Тарих • 04 Ақпан, 2020

Ажалсыз адам

1500 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Ажалсыз адам

Даңқ ордені... Соғыс жыл­дарындағы оған ие болған аға ұрпақ өкілдері... Кезінде біз олар­ға қандай құрметпен қарадық десеңізші! Әсіресе аталмыш ма­ра­паттың І, ІІ, ІІІ дәрежесіне қол жеткізген әке-ағаларымызға деген сүйіс­пеншілігіміз ерекше еді. Өйткені мұндай жан­дар ол кезде Кеңес Одағының Баты­ры атты ең жоғарғы атақпен қа­тар теңес­тіріліп, бағаланатын. Бірақ бұлар, яғни Даңқ орденінің жоғарыдағыдай үш түрін қатар еншілеген қаһармандар елімізде онша көп емес-тін. КСРО деп аталатын 15 одақтас республикада олардың са­ны бар-жоғы 2671 ғана адам болатын. Бү­гін біз, құрметті оқырман, солардың бі­реуі туралы сөз қозғамақшымыз. Ол жас­тайымыздан өзіміз көріп өскен, бір ауылда тұрған, мектеп бітіріп, қалаға оқуға кеткенімізше соғыстың санқилы сәттері туралы әңгімелерін әлденеше рет тыңдаған қарапайым еңбек адамы Бей­құтбай аға Дембаев дер едік.

 * * *

Сонымен...

 * * *

...1965 жыл. Маусым айы. Мектептегі оқу жылы аяқталып, каникулға шыққан біз­дің қуа­нышымызда шек жоқ. Бірақ бұл еркіндік ұзаққа созылмады. Келесі аптада: «Жұмыс кү­ші жетіспей жатыр», деген ауылдық кеңес төрағасы пәр­менімен колхоз даласынан бір-ақ шық­тық. Біздің көшеден тізім­ге алынған үш бала: Тұрбек, Нұр­мерден және мен бір жерге түсіп­піз. Ол Танақора қыстауы ірге­сіндегі көкөніс плантациясы еді. Мін­детіміз – 1,5 гектардай жерге егілген қырық­қабат пен сәбіздің арамшөбін жұ­лып, әр жеті са­йын суару. Жүйек ара­сын­дағы топырақты қопсытып, оған тыңайт­­­қыш ретінде қорадан қи әкеп шашу.

Төңіректегі осындай 4-5 топ­қа жөн-жоба көрсететін бри­гадиріміз Бей­құт­бай аға болып шықты. Ол кісіні ал­ғаш келген күні-ақ танып, құрметпен қа­рай бастағанбыз. Себебі, сол жылғы қыс, көктем айларында Жеңістің 20 жыл­дығы аталып өтілетін бол­ды да Ұлы Отан соғысының қаһар­маны ретінде Бе­кең­нің суреттері аудандық газетте жиі жа­рияланғаны бар. Ол уақытта бас­пасөз бетіне шыққан адамнан артық бедел­ді ешкім жоқ. Керемет бағаланады. Айрықша ардақталады. Сондықтан да 6-7 сынып оқушылары – біздер бұл ағамызға ілтипатпен қарап, берген тап­сырмаларын екі етпей орындауға ты­рысамыз. Өз кезегінде ол кісі де солай. Бұта көлеңкесінде отырып ішетін түс­кі шай үстінде арқамыздан қаға мақ­тап, бізге деген өзінің риясыз көңілін жылы жүз, мейірімді көзқарасымен біл­діргендей бо­лады. Сондай кезде батыл­да­нып, соғыс кезіндегі өмірі туралы сұрайтынымыз бар. Ағамыз ондайда бәлсінбейді. Бастан кеш­кенін байыппен баяндап, бітпеген әңгімесін келесі күнгі үзілісте жалғастырады. Арада 45 жыл өтсе де ұмытқанымыз жоқ. Бекеңнің сон­дағы айтқаны төмендегі оқиғалар еді.

