Белгілі өлкетанушы Ю.Попов фольклорист ғалым Г.Потанин туралы «Последная путешествие Григория Потанина» атты тарихи танымдық мақаласында былай деп жазады: «В том, что Каркаралинский уезд действительно богат легендами Г.Н.Потанин убедился еще несколько лет назад. В 1853 году, во время поездки ученого в аул отца Чокана Валиханова – Чингиза Валиевича, расположенного в урожище, Сырымбет Кокчетавского уезда Акмолинской области, его сопроваждал юный студент Петербургского университета Д.Султангазин. Родился Султангазин на берегах реки Токрау, берущей начало в отрогах Кызыларайских гор. Молодой человек записал по просьбе Г.Н.Потанина сказки родных мест. Долгое время каркаралинские сказки Султангазина пролежали в портфеле редакции «Живая старина» и были напечатаны только в 1916 году с предисловием и под редакцией Г.Н.Потанина».
Бірақ неге екені белгісіз осы тұлға туралы білетініміз аз. Дінмұхаммед Сұлтанғазиннің өмірі мен тағдыр-талайы туралы не төрелер шежірелерінде, не аудан тарихы туралы әңгімелерде мардымды ештеңе айтылмаған да жазылмаған. Ә.Бөкейханның «Таңдамалы» (1995) еңбегінде және ХV томдық шығармалар жинағындағы Ақтоғай төрелерінің ататек таратылуында да, Т.Жақсыбайұлының «Шежіресіндегі» (1999) «Ақтоғай ауданындағы төре ұрпақтары» тарауында да Сұлтанғазы Бөкеевтен тарайтын ұрпақтар қатарында Дінмұхаммедтің есімі ешбір жерде аталмайды. Сонымен қатар осы айтулы тұлға туралы ұлт журналистикасы тарихын зерттеушілер де тереңдеп бара алмай жүр.
Дінмұхаммед Сұлтанғазин – «Түркістан уалаяты» газеті редакторы болған Шаһмардан Ибрагимовтан кейін қазақтан шыққан екінші редактор. 1888-1902 жылдары шыққан «Дала уалаяты» газетін шығаруды ұйымдастырушы және алғашқы басшысы. Ол – Қарқаралы уезінің халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап-жариялаған аудан тарихынан шыққан тұңғыш фольклорист ғалым. Ол – Тоқырауын болысынан шыққан алғашқы журналист, публицист, аудармашы.
Сөзіміздің табан тірейтін тірегіне Ю.Поповтың сөзін алдық қой. Оны бұл автор аспаннан алып отырған жоқ. Г.Н.Потанин оны «В доме последного казахского царевича» атты мақаласында тура осылайша атап тұрып жазған болатын. Негізінде Д.Сұлтанғазиннің «Дала уалаяты» газетінің редакторы болғаны туралы алғаш пікір білдірген Ақселеу Сейдімбек болатын. Ол өзінің «Даланың ауызша тарихнамасы» еңбегінде Ақтоғай ауданын аралағанда ел ішінде атақты «жынды» Ысқақпен кездесіп бірнеше рет әңгімелескенін жазады. Сондағы Ысқақ қарияның айтқан әңгімесін «Қазақтың бейпіл сөздері» еңбегінде былай деп жазып қалдырыпты:
«Үлкен хандар жойылып, қалың қазақты Ресей үкіметі қырық жілік еткен бас иесіз заманда Бөкей «Бес Мейрам» ұрпағына хан болған. Шыңғыс хан ұрпағынан тарайтын Көкжал Барақтан Бөкей туады. Бөкейдің өзінен тоғыз ұл болған. Сол тоғыздың үлкені Шыңғыс деп аталған. Шыңғыстан Жамантай туады. Жамантай кезінде Алшынбай, Құнанбай, Жанақ ақын, Соқыр Шөже, Тәттімбеттермен дәмдес болған Қарқаралыда «Хан Жамантай» атанып тұрды. Бөкейдің екінші баласы – Сұлтанғазы. Сұлтанғазыдан Құдайменде мен Дайыр туады. Жаңағы мен сөз етіп отырған Дайыр осы. Құдаймендеден Дінмұхамбет туады. Бұл үлкен әкесінің атына жазылып, Дінмұхамбет Сұлтанғазин болып, кезінде «Дала уалаяты» газетін шығарған адам. Дінмұхамбеттің әкесі Құдайменде өз тұсында Кенесарымен көңілі жарасқан дос болып, көмек көрсеткен.
Бөкей ханның тағы бір баласы Батыр сұлтан болған. Батырдан Мырзатай, Рүстем деген екі ұл туған. Рүстеміне әншілік, күйшілік ақындық қонған өнерпаз адам екен. Кезінде Жанақ ақынмен айтысқа түскен. Ал Мырзатайдан Нұрмағамбет туады, одан Әлихан туады».
