынтымақтастығы ұйымының қолдауымен жүзеге асатын бұл жоба озық технологиялар мен инновацияларды дамыту орталығына айналады деп жоспарланып отыр.
Бұйырса, әл-Фарабидің қайырымды қоғам туралы идеяларына негізделген жаңа жоба жүзеге асатын болады. Бұл бастама, әсіресе жастардың рухани-адамгершілік қасиетін қалыптастыруға бағытталған.
Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы – Қазақстанның тарихы мен бай мәдениетінің аса маңызды және ажырамас бөлігі. Оның мұрасы арқылы біз түркі халықтарының рухани тамырластығы мен жақындығын, тарихы мен мәдениетінің ортақтығын, мәдени мұраның әлеуетін терең түсінеміз.
Түркі тілінде жазылған Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Ясауи, әл-Қашқари, Сүлеймен Бақырғани, Ахмет Үгінеки еңбектерінде ұлы Отырар ойшылының гуманистік идеяларының белгілері байқалады. Оның идеялары қазақ даласының ұлы ұстаздары – Абай мен Шәкәрімнің ұстанымын қалыптастырды.
Әл-Фарабидің кіші отаны – Отырар Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның киелі мекені. Бүгінде облыс орталығы мәртебесіне ие болған Түркістан аймағы күллі түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамып келеді. 1150 жылдықты мерекелеу аясында Түркістан облысында әл-Фараби мұрасын қайта жаңғырту және Отырар қаласын туристік кластер ретінде қайта қалпына келтіруге арналған іс-шаралар жүзеге асатын болады.
Сирияның Дамаск қаласындағы әл-Фараби мәдени-тарихи орталығы мен музей-үйін жетілдіру мәселесі қолға алынады. Сол орталықтың негізінде тәуелсіз Қазақстанның Бас Консулдығы мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы құрылатын болады. Филиалдың қызметі – әлемдік қауымдастықта еліміздің мүддесін алға қойып, беделін арттыруға көмек көрсету.
Сонау ХІІ-ХІІІ ғасырларда әл-Фараби шығармалары латынға – ғылым тіліне аударылды. Бүгінде әл-Фарабидің өлмес мұрасы қалың көпшілікке кеңінен қолжетімді болып, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбиесіне ықпал етуі өте маңызды деп есептейміз.
Мерейтой аясында дана ойшылдың еңбектерін аудару, әл-Фараби энциклопедиясын шығару, ғұлама ғалым туралы деректі фильм және өмірбаяндық сериал түсіру, театрларда Ш.Құсайыновтың «Әл-Фараби» тарихи драмасын қою, тағы да басқа шаралар қарастырылған.
Әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу барысында мынадай міндеттерді жүзеге асыру керек деп санаймыз:
Біріншіден, ұлы ойшылдың идеялары мен қағидаттарының теориялық негіздерін жаңа заманға сай пайдалану керек.
Екіншіден, ғұлама ғалымның мұрасын өзекті ғылыми-зерттеулерде және инновациялық білім беру үдерістерінде кеңінен қолдану керек.
Үшіншіден, әл-Фараби идеалдарының негізінде жаңа үлгідегі мемлекеттік ұстанымдарды зерделеген жөн.
Төртіншіден, әл-Фарабидің мерейтойы заманауи білім жүйесінің, ғылым мен инновацияның дамуына және халықаралық ынтымақтастыққа қуатты серпін береді деп сенеміз!
Қырымбек КӨШЕРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы
Редакциядан: Осы тақырыпқа орай, әл-Фарабиді алғаш зерттеп, еліміздегі фарабитанудың негізін қалаған ғалым, марқұм Ақжан Машанидің де пікірлерін ұсынуды жөн көрдік.