 * * *

...Біздер, балалар білмей келіп­піз. 30-жылдары сонау Ал­матыдан қиян түпкір, қиыр шет мына Нарынқолға тұңғыш тракторды айдап әкелген осы Бейқұтбай аға екен. Бар-жоғы бас­тауыш сыныптық қана білі­мі бар бозбаланы жергілікті мойын­серік белсенділері: «Оқығын. Адам бо­ласың», – деп Тал­ғар­да­ғы техникумға жібермей ме?! Міне, сонда ондағы механика бөліміне қабыл­данған ол аз уақыттың ішінде-ақ өзінің еңбекқорлығымен көзге түседі. Сөйтіп молотилка, лабогрейка және «ЧТЗ» ат­ты шағын тракторды шырқ үйіреді. Бұ­ған риза болған облыстық ауыл ша­руа­шылығы басқармасының уәкілі оны Еңбекшіқазақ, Ұй­ғыр, сондай-ақ Кеген мен На­рынқол аудандарына алғаш рет аттандырғалы жатқан техника керуеніне қосады. Сонда Тал­ғар МТС-інен қозғалған 12 трактордың 1-еуі Байсейіт, 3-еуі Жалаңаш, 4-еуі Шонжы, 3-еуі Кеген ауылдарына қарай бұрылады да, 1-еуі жас механазитор Бейқұтбай Дембаевтың жүргізуімен 350 шақырымдық жолдың ең соңғы нүктесі На­рын­қолға аман-есен жетеді. Әрине техниканың түр-түрі көбей­ген кейінгі заманда бұл соншалықты қызықты оқиға болып көрінбеуі мүмкін. Ал, бірақ сол 30-жылдардағы жұрт үшін тасбақа деп аталып кеткен қос темір доңғалақты «ЧТЗ» тракторын көру, жүргізу жер-көкте жоқ жетістік еді.

Сөйткен жас жігіт жоғары­дағы «жо­рық­тан» соң көп ұзамай әскерге шақы­рылады. Бұл 1939 жыл болатын. Әп де­генде Брест ма­ңына барып түскен қазақ­стандық ұландар ондағы артиллерия бөлімдерінде қызмет етеді. Содан кейін Маннергейм бекінісі маңайындағы ақ финдер шекарасында тұрады. Міне, осы кезде 1941 жылғы алапат соғыс басталған еді.

– Жаумен арадағы шайқасты мен зең­бірекке оқ тасушы болып бастадым, – дегені есімізде ағамыздың кезек­ті бір әңгіме үстінде. – Уақыт өте ке­ле­ атал­мыш қарудың көздеушісіне ай­нал­­дым. Бір жылдан соң біздің 43-танк жой­ғыш дивизионымызды 8-гвар­дия­­лық армияның құрамынан бөліп ал­ды да Ста­линградтағы қан қасап соғыс­қа әкеліп салды. Осы жерде мен алғаш рет ажалмен бетпе-бет кез­­дес­тім, қарақтарым. Бірақ, Құ­дайдың құді­ретімен одан аман қалдым. «Қалай?» – дейсіңдер ғой. Айтайын.

