Алматыда Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1100 жыл толуы құрметіндегі Халықаралық мерекелік ғылыми конференция басталады. Қазақ топырағында жаралып, әлем ғылымының аспанында жұлдыздай жарқыраған шалқар ойлы ғұлама ғалым жерлесімен халқымыз араға он бір ғасыр салып қайта қауышып отыр. Алып ақыл, асқақ арманымен, алысқа мезгейтін көрегендігімен ол ықылым заманды көктей өтіп оралды. Енді ол біздің де замандасымыз секілді. Себебі кемел ойлы кемеңгер барлық дәуірге ортақ. Бүгінде мәуелі бақшадай гүлденген біраз ғылымдардың бастау көзін сол ашып берді. Оп данышпан философ қана емес, ұлы математик, үлкен дәрігер, дарынды музыкант, майталман әдебиетші де болды. Әл-Фарабидің ізі қазіргі қарыштап дамыған ғылымымызда, халықтардың мәдени және ғылыми ынтымақтастығының игі дәстүрлерінде сайрап жатыр. Сондықтан оның мүшел мерекесі бір ғана ғылымның емес, жалпы әлем мәдениетінің, халықтар достығы мен ынтымақтастығының тойы.
Ұлы ойшыл, ғұлама ғалым
Шығыстың әйгілі ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1100 жыл толуына арналған мүшелді халықаралық ғылыми конференцияның Москва мен Алматыда өтіп отыруында зор мағына, терең мән бар. Ойшыл ғалым Қазақстан топырағында туып-өсті. Бірақ, біз ұлы жерлесімізді тек шыққан этностық тегі үшін емес, оның дүниежүзілік мәдениет тарихында алатын орны мен маңызы үшін атап етудеміз. Қазақ халқы ғасырлар бойы үзіліп қалған өзінің мәдени дәстүрлерін жаңа әлеуметтік жағдаяттардың арқасында қайтадан қалпына келтіріп қана қоймай, сонымен бірге адамзат даналығының барлық табыстарымен социалистік негізде қауышуға мүмкіндік берген Ұлы Октябрьдің арқасында ғана осы тойды өткізіп отыр.Қазақстан жеріндегі археологиялық зерттеулер және көне нарратив кітаптар мен жазулардың мағлұматтары әл-Фараби творчествосына дейінгі Жетісудың, Орталық және Шығыс Қазақстанның ұлан-ғайыр байтақ өлкелерінде өз өнерін, кәсібін, ғылымын жасап шығарған жергілікті түркі тайпалары: оғуздар, қарлуктар, қимақтар, қыпшақтар пайдаланған қалалық мәдениет болғанын дәлелдейді. Олардың Сібірді, Қазақстанды, Орталық және Орта Азияны мекендеген түркітілдес тайпалар пайдаланған өз жазуы — көне түркі жазуы болған. Сыңайы, бұл жазудың пайда болуы біздің заманымызға дейінгі IV-III ғасырлар шамасы болу керек. Көне түркі жазуларының түркітілдес халықтар арасына таралуы халифат мәдениетінің ықпалына және сонымен ілесе араб алфавитінің енуіне байланысты IX-X ғасырларда шектеле бастаған тәрізді.Қазақстандағы нақты әлеуметтік-экономикалық және мәдени жағдайлар оның жерінен әл-Фараби сияқты орта ғасырлық ой алыбының және басқа да көптеген ғалымдардың шығуына себеп болды. Әл-Фараби – Қазақстан мен тұтас Орта Азияның ғана ежелгі және ортағасырлық цивилизациясының жемісі болып қойған жоқ, оның творчествосында бүкіл араб халифаты елдерінің: Египеттің, Сирияның, Иранның, Ирак пен Солтүстік Африканың мәдени және ғылыми табыстары өз көріністерін тапты. Әл-Фараби Үндістанда және ежелгі дүниеде жасалғандардың бәрінің ұлы мұрагері болды.Белгілі бір дүние таным жүйесінің теориялық бастау көздері қандай болса да, оның тамыры, түптеп келгенде, реалдық тарихи жағдайға жатады. «Адам ата-анасынан гөрі өзі өмір сүрген уақытқа ұқсайды» дейді араб нақылы. Және бұл жағдайды кез-келген ойшылдың әлеуметтік-этникалық көзқарастарының мысалдарынан байқауға болады. Әл-Фараби жөнінде бұл өте-мөте шындық, өйткені ол ортағасырлық шығыста бірінші болып азаматтық философия деген атпен социологиялық теория жасап шығарды. Онда Әбу Насыр қоғамның пайда болу себептері, әртүрлі коғамның типологиясы мен құрылысы, басқару механизмі, еңбек бөлісі және тағы сол сияқты қоғамтанудың принципік мәселелерін көтерді. Этиканы саясатпен байланыстыра отырып, ол адамгершіліктің жоғары категориясы бақыт және бақыт болғанда, ақиқатты танып-білу мен адамның адамдық қасиетін дамытудан құралатын кәдімгі реальдық тіршіліктегі бақыт деп таныды.