А.Сейдімбек Ысқақ ақсақалдан жазып алған осы «Дінмұхамбет Сұлтанғазин кезінде «Дала уалаяты» газетін шығарған адам» деген деректі не себептен індете іздеп, нақты дәлелдеуге ұмтылмағаны да түсінікті. Себебі кеңес дәуірінде бұл Әлихан тұлғасына байланысты жабық тақырыптардың бірі болатын-ды. Бұған қоса қазақ журналистикасының тарихын алғаш ғылыми зерттеуші Х.Бекхожин және оның зерттеулеріне сүйенген басқалар да бірінен соң бірі «Дала уалаятының» редакторы деп осы кісімен аттас болып келетін семейлік Дінмұхаммед Сұлтанғазинді жазып, бүкіл ғылыми ортада тұжырымдап тастады. Ол кезде оларға қарсы «бұларың қалай?» дейтін адам шықпады. Сондықтан ақтоғайлық төрелерден шыққан Дінмұхаммед Сұлтанғазин тұлғасының ғылыми айналымдар мен тарихи деректерде неге бұрмаланып жүргенін анықтайық. Ол үшін ең әуелі «Дала уалаяты» газеті дегеніміз қандай жарияланым болғандығы туралы тоқталып кетелік. Себебі, филолог, журналист мамандар болмаса, көп жұрт біле бермеуі мүмкін.
«Дала уалаятының газеті» – 1888 жылдың 1 қаңтарынан 1902 жылдың 12 сәуіріне дейінгі аралықта Омбы қаласында аптасына бір рет шығып тұрған басылым. Газеттің ең бастапқыдағы редакторлары ретінде саналған және басылымның қазақшасын үзбей редакциялаған генерал-губернатор канцеляриясының аға тілмашы Ешмұхамед Абылайханов пен Дінмұхаммед Сұлтанғазиндер болатын.
Ұлттық баспасөз қарлығаштарының бірі «Дала уалаяты» газетінің жарық көруі киелі қазақ халқының өткен ғасырдағы мәдени өміріндегі елеулі оқиға болды.
1894 жылы осы орыс тіліндегі «Акмолинские областные ведомости» газеті «Киргизская степная газета» деген атауға өзгерген кезде, қазақ тіліндегі қосымшасы «Дала уалаяты» газеті деген атпен шыға бастады. Оның бүкіл қазақ халқының ой-санасын оятудағы маңызы зор екенін түсінген патшалық билік ақыры 1902 жылы жауып, «Селскохозяйственный листок» деп ел руханиятындағы рөлін мүлде төмендетіп жіберді. Себебі газет басқармасы маңайына қазақтың еркін ойлы оқыған азаматтарының топтаса бастауынан патша жандармериясы қатты сескенді. Оның үстіне 1905 жылғы алғашқы орыс революциясының да дүмпуі жақындап қалған еді. Егемендікке дейін ұлы педогог Ыбырайдың «орыс досы» деп мақтап жүрген Н.Ильминскийіміз «Особые прибавление к Акмолинским областным ведомостям» шыққанына тура бір жыл болғанда «Акмолинские областные ведомости» газетінің жергілікті бұратана халыққа арналып қазақ тілінде шығатын қосымшасын тез арада жабу керек. Ол туземецтердің ой-санасын оятуға және оқу-білімге ұмтылуы мен өз тарихын білуге деген құлшынысын жоғарылатып бара жатыр» деп генерал-губернаторлыққа талап-арыз түсірген.
Қатаң цензура жағдайында шықса да, сол ұлтжанды журналистер патша өкіметінің отарлау саясатына наразылықты тұспалдап айта білді.