Кейіпкеріміздің сөзіне қара­ғанда біз­дің әскерлердің шағын тобы қала­ның жұмысшылар кенті жағында ұрыс жүргізіп жа­тады. Сонда бір бронетранс­портерді алдарына салған не­міс­тер бұ­­ларды тықсырып, қор­­шауға алуға ың­ғайланады. Олар паналап келе жатқан анау темір тажалды тоқтатпайынша жағ­дайдың өзгермейтінін білген нысана көздеуші Бейқұтбай Дембаев оны зеңбірекпен екі рет­ атып, от-жалынға орайды.­ Осы қимылдан жау жағы сәл ошарыла тұрып қалғанда, бұл қасындағы көмекшілеріне зеңбі­ректі кейінгі шепке алып кетуді бұйырады да өзі снарядтан құла­ған күзетші күркесінің ішіне кіріп, фашистерді беттетпеудің қа­мына кіріседі. Сол сәтте... иә, сол мезетте бір­деңе жер-көкті көшіре гүрс ете түседі де айналаны тастүнек қараңғылық жа­уып, тарсыл-гүрсілге толы төңірек тыл­сым тыныштыққа оранады. «Бұл не?» дейді жапырылған будканың ішінде денесі қысылып, есі кіресілі-шығасылы болып жатқан Бекең. Сөйтсе мұның үстіне іргедегі барак үйдің терезе жақ қабырғасы опырыла құлаған екен. Содан: «Төңіректе біреу бар ма? Құтқарыңдар!» – деп ал кеп айғайласын. Бірақ кірпіш басқан үйінді арасынан шыққан үнді кім тыңдасын. Құмыққан ол дауыс кімнің құлағына жетсін. Осы­лай күн батқан. Түн келіп, таң ат­қан. Ал Бекең болса ай­ғай­лаудан дау­сы бітіп, енді ав­томатының дүмімен күр­кенің қаңылтыр есігін тық-тық еткізіп ұр­ғылауға көшеді. Содан қанша уақыт өт­кенін білмейді. Әбден әлсіреген ол есі ауып барып көзін ашса, төбеде ас­пан көрінеді. Төңірегі толған топырақ пен бей-берекет шашылған кірпіш сынық­тары. Ал жанында басын сүйеп, бұған үңі­ле қараған орыс әжей отыр. Кейін білді, бұл Шура Ниловна деген осы кент­тің тұрғыны екен. Атыс тоқ­тағанда ол кісі шайқас алдында сыртта жүріп, жер­­төлеге қайта оралмаған шалын іздеп шық­пай ма? Міне, сонда әжей құлаған қабырға арасынан тық-тық еткен дыбысты естиді. Үйілген кірпіштерді жан­ұшыра қопарып қараса...Адам... Иә, қаңылтыры қабысқан үйшік ішінде бүк­түскен жауынгер жатыр. Қызыл әскер!

– «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» – деді осы араға келгенде әңгіме иесі. – Мұны айтып отырғаным, соғыста адамдар тек оққа ұшып, снаряд жарықшағы тиіп қаза таппайды екен. Суға кетіп, өрт ішінде қалып, топыраққа да көміліп өлетін болып шық­ты. Оның дәлелі менің өз басымнан өткен жоғарыдағы жағдай. Егер сонда иманды болғыр орыс әжей кездес­пегенде... Иә, кірпіш астындағы болар-болмас дыбысты сол Шура Ниловна естімегенде... Онда менің, содан былай жер басып жүруім, Жеңіс күнін көріп, елге аман-есен жетуім тіпті де мүмкін емес еді.

– Ал Даңқ ордені ше, аға! Оның біреуін ғана емес, үшеуін де алуыңыз қалай болып еді? – дейміз әңгімеге еліткен біз Бекеңді қаумалай түсіп.

– 1944 жылы, – деп бастады бұл тақы­рыптағы әңгімесін ол кісі, – біздің 39-гвардиялық атқыштар дивизиясының жауын­герлері Польша шекарасынан өтіп, Скурча-Вильчковице воеводосы маңындағы Висла өзеніне жетіп тоқтады. Жаз айы еді. Ай­дынды су жағалауы сың­сыған орман. Немістер арғы бетте. Біз бер жақтамыз. Өтейік десек, жаң­бырша жауған оқ маңай­латпайды. Әсіресе солардың ішінде темір бетон жие­гін­дегі төбешіктен ыңғайлы орын тапқан артил­лериялық қондырғының қимылы ерен. Қылт еткенді қа­ғып тастап тұр. Соның салдарынан бір тәулікке жетер-жетпес уақыт ішінде біздің жақтағы 76 миллиметрлік 4 зеңбірек істен шығып, адамдары түгел опат болды. Бір уақытта:

– Сержант Дембаев, – деген дауыс естілді блиндаж жақтан. – Қарсы беттегі дзотқа жапсарлас жау расчетін жоюды саған тапсырамын!

