Абай • 05 Ақпан, 2020

Хакім ұлағаты

287 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еркіндік әлемінде еңселі елге айналған Қазақ­стан 2020 жылдың есігін ерекше елеулі жетіс­тіктермен ашты. Әсіресе тылсымы терең тұман­ды тарихтың қойнауында қалып, күңгірт тарта бастаған халықтың рухани құндылықтары қайтадан өмірге келіп, өзінің қадір-қасиетімен жалпы жұртты тәнті етті. Бүгін мен болашаққа қажетті мұндай маңызды мәселелердің жүзеге асуына жол ашқан Қазақстан Республикасы­ның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалы мақалалары екендігі баршаға белгілі.

Хакім ұлағаты

Қазақ елі үшін 2020 жылы да дүр сілкіндірер дүбірлі дүниеге толы жыл болмақ. Сондай мәнді оқиғалардың көш басында ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы тұрғандығы ақиқат. Дайындығына жұрт болып жұмыла кіріскен мәртебесі биік, ауқымы кең, жауапкершілігі жоғары осындай жалпыхалықтық шараның алғашқы беташары Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың терең ойдың тебіренісінен туған, тың толғаныстарға толы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақсатты мақаласынан бастау алды.

Мақала маңызының кереметтілігі кемеңгерлікпен айтылған келісті ой-тұжырымдарда жатыр. Олардың барлығын тарқатып беру ұзақ мерзімдік зерделеуді қажет етеді. Десек те, саналы ұрпақты салиқалы ойға жетелейтін біраз тұстарына тоқтала кетуді өзімізге міндет санадық.

Алғашқы айтылатын мәселе мақала атауымен тікелей байланысты. Мемлекет басшысы ұлы ақын­ның мұрасын бүгінгі Қазақстанмен дәлелді түрде сабақтастырған. Бұл бұрын-соңды айтылмаған тың тұжырым. «Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжы­рым­дары баршамызға қашан да рухани азық бола алады», дей келіп, ақын мұрасының жасампаздығын бұлтартпас пікірлер арқылы дәлелдеп берген. Мәселен, зерттеушілердің басым бөлігі Абай шығармаларының тәрбиелік маңызына ерекше екпін түсіретіндігін білеміз. Көзқарас, ой, пікір, түйін осы тұрғыдан көрі­ніс беріп жатады. Ал мақалада ақынның өмірдің, қоғам­­ның, адамның жаңашыл тұрғыда дамуына бай­ланысты айтқан астарлы ойларының қайнар көзі ашылған. Сөйтіп оны қазіргі кезде қалай қолдануға болатындығын көрсеткен.

Келесі назарға түсетін маңызды мәселелердің бірі – Абай мұрасын зерттеп, зерделеудің жаңа үлгісі. Біз көпшілігінде қалыптасқан дәстүрге сай шығар­маларды тақырыптық немесе жанрлық тұрғыдан қарастырып талдауға көңіл бөлеміз. Мақалада астарлы сөздің аясындағы ақиқатты айқындап, төркіндік тұрғыдан жүйелі зерттеудің маңыздылығын ашқан. «Абай өлеңдеріндегі «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей», «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», «Өзіңе сен өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап», деген қазыналы ойлар бәрімізге жақсы таныс», деп айта келіп үзіндідегі топтастырылған Абай сөздерінде бір арнаға апарып тоғыстыратын жасырын жатқан сабақтастықтың бар екендігін аңғартып тұр.

Мақаладағы тағы бір тамаша дүние – Абай арқылы елдің рухын асқақтататын жолды анықтаған маңызды да мәнді тапсырмалар. Бұл орайда шет елдердегі Қазақстан елшіліктері жанынан «Абай орталықтарын» құру, Семей қаласын тарихи орталыққа айналдыру, Жидебайдағы музейге жаңа ғимарат салу, «Абай» журналын жандандыруға жағдай жасау шаралары халықтың мәртебесін тағы да бір биік белеске көтерері хақ.

 

Мұхаммадғали ӘБДУОВ,

филология ғылымдарының докторы, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры

 

Қарағанды облысы