Адамды өзінің жаратылыс болмысынан коғамдық тіршілік иесі деп таныған әл-Фараби қоғамның пайда болуын адамдардың табиғаты талап ететін қажеттіліктерден деп түсіндіреді.Ұлы ғұламаның логиканың мағынасы мен мәнін түсінуі оның дүниетанымымен байланысты. Әл-Фарабидің дүниетанымының негізгі принциптері дүниенің мәңгілігі туралы, себепкерліктің жалпыға ортақтығы туралы және ең соңында, ақыл туралы ілімдерде топтасқан. Әлемді басқаратын бір күш бар. Аспан астындағы бірқатар сфералар арқылы ол айдай әлемге әмірін жүргізетін және материя түріндегі мәңгілік субтраттың (негіздің) бар екендігін есепке алып, оны әрдайым жаңғыртып отыратын саналы күшті жіберіл отырады. Ай астындағы әлемде басқарушы рухани күш — харакетшіл ақыл. Тумақ бар жерде өлмек бар екені анықталған Ай астындағы әлемді әл-Фараби жетілудің әртүрлі баспалдақтарына бөледі де, оның ең жоғарғы сатысына үйренген, оқып-тоқыған ақылды қояды. Қазір, елде біреулер адам ақылының отын өшірмек боп отырған кезде, әл-Фарабидің ақыл туралы пікірі адам рухының, оның ұлылығының апофеозы (құдіреті) болып көрінеді. Шындығында да, ортағасырлық ұлы ойшылдың барлық ой-толғамдарындағы ең басты, ең өзекті мәселе адамзаттың жетілуіне жәрдем жасауға ұмтылу болып табылады.Әл-Фараби мұрасын зерттеудің көп ғасырлық тарихы бола тұрса да соңғы уақытқа дейін оның физика-математикалық еңбектері зерттелмей қалып келді. Ол негізінен, математика, физика және басқа жеке ғылымдардың кейбір методологиялық мәселелеріне ғана оқта-текте көңіл бөлген философ ретінде аталды. Алайда өз заманындағы жаратылыстанудың теориялық негіздерін жасауда әл-Фарабидің рөлі ұлан-ғайыр. Математика тарихы үшін оның тригонометрия мен геометрия саласында жүргізген зерттелерінің зор маңызы бар. Ол алғашқылардың бірі болып алгебра пәнін айқындап берді. Оның пікірінше, бүл пән арифметика үшін де, геометрия үшін де ортақ ғылым бола тұра, белгісіз шамалардың сандық мәнін табудың жалпылама методтарын тексереді.Әл-Фараби еңбектері әлемнің гелиоцентрлік дұрыс көріністері ғылымға белгілі болмай тұрған кезеңде жарық көрді. Ол әлі Коперниктің, Кеплердің, Ньютонның ашатын жаңалықтарының заманы тумаған кез еді. Ежелгі дәуір мен орта ғасыр астрономдары бұрынғы бақылауларына сүйене отырып, аспан жарық көздерінің Жерден қарағандағы орналасу жағдайын ғана айтып келді. Әлемнің дұрыс көрінісін білмеу бұл міндетті шешу жолын қиындата тұрса да, оны шешу үшін қолданылған методтар ғылыми ой-пікірдің көрегендігін байқататын тамаша үлгі болып табылады.Әл-Фарабидін жалпы биология мәселелері жөніндегі, адам физиологиясы жайындағы көзқарастары ғалымдардың толып жатқан ұрпағын қалыптастыруға тікелей ықпал етті. Табиғат зерттеушісі ретінде ол фактіні объективті бақылау әдісіне үлкен мән берді, дәрігерлерді шеберлігін шыңдап, логикасын дамытуға шақырды, өйткені осыдан келіп «медицинадағы шеберлік артады» деп есептеді, тар шеңберлі профессионализмге қарсы күресті.Фараби, әсіресе, Шығыста терең де мағыналы із қалдырды. Оның идеяларының ықпалы араб елдері мен Шығыстың басқа да шетелдік мемлекеттерін былай қойғанда, Кавказ бен Орта Азияда біздің заманымызға дейін сезілетін-ді.Ұлы ғалымның ілімі мен идеялары қазақтың ағартушы демократтарына да таныс болғандығын үлкен сеніммен тұспалдауға болады. Бұл арада Ш. Уәлихановтың , Орта Азия ренессансы жайлы пікіріне, Абай Құнанбаевтың ежелгі грек, ежелгі араб сюжеттері («Ескендір», тағы басқа) бойынша жазған шығармаларына сүйенуге болады. Фараби тәрізді олар да ғылым мен ағарту жолындағы шынайы күрескер болды, ақыл-парасаттың түбінде жеңіп шығарына сенді, надандықты, соқыр сенім мен әлеуметтік теңсіздікті әшкереледі.Ортағасырлық ұлы ойшыл Фарабидің осы ізгі арманы тек біздің заманымызда ғана іске асты.