– Құп болады, жолдас командир!

...Қолымда дүрбі. Аңысын аңдып жатырмын. Ажал аузы бізге қарап тұр. Көз жазбайды пәтшағар! Кенет өзенді бойлай жүзген бір қайық көрінді. Үс­тінде екі адамы бар. Жаудікі ме, біз­д­і­кі ме, әлде жергілікті тұрғындар ма, біл­меймін. Менің көзім қар­сыластардың артил­лериялық қон­дырғысында. Міне, оның оқ­паны бірте-бірте су үстіндегі қайыққа қарай бұрылды. Иә, сәт! Көмекшім екеу­міз зеңбірегімізді жанымыздағы еңіске қарай итеріп жібердік. Ол сырғып барып қа­лың бұтаның ішіне тоқтады. Жау рас­четі мұны байқаған жоқ. Қуанып кеттім. Бұршақтаған маңдай терімді сүртіп тас­тап, бауырыммен жылжыған күйі зең­бірегіме жеттім-ау. Жүрек атша тулайды. Қарсы беттегілер көрсе өлемін. «Қош бол, туған жер, қош бол, майдандас достарым...», «Жо-жоқ, тапсырманы орындамай жан қиюға болмайды. Жауды қалайда құрту керек!». Осы оймен бойымды тез жиып, бұта арасынан қарсы жаққа дүрбі салып қарамаймын ба?! Сөйтсем, жау әлі де қайық қимылын қалт жібермей аңдуда екен. Дереу нысанаға алдым. Снаряд артынан снаряд жіберіп, ес жиғызбауға көштім дейсің!.. Содан іле-шала орын ауыстырып, жау расчеті жаққа қарасам, төңірегі астаң-кестең болған оның күлі көкке ұшыпты. Осыны күтіп отырған біздің әскерлер: «Ура, ура!» – деп қалқымалы көпірге керек ре­зеңке понтондарды көтере өзенге жанұшыра беттеп бара жатты. Сонымен, сөздің қысқасына келсек, қарақтарым, ІІІ дәрежелі Даңқ орденін мен міне, сонда алған едім.

Бекең осылай деп үнсіз қалды. Сөйт­ті де әңгімесін қай­тадан жалғас­тыр­ды. Одан ұқ­қанымыз, ол кісі тара­пынан жа­салған келесі бір батыл қа­дам сол жылдың күзінде болған екен. Кейіпкеріміз қызмет ететін І Бе­ларусь майданының жауынгерлері жо­ғарыда сөз еткен Польша жеріне ден­дей еніп, оның Радомское воеводасына иек арт­қанда, немістердің қатты қар­сылығына ұшырайды. Жау бұларды алдымен артиллерия арқылы атқылайды. Содан соң көкке көтерілген «Юнкерс» пен «Фок­ке фульф» төбелерінен оқ себелеп бас көтертпейді. Осыдан соң барып Утинки елді мекені жақтан өз әскер­лерін қол­даған неміс танкілерінің қарасы көрінеді. Солардың ішін­де өзге­лерінен озыңқырап келе жатқан темір тажалды Бекең асықпай бақылап оның қимыл-қозғалысын қалт жібермей қа­да­ғалаумен болады. Ақыры зең­бірек оғы жетер жерге келгенде жүргізуші отыратын терезе ма­ңайын нысанаға ала атпай ма?! Бірақ броны мықты екен, былқ етпейді. «Катокты... Иә, катокты көздеу керек», – дейді бұл кісі осыдан кейін өзіне өзі күбірлей сөйлеп. Сөй­теді де зеңбірегіндегі оптикалық пульт па­раметрлерін танктің темір дөң­­гелектері тұсына түйістіре бере оқпан­дағы оқты жіберіп кеп қалады. Ойы – жүріс қозғалысын қамтамасыз етіп келе жатқан шынжырды үзу. «Сонда не болды?» – дейсіздер ғой. Сұсты жүзі, қор­қынышты үнімен жер-көкті көшіріп келе жатқан темір тажал төбеге ұрғандай солқ етіп тоқтайды да бір орнында шыр айнала бастайды. Бірақ, экипажы аман. Оның көзін құртпаса жау көздеушісі люк кабинасындағы оқпанды бұрып, бұларды оқ астына алмақ. Осыны сезіп үлгерген Бекең шыр айналған танктің бүйір тұсы өздеріне көлденеңдей бергенде: «Иә, сәт!» – дейді. Сөйтеді де оның артындағы жанармай бөктерген бөшкені нысанаға алған бойда жеделдете екі рет атып жібереді. Сол мезетте бактан қарақошқыл түтін көтеріліп, артын­ша тарс етіп жарылған танктің күлі көкке ұшады.