Ұлт тарихында осындай ерекше орын алатын «Дала уалаяты» газетінің алғашқы редакторларының бірі Дінмұхаммед Сұлтанғазин болған. Алаш ұранды бар қазақтың көсемі Ә.Бөкейханға және Алашорда үкіметіне байланысты теріс көзқарас осы бір ардақты тұлғаның тарихтан өз орнын алуға кесірін тигізді. Ол үшін бізге философиялық ұғым бойынша терісті терістеу, яғни қатені дұрыстау керек болып тұр. Ал журналистикадағы «Дала уалаяты» газетінің тарихына арналған барша ғылыми әдебиетте оның алғашқы редакторы болды деп жазылатын Дінмұхаммед Сұлтанғазин мүлде басқа адам. «Бұл кім еді?» деген сұраққа «Қазақстан. Ұлттық энциклопедияда» С.Өзбекұлы деген автордың жазған мақаласы арқылы жауап берелік. Онда: «Сұлтанғазин Дінмұхаммед (10.5. 1867 – Семей қ. – 1917, Баку қ.) – қоғам қайраткері, алғашқы қазақ зиялыларының бірі. Әкесі Ғазы Болатұлы Уәли ханның Ғұбайдолла деген үлкен ұлының баласы. Сұлтанғазин әкесінің тікелей ықпалымен Томск университетінің медицина факультетіне оқуға түседі. 1891 жылы Санкт-Петербург университеті шығыстану факультетінің араб, парсы, түрік, татар тілдері бөліміне ауысады. Бұл факультетті бітірген соң 1895 жылы заң факультетіне түсіп, 1897 жылы аяқтайды. 1898-1902 жылдары қазақ даласында екі тілде шығып тұрған «Дала уалаяты» газетінде редактор және аудармашы болып қызмет етеді. Сол жылдары ол екі тілге бірдей публицист, аудармашы, ақын, заң және тіл ғылымының ірі маманы ретінде танылады... Сұлтанғазин 1896 жылы Ақмола облысы Көкшетеу уезіне қазақ халқының аңыз-әңгімелерін жинауға барған Г.Потанинмен бірге жүріп аңыз-ертегілерді орысшаға аударып берген. 1910 жылдан өмірінің соңына дейін Бакудегі мұсылмандарды оқытатын діни орталықта шығыс тілдерінен сабақ берген» деген өмірбаяндық дерек берілген.
Осы бойынша алып қарасақ, бірнеше бұрмаланған күмәнді пікірлерге тап боламыз. Біріншіден, автор «Әкесі Ғазы Болатұлы Уәли ханның Ғұбайдолла деген үлкен ұлының баласы» дегені шындықтың ауылынан алыс жатыр. Егер Ғұбайдолланың үлкен ұлы Ғазының баласы болса, неге Болатұлы болып тұр? Уәлиханның үлкен ұлы, Орта жүздің мұрагер сұлтаны Ғұбайдолла Уәлиханов туралы деректерде туған және қайтыс болған жылдары белгісіз деп жазылған. Шоқан Уәлиханов пен Г.Н.Потаниннің жазған еңбектерінде Ғұбайдолла Уәлиханның алғашқы әйелінен, ал Шыңғыс соңғы әйелі Айғанымнан туған деп жазылғаны белгілі. Ал өмір сүрген жылдарын Ғалым Қадірәліұлы өзінің «Жылғара Байтоқин» деген зерттеуінде: «1832-1838 жылдар аралығында Көкшетау дуанының аға сұлтаны болып Ғұбайдолла қайта сайланады. Полковник дәрежесіне дейін көтеріледі. Ғұбайдолла Уәлиханов шамамен 1777 жылы туып 1851 жылдары қайтыс болған. Ол алтын медальмен және «Аға сұлтан Ғ.Уәлиханов» деп жазылған алтын қылышпен марапатталған. Өмірінің соңғы жылдарында отырықшылыққа көшіп, Қопа көлінің маңына және Бурабайдағы Қызылағашта өзіне арнап үй салғызады. Бірақ Ғұбайдолла Кенесары Қасымұлының көтерілісін қоштады деп айыпталып, Сібірге «Итжеккенге» жер аударылады, содан тек 1847 жылы ғана оралған (8 жыл жүріп), 1851 жылы ол қайтыс болады» деп нақты көрсеткен. Осыған сай алып қарасақ, 1867 жылы туған деп көрсетіліп отырған бұл семейлік Д.Сұлтанғазиннің Ғұбайдолла Уәлихановтың баласы Болаттың ұлы Ғазы сұлтаннан туғандығын шежірелік деректер растамайды. Оның Көкшетау жерінде емес, Семей қаласында тууы да күдік келтіреді.
Екіншіден, туған жылы 1867 деп тайға таңба басқандай жазылып тұр. Ал «Дала уалаяты» газеті 1888 жылы ашылды. Сонда бұл Д.Сұлтанғазин газет ашылған жылы бар-жоғы 21 жаста ғана және Томск университетінің медицина факультетінде оқуда жүр. Бұл біз жоғарыда жазған «Газеттің ең бастапқыдағы редакторлары ретінде саналған және басылымның қазақшасын үзбей редакциялаған генерал-губернатор канцеляриясының аға тілмашы Е.Абылайханов пен Д.Сұлтанғазиндер болатын» деген сөзімізге мүлде қайшы.
