Парламент • 03 Ақпан, 2020

Сенат Бюросының отырысы өтті

208 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дариға Назарбаева инклюзивті білім беру деңгейінің төмендігі, дамуында ерекшеліктері бар балаларға арналған инфрақұрылымның жоқтығы туралы мәселе көтерді. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Сенат Бюросының отырысы өтті

Мүгедектігі бар адамдар құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы жұмысының нәтижесі туралы ақпарат күн тәртібіндегі бірінші мәселе болды.

Отырыс барысында Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы мүгедектігі бар адамдар құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөнінде 62 ұсыныс әзірленгенін атап өтті.

«Барлық ұсыныстардың 42-сі заңнамалық актілерге, 20-сы заңнан кейінгі актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы болды», - деді М.Бақтиярұлы.

Сенат Төрағасы өз кезегінде жиналған ұсыныстарды баршаға ортақ талқылау үшін ақпараттық ресурстарда жариялау қажеттігін атап өтті.

«Заңдарды, нормативтерді, әдістемелерді жақсарту және осы құжаттарды жұмыс істету, жауапкершілікті күшейту үшін барлық мүмкіндікті жасау – Сіз бен біздің міндетіміз. Бұл аса маңызды әрі ауқымды жұмысқа ең соңында бүкіл қоғамды тарту керек, бұл тек мемлекет пен әлеуметтік қызметтердің ғана міндеті емес. Көп нәрсе әркімнің көзқарасына байланысты әрі бәріміз де адамбыз», - деді Д.Назарбаева.

Сенат Төрағасы инклюзивті білім беру деңгейінің төмендігін, дамуында ерекшеліктері бар балаларға арналған қажетті инфрақұрылымның жоқтығын да атап өтті.

«Қалалық көлік те солардың қатарында. Біз бюджет қаржысын қалалық көлік сатып алуға жұмсайтын болсақ, онда мүмкіндігі шектеулі адамдар да осы көлікті пайдалана алатындай тиісті техниканың болғаны міндетті болуы тиіс. Бұл теміржол көлігі мен әуе қатынасына да қатысты», - деді Палата басшысы.

Бюро мүшелері Сенаттың 6 ақпанда өтетін кезекті отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды да қарады. Отырыста Салық келісімдеріне қатысты шараларды орындау жөніндегі көпжақты конвенцияны, ШЫҰ-ның экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі конвенциясын, тұншықтырғыш, улы немесе басқа да ұқсас газдар мен бактериологиялық құралдарды соғыста қолдануға тыйым салу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобаларын қарау жоспарлануда. 

Сенаторлар Парламент Мәжілісінде мақұлданған заң жобаларын бөліп берді. Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті «Дүниежүзілік пошта одағының Жарғысына Тоғызыншы қосымша хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытындыны одан әрі пысықтау және дайындау жөніндегі бас комитет болып белгіленді.

«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы» заң жобасы бойынша Сенаттың басқа комитеттерінің ұсыныстарын қорыту және қорытынды әзірлеу Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне тапсырылды.

Бюро отырысында сонымен қатар парламенттік тыңдауларға әзірлік және өткізу туралы мәселе қаралды. 28 ақпанда «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері» тақырыбы бойынша тыңдау өткізу жоспарланды, ал наурыз айының басында «Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі: өнімділігі жоғары бизнестің қазіргі жағдайы мен даму болашағы» және «Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту» атты тыңдаулар өтеді.