Орта Азия республикалары мен Қазақстандағы ғылым мен мәдениеттің өркендеу қарқыны аса жоғары. 1941 жылдың өзінде мұнда халықтардың мәдени артта қалушылығы іс жүзінде жойылды: жұртшылықтың сауаттылығы 80-85 процентке жетті, халық ағарту ісін, ғылымды, әдебиет пен өнерді дамыту саласындағы табыстарымыз да айдан анық болды. Мысалы, сол уақыттың өзінде Орта Азия республикаларының барлығында дерлік СССР Ғылым академиясы мен Ленин атындағы Бүкілодақтық Ауыл шаруашылық академиясының базалары мен филиалдары құрылды, ғылыми мекемелердің кен жүйесі жұмыс істеді, жергілікті ұлт өкілдерінен шыққан С.Д.Асфендияров, Қ.И.Сәтбаев, Т.Қары-Ниязов, Т.Сарымсақов сияқты ғалымдар отряды топтасты.Орта Азия мен Қазақстанда мәдениет пен ғылымның шындап гүлденген тусы соғыстан кейінгі кезең болды. Орта Азия мен Қазақстанның жалпы білім беретін 30 мыңнан астам мектептерінде бұл күндері 12 миллион адам оқиды. 100-ден астам жоғары оқу орындарында — 600 мыңнан астам, 500 техникумда — 500 мыңнан астам студент оқып жүр. Әрбір 10 мың адамға шаққанда келетін студенттер мен оқушылардың саны жағынан біздің республикаларымыз бұл күндері Англия, Франция, Италия, Жапония, тағы басқа капитализм елдерін басып озды.Ғылым саласындағы прогресс те бұрын естіп білмеген дәрежеге жетті. Барлық бес республиканың бәрінде де Ғылым академиясы бар. Оларда жұмыс істеуші үлкен де еңбекқор ғылыми коллективтер ғылымның халық шаруашылығы үшін де, теориялық та мәні зор сан-салалы бағыттарын зерттеу үстінде.Мысалы, Қазақ ССР Ғылым академиясының кұрамында 26 ғылыми мекеме бар, оларда 10 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың 3589-ы ғылыми қызметкерлер, оның ішінде 171 адам –ғылым докторы, 1446 адам – ғылым кандидаты. Бір қуанышты нәрсе, ғылыми қызметкерлер арасында әйелдер де аз емес (1507), олардың ішінде 30 адам – ғылым докторы, 516 адам— ғылым кандидаты.Жалпы, республикамызда бұл күндері 200-ден астам ғылыми мекеме бар, оларда 30 мыңнан астам ғылыми қызметкер еңбек етеді, оның 500-ден астамы ғылым докторы, жеті мыңнан астамы ғылым кандидаты.Қазақстан ғалымдары өз зерттеулерімен казіргі заманғы мәдениет пен ғылымға қомақты үлес қосып отыр. Олар ашқан көптеген жаңалықтар өндіріске кеңінен енгізіліп техникалық прогреске, өндірісті ұлғайтуға септігін тигізіп, өнімнің экономикалық тиімділігін арттырып келеді.Қазіргі Орта Азия мен Қазақстанның көптеген тамаша ғалымдарының, жазушыларының, композиторларының, артистері мен музыканттарының есімдері біздің Отанымыздан сырт жерлерге де кеңінен мәлім. Олардың еңбектері орындаушылық шеберлігі, олар жасаған көркем образдар дүние жүзінің кептеген халықтарының игілігіне айналып, әлемді таңырқатып отыр. В.И.Лениннің көрегендікпен атап айтқанындай, ғылым мен мәдениет біздің елімізде тарихи қысқа мерзім ішінде тек кеңінен дамып қана қойған жоқ, сонымен бірге тұрмысымызға да мықтап сіңісіп, социалистік қоғамды одан ері жетілдіруші және қайта жасартушы басты құралға айналды.Қазіргідей, ғылым қоғамның тікелей өндіргіш күшіне айналып отырған шақта, өз зерттеулерінің сапасы үшін ғалымдардың әлеуметтік жауапкершілігі күшейіп отырған бүгінгі ғылыми-техникалық революция дәуірінде өткен замандағы мәдениет қайраткерлерінің ақыл-ойды құрметтеу, ақиқат алдында бас ию туралы өсиет аманаты ешқашан ескірмейді де кұндылығын жоймайды. Бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын өмір сүрген ойшылмен бұлайша дидарласу біздің санамызды, адам баласы мәдениетінің үзіліссіз әрі берік бірлікте болатындығы, адамзаттың бүкіл тарихы бойына жасалған және марксизм-ленинизм игеріп, бойына сіңірген іргелі қазыналардың мәнділігі жайындағы сезімімізді байыта түседі. Біз бұл мерекені түрлі елдердің мәдениет қайраткерлері арасындағы әр жақты байланыстарды күшейту ісіне кызмет етеді деп сенеміз.
А. ҚОНАЕВ,
Қазақ ССР Ғылым академиясының президенті