Әлем • 05 Ақпан, 2020

Қазақ тілінде жаңашаланған «Қорқыт ата кітабы»

1524 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Қорқыт Ата жырлары – түркі ха­лық­тарын құрайтын ру-тайпалардың ма­ңызды әдеби жәдігері болумен қатар, адамзат баласына ортақ мәдени мұра­лардың бірі. Алғысөз бен он екі жырдан (хикаядан) тұратын бұл туынды әуел баста жыршыдан-жыршыға ұласып, ауызша таралып, XV-XVI ғасырларда оғыз тайпалары арасында қағазға түс­кен. Дрезден нұсқасының мұқабасында оғыз тайпасының тіліндегі шығарма («Китаби Дедем Коркут аля лисани таифе-и оғузан») ретінде көрсетілсе де, «Қорқыт Ата кітабы» – түркі халықтарының ортақ тарихын, дүниетанымын, тілін, әдет-ғұрпын, наным-сенімін, мифологиясын, этнографиясын, фолькло­рын, талғам-таны­мын толық қамтып, ашып көрсететін жазба ескерткіш.

Қазақ тілінде жаңашаланған «Қорқыт ата кітабы»

«Қорқыт Ата кітабының» негізгі екі нұсқасы бар. Оның бірі ‒ 1815 жылы фон Диц тапқан он екі жырдан тұратын Дрезден нұсқасы. Оның мұ­қа­­басында «Китаби Дедем Қорқуд аля лисани таифе-и оғузан» (Оғыз тай­па­сының тіліндегі Қорқыт Атам кіта­бы) деп жазылған. Ал екіншісі ‒ ита­лия­лық түрколог Этторе Россидің Ватикан кітапханасынан тапқан алты жырдан тұратын нұсқасы. Ватикан нұс­қасының мұқабасында «Хикайет-и Оғыз­наме-и Қазан бег уә ғайры» (Қазан Бек және басқаларының оғызнама хикаялары) деп жазылған. Сондай-ақ Дрезден қол­жазбасының фон Диц жасаған кө­шірме нұсқасы Берлин корольдік кітап­ха­на­сын­да сақтаулы тұр. Ал 2018 жылы Тегеранда Уәли Мұхаммед Қожа жазба жәдігердің үшінші нұсқасын тапты. «Түркістан», «Гүнбед» немесе «Түрікмен сахра» деп аталатын бұл нұсқа да қазіргі таңда ғылыми айналымға түсті.

Қорқыт Ата жырлары жөнінде осы уақытқа дейін шетелде де, Түркияда да көптеген зерттеу жасалды. Қорқыт Ата жырларын алғаш Х.О.Флейшер, Х.Ф.Диц, Теодор Нельдеке, В.Бартольд, Ә.Диваев, Туманский, К.Иностранцев, Ф.Бабингер, Этторе Росси секілді неміс, орыс, итальян ғалымдары зерттеді. Әсіресе Түркияда Мухаррем Эргин, Орхан Шаик Гөкйай, Семих Тезжан мен Хендрик Бушотен, Садеттин Өзчелик, Осман Фикри Серткая, Мустафа Качалин, Ахмет Бижан Эрджиласун; Әзер­байжанда Х.Араслы, М.Тахмасиб, Ш. Джемшидов, Е.Демирджизаде, Ф.Зейналов секілді ғалымдардың Дрез­ден мен Ватикан нұсқаларына қа­тыс­ты іргелі зерттеулерінің орны ерекше.

Ал 2018 жылы Уәли Мұхаммед Қожаның Тегеранда тапқан «Түркістан», «Гүнбед» немесе «Түрікмен сахра» деп аталатын үшінші нұсқасын Метин Экиджи, Юсуф Азмун жеке-жеке, ал Насир Шахгули, Валиоллах Якуби, Шахруз Атабай, Сара Бехзад және Рамиз Аскер секілді ғалымдар бірлесе қарастырып, зерттеу нәтижелерін 2019 жылы жариялады. Осылайша, түбі бір түркіге ортақ ұлы баба мұрасы күні бүгінге дейін үздіксіз зерттеліп, көп­те­ген еңбек жарық көріп келеді.