Осы ерлігі үшін «Даңқ» ор­денінің ІІ дәрежесіне ие болған Бейқұтбай аға арада жылға жуық уақыт өткенде аталмыш­ марапаттың ең жоғарғы І басқы­шына да қол жеткізеді. Бұл 1945 жылғы сәуір айының соңғы күн­деріндегі Берлин үшін болған шайқастағы жанқиярлық ерлік еді. «Басқаша теңеумен айтуға келмейтін бұл батыл әрекеттің басы Ратуша ма­ңайын­дағы шабуылда бастау алыпты. Көше өте тар екен. Әр 50-100 метр қа­шық­тық аралығындағы көлденеңінен қойылған кедергілерге бекінген немістер ешкімді беттетпейді. Танкіні алдыға са­лып жылжуға мүмкіндік жоқ. Ол тро­туар секіл­ді етіп салынған жіңішке жол­­ға сыймайды. Амалы таусыл­ған ба­тальон командирі сержант Бейқұтбай Дем­баевтың расчетін шабуылдаушы рота алдына шығарады. Бұйрық бо­йын­ша зеңбірек баррикадаға ұқсас кедергілерден пулемет ұяларын снарядпен жойып отыруы тиіс. Ал жаяу әскерлер сол мезетте атакаға көтеріліп, бекіністі басып алуға үлгеруі қажет. Осы әдіспен бұлар өздеріне қалқа болады-ау деген әр мүйісті паналай оты­рып, неміс­тердің 8 пулемет ұясын жояды. Ең соңында көшені тұйықтап тұрған өрт сөндіру мекемесі үйіне жақындағанда, оның өте берік бекініске айнал­ғанын байқайды. Айналасы тола темір тікен­ді «кірпілер» мен құм­қапшықтан тұрғы­зыл­ған кедер­гілер. Ал ғимараттың есік, тере­зелері болса, олардан оқ дамылсыз борап тұр.

– Қирату қажет! – дейді зеңбірегін көшедегі баррикада тасасына орналастырып жатқан Бекеңе рота командирі. – Иә, құрту керек мына үйді. Әйтпесе бұл жерден алға жылжуымыз қиын. Өте қиын!..

Содан не керек, жаяу әскерлер ал­дын­дағы жалғыз расчет қарсы беттегі бір қабат кірпіш үй шетін ала бере қос снарядты жеделдете жіберіп қалсын. Жау жағы у-шу. Осыны пайдаланып орын ауыс­тырған Бекеңнің тобы енді өрт сөндіру мекемесінің екінші жағын атқылауға көшсін. Ол тұс шаң-тозаңға оранып жатқанда, расчеттегі үш жігіт зеңбіректі қайта сүйретіп әкеліп, ғи­марат­тың ортаңғы тұсына ойран салсын. Қолдарында автомат пен пулемет және ара-тұра тық-тық еткізіп ататын минометтен бас­қа қуатты қаруы жоқ, тек бекіністерінің мықтылығына сенген немістер енді не істерлерін біл­мей аласұрсын. Осы кезде бастапқыдағы ғаламат оқ нөсе­рінен бас көтере алмай, жерге жабыса жатып қалған біздің жаяу әскерлер жағдайдың өзгергенін біліп: «Алға!» – деп атакаға ұмтылсын!...