* * *
Егерде бізге осы XX ғасырда, әл-Фарабиге ең жақын, рухани сабақтас адам бар ма десе, алдымен ол Абай дер едік. Әл-Фараби мен Абай арасын жақындастыру, оларды үндестіру – біздің халқымыздың мыңжылдық мәдени-рухани дүниесін тірілту деген сөз. Демек, бұл зор мақсатты халықтық іс деп білу керек.
* * *
Әл-Фараби ғылым мен өнердің барлық саласында өшпес із калдырған. Әл-Фарабидің қайырлы жаңбырынан нәр алмаған бау-бақша жоқ. Қалың орман да, кең дала да, тау-тас та, аспандағы жұлдыз да, жердегі құндыз да нәр алған. Солардың бәрі әл-Фараби музыкасына косылып ғаламның гармония мақамын жырлайды.
Ақжан МАШАНИ
Лебіздер легі
Ұстаздың даналығы әлі де өзекті
1150 жылдық мерейтойдың ЮНЕСКО-ның жаһандық атаулы күндер тізіміне енгізілуі 2020 жылға сәйкес келу оқиғасына дүниежүзі зор мән береді.
Мерекені дайындау ұйымның популиризациясы арқылы халықтарды жақындастыру, әлемдік мәдениет, ғылым және білімді дамыту міндетіне сәйкес келеді.
Ұлы ұстаздың даналығы бүгінгі таңда да өзекті және үлкен мәнге ие болып отыр. Ғалымның трактаттарын түсіну белгілі бір деңгейді, ішкі дайындық пен сананы қажет етеді.
Әл-Фарабидің жаңа орталығын құру және оның жұмысы БҰҰ мен ЮНЕСКО үшін үлкен маңызға ие.
Әл-Фарабидің дүниетанымы мен мұрасы Тұрақты Даму саласындағы жаңа күн тәртібімен, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның бағдарламаларымен және мақсаттарымен үндес. Сондықтан да орталық Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда да мәдениаралық диалогты дамытатын Юнеско-ның белсенді серіктесіне айналуы мүмкін.
Орталықтың қызметі ЮНЕСКО-ның жастар арасында ғылымды ілгерілетуге, тұрақты дамуды жетілдіруге қажет білім мен дағдыларды ынталандыруға, сондай-ақ әлем мәдениетін дамытуда және зорлық-зомбылыққа қарсы іс-әрекет етуде, мәдени әртүрлілік құндылықтарын тануда көмек бере алады.
Криста ПИККАТ (Ms. Krista PIKKAT),
ЮНЕСКО-ның Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша кластерлік бюросының директоры
Өркениет дамуына өз үлесін қосты
Қазақстанның Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев мырзаның мәдени орталықтар құру туралы бастамалары мен Дамаскіде 2012 жылы Қазақстан салған әл-Фараби атындағы мәдени орталықты қалпына келтіру туралы шешімін жоғары бағалаймын.
Көрнекті ғалым-философ Әбу Насыр әл-Фарабидің бүкіләлемдік ғылым, медицина, физика, метафизика, логика, саясат, музыка салаларын дамытуға қосқан орасан зор үлесін, оның мұрасының бүкіл әлем өркениетіне қосқан үлесін еске түсіретін болсақ, оның шығармаларына қатысты біз әлі де ортағасырлық каталогтарда аталған заттардың жартысынан азын ғана тапқанымызды атап өткен жөн.
Тарих бойында мұсылман ғалымдар мен зерттеушілер, соның ішінде әл-Фараби әртүрлі ғылыми пәндерге арналған ондаған, тіпті жүздеген мың қолжазба арқылы, сондай-ақ сансыз ашылған жаңалықтар, өнертабыстар мен инновациялар арқылы адамзат өркениетінің дамуына өз үлесін қосты.
Біз ИКҰ-да әл-Фарабидің бай ғылыми және энциклопедиялық мұрасын тек жастар арасында ғана емес, сонымен қатар әлемнің басқа елдерінде кеңінен таратудың маңыздылығын жоғары бағалаймыз және мойындаймыз.