Біз осы мақалада 2019 жылы Қорқыт Ата жырларына қатысты Қазақстанда жарияланған тағы бір маңызды еңбекке тоқталғымыз келеді. Нұр-Сұл­тан қа­ла­­сындағы Қазақ ұлттық өнер уни­верситеті, Қорқыт Ата ғылыми зерт­­теу институтының басшысы, профессор Мырзатай Жолдасбеков пен бас ғылыми қызметкері, PhD докторы Гүлім Шадиева дайындаған «Қорқыт Ата кітабы (Дрезден нұсқасының транс­крип­­циясы, қазақша жаңашаланған мә­тіні, сөздігі)» деген атпен жарық көр­ген еңбектің ең басты ерекшелігі – аталмыш жазба жәдігердің Дрезден нұс­қасының Қазақстанда тұңғыш рет транс­крипциясымен бірге қазақ тілінде жаңа­шаланып берілуі.

Аталмыш еңбек «Кіріспе» (4-35-бб.), Дрезден нұсқасының транскрипциясы мен қазақша жаңашаланған, яғни қазақшаға аударылған мәтінін қамтитын «Қорқыт Ата кітабы» (37-305-бб.); «Қосымшалар» (305-323-бб.); «Сөздік» (324-367-бб.) және «Факсимиле» (369-680 бб.) деген бес бөлімнен тұрады. Ең­бектің соңында пайдаланылған әде­биет­­тер тізімі (681-683-бб.) мен мазмұны (684-687-бб.) берілген.

Авторлар еңбектің кіріспе бөлімінде Қорқыт Ата жырлары мен жазба жә­дігер­дің Дрезден, Ватикан және Бер­лин нұсқалары туралы мағлұматтар беріп, «Қорқыт Ата кітабына» қа­тыс­ты Еуропа, Ресей, Түркия және Әзер­бай­жанда жасалған зерттеулер мен оның Қазақстанда зерттелу кезеңдеріне тоқ­та­лады.

Бұдан бұрын Қазақстанда «Қорқыт Ата кітабын» Ә.Қоңыратбаев пен М.Бай­діл­даев орыс тілінен (1986), кейіннен Б.Ысқақов пен Ш.Ыбыраев түрік тілінен (1994; 1999) аударып жариялаған бола­тын. Қазақ тіліндегі бұл аудармалар Қорқыт Ата жырларының мазмұнын, тақы­рыбын, құрылымын көрсетуі тұрғысынан қаншалықты құнды еңбектер болса да, негізгі түпнұсқадан тікелей аударылмағандықтан, әдеби, еркін аударма сипатында болып, жазба жәдігердің тілінде көрініс тапқан маңызды тілдік ерекшеліктерді жеткілікті деңгейде ашып көрсете алмаған. Жаңа еңбектің кіріспе бөлімінде осы мәселе туралы айтылып, орыс тілінен жасалған аудар­ма­да «Қорқыт Ата кітабының» тілі мен қазақ тіліндегі ортақ элементтердің көзден таса қалып қойғаны білдірілген. Сондай-ақ жер-су атауларының орыс тіліне дұрыс аударылмауына байла­ныс­ты түпнұсқадағы «Қазылық» деген тау атауының қазақ тіліне «Кавказ» деп аударылғаны және тағы басқа да сәй­кес­­сіздіктер көрсетілген. Ә.Қоңырат­ба­ев пен М.Байділдаевтың, Б.Ыс­қа­қов пен Ш.Ыбыраевтың аудар­ма­ла­­рынан мысалға алынған жиырма бес­ке жуық сөйлем мен сөз тіркесі не­гізгі түп­­нұс­қа­мен салыстырылып, кем­шін тұс­та­ры көрсетіліп, дұрыс аудар­ма нұс­қа­сы да берілген. Мысалы, түп­нұсқадағы «Ол заманда Оғуз йігіт­леріне не қаза гелсе ұйхудан гел­үрі­ді» (D.97b75-6) деген сөйлемді Ә.Қоңы­ратб­аев пен М.Байділдаев қазақ тіліне «Оғыздар заманында жігіт басына қиын­дық түсер болса, ол соны түс көріп білу­ші еді» деп түпнұсқадан алшақтап аударған. Ал бұл сөйлем М.Жолдасбеков пен Г.Шадиеваның аудармасында «Ол заманда оғыз жігіттеріне қандай жаман­дық келсе де, ұйқыдан келетін» деген түрде түпнұсқаға сай, тілдік ерекше­лік­те­рі де толық сақталып берілген.

