Аймақтар • 03 Ақпан, 2020

Сауатсыз полиция хаттаманы қалай толтырады?

1341 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта ақпараттық технологиялардың дамуы, жаңа техникалардың қолданысқа енуі полиция қызметкерлерінің де жұмысын жеңілдете түсті. Бұрынғыдай қалам мен қағаз алып хаттама жазу азайған. Орнына саусақтың ұшымен-ақ қолындағы «Smart» планшет арқылы заң бұзушылықты тіркеп отыр.

Сауатсыз полиция хаттаманы қалай толтырады?

 

Алайда сол «ақылды» құрыл­ғыны икемге келтіре алмай, шатасып жататын құқық қорғау саласының қызметкерлері де жоқ емес. Тіпті көп болып тұр. Бұл ту­ралы қалалық ақпараттық-ком­муникация орталығында өткен брифингте Шым­кент қаласының мамандан­ды­рылған әкімшілік сотының төрағасы Әбді­мүтәліп Бектұрғанов жіліктеп айтып берді.

Мамандандырылған әкім­ші­лік сот төрағасының айтуын­ша, өткен жылы Шымкент қала­сының ма­мандандырылған әкім­шілік соты құзырлы орган қыз­меткерлері тарапынан кеткен қателер үшін 122 әкімшілік іс бойынша жеке қаулы шығарған. Міне, сол 122 қаулының 90 пайы­зы полиция инс­пекторларына қатысты. Өйткені шымкенттік по­лиция өкілдері әлі күнге дейін хат­таманы электронды түрде дұрыс толтыруды білмейтін көрі­неді.

Әкімшілік хаттаманы жазу барысында тәртіп сақшылары әкім­шілік құқық бұзушылық туралы заңның баптарын жазғанымен, ішкі тармақтарын көбіне ашып жаза бермейді. Осылайша заң тармақтарынан шатасып немесе адамның аты-жөнін дұрыс көрсетпейді екен. Тіпті учаскелік инспектор да, жол-патрульдік полиция қызметкері де электронды хаттамада өз аты-жөнін зорға жа­затын көрінеді. Әбдімүтәліп Елік­байұлының сөзіне сүйенсек, бұл олқылық құқық бұзушы­лық­т­ы заң тұрғысынан дұрыс бағам­дауға кері әсерін тигізіп, сал­­дарынан сот барысында әкім­шілік істі қайта саралауға мәжбүр етуде.

«Ішкі істер вице-министрі Алексей Калайчидиден келген хатта министрлік пен полиция департаменттері 100 пайыз электронды хаттамаға өтті делінген еді. Сосын бізге полицейлердің жұ­мыстары электронды түрде келе бастады. Байқағанымыз, поли­цейлер хаттама толтыруды білмейді. Фамилиясы жазылмайды, кімге толтырғаны белгісіз. Қандай әкімшілік бұзу­шылық екендігін жазбай қоя салады. Учас­келік инcпектор да, жол-пат­­рульдік полиция инспектор­лары да өз аты-жөнін зорға жа­зады. Содан біз семинар өткі­зіп, тү­сіндірдік. Прокуратура қыз­мет­керлеріне полицейлерге семинар өткізіп, хаттаманы заң­дық талап бойынша толтыруды үйретіңдер дедік. 2 ай уақыт өтсе де әлі де қателіктер жі­бе­ріп жатыр. Сондай қателік жі­бер­гендердің үстінен біз жеке қау­лылар шығарып жатырмыз», дейді Әбдімүтәліп Елік­байұлы.

Бірінші кезекте электронды форматта ресімделген хаттама, онан түскен айыппұл ең әуелі ел қазынасына құйылары анық. Ал қызметтегі салғырттық, білік­ті­­лік­тің төмендігі салдары­нан іс­­­­те­лінген жұмыс, онан түс­кен қар­­­жының жең ұшынан жалға­сып, жекенің қалтасына кетпесіне кім кепіл?

Шымкенттің полиция қызмет­кер­лері үстінен түскен арыз-ша­ғым­дардың қатары мұнымен шек­теліп қалмайды. Жуырда Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратқан мәлі­мет бойынша (қаңтар айында) Шымкент қаласында жол ере­жесін бұзған азаматтарды әкім­шілік жауапкершілікке тартпау үшін 130 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін қалалық па­трульдік полиция қызметінің по­лиция лейтенанты күдікке ілінген.

Халық полицияға сенім артады. Қылмысты уақтылы, әді­­летті түрде аша алады деп үміт­тенеді. Алайда осы сенім мен үміт орындалмай қалып жа­тады. Жалпы, Шымқалада өт­кен жылы ауыр және аса ауыр қыл­мыстар қатары арта түскен. Мәселен, 2018 жылдың 5 айында 991 осындай қылмыс тіркелсе, был­тыр 1086-ға көтеріліпті. Оның ішінде кісі өлтіру қылмысы 54-тен 65-ке өскен. Есірткіге қа­тысты қыл­­мыс­тар да 235-тен 249-ға көбей­ген.

Ал салалық министрлік «Цифр­­лы Қазақстан» мемлекеттік бағ­­дар­ламасы аясында полиция қыз­меткерлерінің жұмысы толық­тай электронды форматқа көшіп, жұмыс өнімділігі артты. Түрлі заң бұзушылықтың алдын алу көр­сеткіші көтерілді деп отыр... Қандай дерекке сүйеніп айтқаны түсініксіз?..

 

Шымкент