Йосеф бин Ахмад әл-ОСЕЙмин,
Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ) Бас хатшысы
Ортақ құндылықтарымыздың қайнары
870 жылы қазіргі Қазақстанның аумағындағы Отырар қаласында «Адамзаттың екінші ұстазы» және «Шығыстың Аристотелі» деген атпен белгілі Әбу Насыр Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Турки деген ұлы ғалым, энциклопедист, Ислам пәлсапасының алдыңғы қатардағы қайраткері туған.
Ұлы ғалым – Батыс пен Шығыс арасында ғылыми әрі рухани бір көпір. Ол бір ұлы мәдениеттің пәлсапашысы. Біз мемлекеттер арасында туындап жатқан проблемаларды шешуде әл-Фарабидің көзқарасы мен ойларына мұқтажбыз. Әл-Фараби – Түркі әлемі үшін өте маңызды білім қайраткері болуымен қатар біздің ортақ құндылықтарымыздың ішіндегі де қадірі ерекше бір есім. Өмір сүрген аймақтарына қарайтын болсақ, ұлы ғалымның әлем картасындағы маңызы ерекше жағырафияда аса беделді болғанын байқауға болады.
Әл-Фарабидің Ыстанбұлда мұражай-үйінің және Ыстанбұл университетінің құрамында Фараби зерттеулері орталығының ашылуы екі елдің интеграциясы үшін ерекше маңызды. Сол себепті де 2020 Фараби жылында біз Түркия Республикасының ресми өкілдері ретінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен тізе қоса отырып, Ыстанбұл мен Анкарада түрлі іс-шараларды жасауды жоспарлаудамыз.
Метин Гүндоуду,
Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты
Данышпан мерейтойын өткізу – құрмет
Біз, Сауд Арабия мемлекеті, өз университеттеріміз бен Әл-Фараби университеті арасындағы қарым-қатынастың маңыздылығы туралы білеміз және бұл байланыстың маңызды екендігіне сенеміз.
Қазақстан Республикасы ең ірі теңізге шықпайтын мемлекет және аумағы бойынша 9-орында тұр, оған қоса экономикасы жағынан Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ең қуаттысы болып табылады.
Бізде тарихи қатынастардың тереңдігі мен тәуелділіктер және мұнай-газ саласындағы артықшылықтарымызға қатысты сөз қозғағанда ортақ дүниелер көп.
Біз сіздермен әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өту құрметіне ие болып, екі елдің университеттеріне пайда әкелетін ғылыми салаларда, зерттеулер мен ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытуға үміттенеміз.
Нассер Мохаммед әл-Ақили
(Nasser Mohammed Al-Aqeeli),
Сауд Арабиясы Білім және ғылым министрінің ғылым және инновация бойынша орынбасары
Әл-Фараби – екінші ұстаз
Ескі Дамаск – астананың ежелгі тарихи бөлігі және көптеген ерекшеліктерімен ерекшеленеді, оның ең маңыздысы – көне Дамаск қаласының қабырғалары. Мұнда ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің кесенесі орналасқан. Ол ең көрнекті тұлғалардың бірі. Һижра жыл санауы бойынша 329 жылы Дамаскіде қайтыс болып, сол жерде жерленген. Ескі Дамаскіде оның кесенесінің жанынан «Әл-Фараби мәдени орталығы» құрылған. Ол философия, логика, физика, музыка, медицина және этика ғылымдарын терең меңгергеннен кейін «екінші ұстаз» деген лақап атқа ие болған. Бұл орталық Қазақ елінің Сирияға тартуы.
