07 Тамыз, 2013

Ендігі сөзді «Егеменнен» күтемін

377 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ручка-перья-2

Редакцияға Жамбыл облысының Қаратау қаласында тұратын журналист Қаржаубай Базардан хат келді. Онда автор өзінің 2 жылдан бері жұмыссыз жүргенін айтып шағынады. Біз бүгін сайт аясында сол хатқа орын беруді жөн көріп отырмыз. Шағымдағы кейбір грамматикалық және стилистикалық қателерді түзеткеніміз болмаса, оның мазмұнына тиіскен жоқпыз.

Енді облыстағы тиісті құзырлы орындар хатта баяндалған жайлардың ақ-қарасын анықтап, өздерінің тиісті бағаларын берер деген үміттеміз.

Мен 1984 жылдан Қаратау қаласында тұрамын. Кен байыту фабрикасының шахтасында еңбек ете жүріп, ҚазМУ-дың журналистика факультетіне сырттай түсіп, оны 1997 жылы бітірдім. 2000 жылғы 6 наурыздан Талас аудандық «Талас тынысы» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болып еңбек етіп келдім. 2011 жылдың 13 шілдесінен бері жұмыссызбын. 2011 жылғы 12 шілде күні редакцияда жұмыс аяғында төбелес болып, газет редакторының орынбасары екеуі маған жабылған.

Ертеңіне аудан әкімінің орынбасары Мұрат Тұрысбековтің алдына барғанымызда, ол «екеуіңіз де жұмыстан шығасыздар» деді. Сонда Дүйсен: «Қаржау өз еркімен арыз жазып, 1,5 ай демалсын, сосын қайта аламын» деді. 1,5 айдан кейін келсем, алмаймын деп отыр. Сосын мен аудан әкімі Айтқазы Қарабалаевқа арыз жаздым. Ал Айтқазы мырзада үн жоқ. Осы аралықта аудандық қаржы полициясына, аудандық прокуратура, аудандық сотқа дейін жұмысыма кіргізу жөнінде арыздандым. Бәрінен де «Бұл істі біз шеше алмаймыз» деген хат келді. Бір күні осыны айтып хат жазып, әкімге жібердім. Ал әкімнің ішкі саясат бөлімі мені шақырыпты. «Не талап етесіз?» деді ағай. Мен. «Осы уақытқа дейінгі айлығымды және әкім өз атынан ат-шапан айыбын төлесін» дедім. Сол күні кешке көлік қағып, аяғым сынды.

2009 жылы газет редакторы орынбасары Сәуленбай Әпсадықтан сол кездегі әкім Оңласын Жиенқұловқа арыз түскен. Сонда әкім ардагер қарияларды салып жатып, арызын алдырған. Сосын оны аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бастығы етіп көтеріп жіберді. Сол кезде ол үйінде отырған әйелін редакцияға еден жуушы етіп кіргізді. Ол орында бұрын алты баласы бар, сол кезде күйеуі жұмыс істемейтін Күлпаш деген келіншек істеген, оны жұмыстан шығарды.

Осы аралықта мен ауданға келген Парламент Мәжілісінің депутаттары Б.Ертаев пен Қ.Жабағиевқа да айттым, облыстық тәртіптік кеңестің Ә.Сатыбалдинге де айттым. Ол кісі тез орнына алыңдар деп тапсырып кетті. Ертесіне әкім аппараты жетекшісіне барсам, Б.Бадаев: «Әкім сені маған кіргізбей-ақ, мәдениет бөлімінен жұмыс тауып беруді тапсырды» деді. Мәдениет бөлімінің бастығы Ғани деген ініме барсам: «Ағай, бір ай күте тұрыңыз, демалыстағылар келсін» деді. Айтқан уақытында келсем: «Ағай, сізді бүкіл облыс таниды екен, мықты журналист, байқа, басың бәлеге қалмасын дейді, енді әкімнің алдынан бір өтіңізші» деді.

Содан бері мен әлі әкімді ұстай алмай жүрмін...

Қаржаубай Базар,

журналист.

Қаратау қаласы,

Жамбыл облысы.