Елдің бәрін шатастырып жүрген де – Д.Сұлтанғазиннің Санкт-Петербургте оқуы. Ұлттық қоғамдық саяси журнал «Ақиқат» 1994 жылғы №10 санында заң ғылымдарының кандидаты Сәкен Созақбаевтың «Жеті жұрттың тілін білген» деген зерттеу мақаласын «Тұлғалар тұғыры» айдарымен жариялады. Мақала семейлік Д.Сұлтанғазиннің өміріне, қызметіне арналған. Онда: «Дінмұхаммед Сұлтанғазин әкесінің ықпалымен 1890 жылы Томск университетінің медицина факультетіне оқуға түседі, бірақ оны бітірмейді. Ол Ресей халық ағарту министрі И.Д.Деляновке өтініш жазып, Томск университетінен Санкт-Петербург университетінің шығыстану факультетіне ауыстыруды сұрайды. Министрдің келісімімен 1891 жылы тамыз айында Санкт-Петербург университеті шығыстану факультетінің араб, парсы, түрік, татар тілдері бөліміне студент болып қабылданады. 1895 жылы шығыстану факультетін бірінші дәрежелі дипломмен үздік бітіріп шығады да, сол жылы заң факультетіне түсуге өтініш береді. 1897 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітіріп, заңгер мамандығының дипломын алады: ол – екі мамандық бойынша университеттік білім алған тұңғыш қазақ, 7 тілде – араб, парсы, түрік, татар, орыс, француз, қазақ тілдерінде еркін оқыған, – деп тұрып жазылған. Сонда ол осы 7 жыл бойы оқу қуып жүргенінде «Дала уалаяты» газетінің ашылуы мен басылымның қазақшасын үзбей редакциялаған, мақалалар жазған генерал-губернатор канцеляриясының аға тілмашы Е.Абылайхановпен бірге жасалған жұмыстарға ол қай жерде жүріп үлгерді деген сұрақ ешкімді толғандырмаған.
Үшіншіден, 1891 жылы Санкт-Петербург университеті шығыстану факультетінің араб, парсы, түрік, татар тілдері бөліміне ауысып, бұл факультетті бітірген соң 1895 жылы заң факультетіне түсіп, 1897 жылы аяқтаған семейлік Д.Сұлтанғазиннің бұл жылдары Омбы қаласында шығып тұрған «Дала уалаяты» газетінде редактор болуы еш мүмкін емес. Оның қисыны келмейтінін білген С.Өзбекұлы «Ұлттық энциклопедияда»: «1898-1902 жылдары қазақ даласында екі тілде шығып тұрған «Дала уалаяты» газетінде редактор және аудармашы болып қызмет етеді», деп газеттің тек соңғы төрт жылындағы кезеңді ғана еншілеп берген.
Біз «Дала уалаяты» газетінің алғашқы редакторы Дінмұхаммед Сұлтанғазин болған деген пікірді айтуды дұрыс деп санаймыз. Ол үшін әзірше мына төрт дерекке ғана сүйенеміз: Алдымен, ғалым Г.Потаниннің «студент Петербургского университета Д.Султангазин. Родился Султангазин на берегах реки Токрау, берущей начало в отрогах Кызыларайских гор» деген сөзі. Одан кейін Ысқақ ақсақалдың «Құдаймендеден Дінмұхамбет туады. Бұл үлкен әкесінің атына жазылып, Дінмұхамбет Сұлтанғазин болып, кезінде «Дала уалаяты» газетін шығарған адам» деген сөздері. Сонымен қатар Ғалым Ахмедовтің «Алаш алаш болғанда» кітабында Д.Сұлтанғазин «XIX ғасырда оқығандар» тізімінде – №14-ші, «Егемен Қазақстан» газетінің 1998 жылғы тамыздағы санында «Ертеден ел таныған жоғары білімді қазақтар туралы» деген мақалада №19-шы ретпен жазылған. Бірақ оның туған жері біресе Семей немесе Қарқаралы деп жазылады. Ақтоғай ауданы сол кездегі әкімшілік бөліністер бойынша Семей губерниясы, Қарқаралы уезінің құрамына кіргендігі де осы қателесуге негіз болып жүргені анық. Ал Г.Н.Потанин нақтылап, «Тоқырауын бойында туған» деп көрсеткені даусыз шындық. Осы Ғ.Ахмедовтің: «Д.Сұлтанғазин туысы Райымжан Бөкейхановтың айтуы бойынша, өмірінің соңғы жылдарында Бакуде дәрігер болып қызмет істеген. Сонда қайтыс болған. Бакуге қалай кеткені белгісіз» деп жазған пікірі де ескерусіз қалып жүр. Әрине, ақтоғайлық та, семейлік те Дінмұхаммед Сұлтанғазиндердің ғұмыр баяны мен тағдыр-талайы әлі де зерттеуді және дәлелдеуді қажет ететіні түсінікті.
Жандос СМАҒҰЛ,
филология ғылымдарының докторы, профессор
ҚАРАҒАНДЫ