 * * *

Сол жазда біз мектеп оқу­шы­лары Бекеңді өте жақ­сы көріп кеттік. Оған себеп бол­ған ол кісінің соғыс туралы жоға­рыдағыдай ғажап әңгімелері ғана емес, керемет кішіпейілділігі де еді. Қарапайым, момын адам-тын. Жас айырмашылығы бізден өте үлкен бола тұра бала мінез ақкөңілділігін айтсаңызшы! Қа­телігімізге қабақ шытпайтын. Не бітіп, не қоймайтын сансыз сұрақ­тарымызға да ренжімейтін. Бәріне төзімділік танытатын асыл адам еді ж­а­рық­тық.

Келесі жылғы жазғы каникулда басқа бригадада жұмыс істедік. Одан арада екі жыл өт­кен соң, орта мектепті бітіріп, Ал­матыға оқуға аттандық. Со­дан қыс түссе сессия, жаз шық­са студенттік құрылыс отряды... Оның соңы мамандық алып, жұмысқа орналасуға ұласты да ауылға көп бармайтын, Бе­кең сияқты ақсақалдарды жиі көрмейтін болдық.

Бірақ... иә, бірақ, ол кісі­мен соңғы рет жүздескенім есім­де. Әлі ұмытқаным жоқ. 1985 жыл еді. Алматы іргесін­дегі Қап­ша­ғайда мектеп оқушы­лары­ның республикалық «Орленок» және «Зарница» ойындары өтті. Жеңістің 40 жылдығы құрметіне арналған бұл шарада соғыс ардагерлерімен бірге Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетіне қа­рас­ты 4-5 басылымның тілші­лері біздер де болдық. Сонда кеудесіне І, ІІ, ІІІ дәрежелі Даңқ ордендері жарқыраған Бейқұтбай аға Дембаевты көріп қалмасым бар ма?! Бұрылып барып сәлем бердім. Ақсақал алғашында: «Бұл кім?» – дегендей бетіме аң­­тарыла қарады. Қарияны ың­ғай­сыздандырмайын деп: «Сіз біздің ауылдансыз», – дедім жазу­шы Баққожа Мұқаев ағам сияқты әзілдеп. Сол кезде барып шырамытты-ау деймін. «Жоқ, бала! Сен біздің ауылдікісің», – деді ол кісі жымиып. Сөйтті де: «Ұста Әлекең – Әлихан қарттың ұлысың ғой. Бәрекелді! Өсіп, ер­жетіпсің. Ризамын, айналайын! Танып, сәлем бергеніңе рахмет!» – деді шын көңілден.

...Соңғы кездері елордадан ауылым Нарынқолға барған сайын оны көп аралайтын болдым. Іргедегі өзен жағасынан сонау 60-жылдардағы бақытты балалық шағым қол бұлғайды. Жол жиегіндегі алып ағаштардың әрқайсысы өмірден бір-бір бәй­терек болып өткен қарттарды есіме түсіреді. Мұндағы көшелер ше?! Иә, көшелер... Олардың да өз айтар сыры, шертер ше­жіресі бар. Мәселен бұрынғы Красно­армейская орамынан өт­ке­німде, ондағы 68-үйде тұрып, өмір сүріп, бақилыққа аттанған Бейқұтбай аға бейнесі алдыма келіп тұра қалғандай болады. Содан жоғары көтеріліп, келесі көшедегі өзімнің туып-өс­кен үйіме, әкемнің қалдырған қарашаңырағы 42-үйге жақын­даймын. Міне, осы кезде көңілім көтеріліп сала береді. Себебі бұрын Мир делінетін бұл көше қазір Даңқ орденінің толық ие­гері Бейқұтбай аға Дембаев атын иеленген. Осыны көргенде: «Тәубе! Батырдың аты атаусыз қалмағанына шүкір», – деймін іш­тей күбірлеп.

 

Жанболат АУПБАЕВ,

журналист

 

Алматы облысы,

Райымбек ауданы,

Нарынқол ауылы