Мұхаммед Маһир Қабақиби,
Дамаск университетінің ректоры
Батыс пен Шығыстың көпірі
Әбу Насыр әл-Фараби платондық және аристотельдік ойларды Шығыс дәстүрлерімен байланыстыруға ұмтылды және Ұлы Еуразия даласына философияны алып келген. Оның үстіне, оның «Ұлы музыка кітабы» аса маңызды ортағасырлық музыкалық трактат болып табылады. Философия тарихындағы маңыздылығынан бөлек, әл-Фараби идеялары әлі де өзекті. Оның философиясы Платон мен Аристотельден біраз шабыт алғанымен, ол басқа әлемді бейнелеудің маңызды және қызықты тәсілдерін өз көзқарасымен көрсетеді. Моно тілді және моноэтностық қаланың орнына әл-Фараби ілімі кең ауқымды мультимәдени, көптілді және көпконфессиялы жаһандық мемлекет болып табылады. Ол жаһандануды ойлаған және сол идеяны алға тартқан бірінші адам. Ол ежелгі гректердің мейірімді қала идеясын сақтауға ұмтылады, сондай-ақ мейірімді қауым мөлшерін арттырады. Оның пайымдауы маңызды және ықпалды болып қала береді, өйткені әл-Фараби жаһандық мемлекеті ақыл-ой мен шыдамдылық арқылы басқарылады. Ешбір діни немесе этностық дәстүр екіншісін жоққа шығармайды.
Әл-Фараби Ислам мен классикалық грек философиясының қиылысында көтерілген мәселелерді алғаш рет зерттеген ерекше философ. Ол екі жақты да дамытатын философиялық және діни бейімделудің үлгісін көрсете алды.
Қазақстан – қуатты және керемет ұлттардан тұратын мемлекет, оның көшбасшылары басқалардан көреген, себебі олар әл-Фараби және Абай секілді алпауыттардың иығында тұр.
Джордж Стейэрс,
Ортағасыр және қайта өрлеу философиясының доценті, Философия кафедрасы Каподистри атындағы Афина ұлттық университеті (Грекия)
Ұлыға тағзым
Әл-Фараби өздігінен оқып жетілген ғалым. Ол ең алдымен грек ғылымын, оның пәлсапасын, әсіресе Аристотельдің еңбектерін қызығып оқыған. Ибн Халликанның айтуына қарағанда, Әбу Насыр Аристотельдің «Метафизикасын» қырық, «Жан туралы» еңбегін жүз, ал «Риторикасын» екі жүз рет оқып шыққан сияқты. Осындай ыждағаттылығының арқасында ғана ол Аристотельдің ғылыми мұрасын еркін игерген.
Атақты тарихшы оның қарапайым, аса қанағатшыл, жұпыны ғана киініп, той-думан, ырду-дырдудан бойын барынша аулақ ұстаған адам болғанын жазған. Күндіз ол көбінесе қаладағы бақта күзетшілік қызмет атқарып, тапқан ақысына сатып алған шырақ жарығымен түні бойы кітап оқумен шұғылданған [Ибн Халликан. Уафайат әл-ағайан уа анба абна аз-заман... 5-том, 154-бет].
Орта ғасырлардың өзінде-ақ Әбу Насыр қанаусыз, зорлықсыз бақытты қоғам орнату жөнінде батыл болжам жасаған. Мұндай қоғамның тууын ол мемлекет басшысының ақылы, білімі, адамгершілігімен байланыстырған.
Әбу Насыр әл-Фараби ғылымының пәлсапа, логика сияқты салаларының іргетасын қайта қалаған, әр ғылым саласын жеке пән ретінде игеру жағын көтере отырып, олардың мәнін айқындап, мазмұнын ажыратуға тырысқан. Әуез жайлы да күрделі зерттеулер жүргізген, математика саласында үлкен жаңалықтар ашқан, астрономия жайлы кесек-кесек еңбектер қалдырған, физика ғылымын да тың ойлармен байытқан. Жаратылыстану ғылымының медицина, химия, минералогия секілді аса маңызды салалары бойынша күні бүгінге дейін мәнін жоғалтпаған еңбектер жазған. Көне грек оқымыстыларының пікірлеріндегі озық қағидаларды талдаған.
Әбсаттар қажы Дербісәлі,
Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, Жоғары мектеп ҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор