Аймақтар • 04 Ақпан, 2020

Аң-құс та аман болсыншы

495 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл Арқада қыс қатты. Ақырған аязы болмағанымен, қар қалың түсті. Орман-тоғайды, жайылымдық жерді басып қалды. Табиғаттың тосын мінезі жабайы аң-құсты да қыспаққа алуда.

Аң-құс та аман болсыншы

Қыс қаһарына мінгелі «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері орман алқабындағы жабайы жануарлар мен аң-құстарға астау жасап, жем-шөп жеткізуді ұдайы жүргізіп келеді. Биотехникалық іс-шаралардың нәтижесінде аймақтағы аң-құстың саны анағұрлым артқан.  

– «2007 жылдан бері жұмыс істеймін. Қыс қиындығынан қысылған, азықсыз қалған аң-құсты қорып келеміз. Қоректенуге арналған алаңқайлар салып алғанбыз. Жазда жіті қимылдап, 40 мың ағаш жапырағының тумасын, 42 тонна жем-шөп әзірлегеніміз жақсы болыпты»,– дейді бас орманшы Алексей Ли.

Соңғы үш жылдағы ұлттық парк аумағында аң аулауға жарияланған мораторийге байланысты өңірде браконьердің мылтығының қарауылына ілікпеген аң-құс көбейіп келеді. Табиғаты тамылжыған өлкеде елік, марал, дала доңызы, түлкі мен қоян, өзге де аң-құстың жүздеген түрі  мекен етеді. 

– «Біздің Жыланды орманшылығының алқаптарында жабайы аң-құсқа апта аралатып жем-шөп саламыз. Қардың қалыңдығы жануарлардың азық табуына қиыншылық тудырып отыр», – дейді «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Зеренді филиалының директоры Күшпай Бұқанов.  

Аң-құсты аман алып қалу парыз. Бұл орайда орманшылардың ісі оңды.

 

Ақмола облысы.