Сол секілді жазба жәдігердегі едәуір сөз тіркесі мен сөйлемдер орыс тілінен жа­сал­ған аудармада қазақ тілінде сақ­тал­­ған ортақ формалар ескерілмей ау­да­­рылған. Мысалы, ағзы дуалы (аузы дуалы) ‒ асыл туған бір ер; торы айғыр (торы айғыр) ‒ күрең ат; бешікде беле­дүгүм (бесікке бөлеген) ‒ бесікте өсір­дім; башы қайусы олмұш (басқайғы болып) ‒ сорайған басы қалыпты; яшанубан йағы йетті (жасанған жау жетті) ‒ қатарын түзеп жау келді; аяғына ат тұшағын ұрұң (аяғына тұсау салыңдар) ‒ аяғына ат тұяғын кигізіңдер; қадемі құтсұз гелін (қадамы құтсыз келін) ‒ тағдыры бақытсыз келін және т.б.

Ал М.Жолдасбеков пен Г.Шадиева­ның аудармасында жоғары­да­ғы мысал­дарда жақша ішінде көрсетіп өткені­міз­дей, жазба жәдігер тілі мен қазақ тіліндегі ортақ элементтер барынша сақ­­талып берілген. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бұл тұр­ғы­дан, жаңа еңбекті тілдік зерттеулерге қосылған елеулі үлес деп бағалауға болады.

Кіріспе бөлімнен кейін М.Жолдас­бе­ковтің «Асыл арналар (Зерттеулер, мақалалар)» (1986) атты еңбегінен алын­ған «Қорқыт (VІІІ ғ.)» деген бөлімде негі­зінен Қорқыт Ата жырларының маз­мұны, тақырыбы, құрылымы, пайда болуы, таралған аймағы, түркі ха­лық­та­ры­ның ортақ әдеби жәдігері болуымен қатар, Қорқыт Атаның да тарихи тұлға екені және тағы басқа мәселелер туралы мағлұматтар беріліп, Бұқаш хан, Салор Қазан ордасының шабылуы және Бамсы Бейрек туралы жырлардың қысқаша мазмұны баяндалып, негізгі идеясы баса көрсетілген.

Осы орайда профессор М.Жол­дас­бековтің аталмыш бөлімде айт­қан пікірлері ерекше назар аударар­лық. Ол «Қорқыт Ата кітабында» кезде­се­тін өлең, мақал-мәтел, нақыл сөз­дер­дің, сондай-ақ жырлардың оқиға же­лісі мен баяндау стилінің Күлтегін, Тоныкөк жазбалары, «Алпамыс» жыры секілді эпикалық шығармаларға тән ерекшеліктер көрсететінін, тарихи жыр-дастандармен сабақтас екенін мысалдармен айтып өткен. Сонымен қатар Қорқыт Ата жырларының VІІ-VІІІ ға­сыр­­ларда Сырдария бойында тіршілік кешкен оғыз тайпалары арасында пайда болып, түркі халықтары арасында ауызша түрде кең таралғанын, оғыздардың ол кезеңде қаңлы, қыпшақ, найман, қарлұқ тай­па­ларымен бір географиялық аймақта өмір сүр­генін, Жетісу, Ыстықкөл, Ал­ма­­лық және Сайрамнан ығысып, Сырдарияның төменгі аймағына қо­ныс­­танғанын, ХІІ ғасырдан бастап Қорқыт Ата жырларының хатқа түсе бастағанын, бірақ біздің заманымызға тек екі нұсқасының сақталып жеткенін, бұлардың ішінде Дрезден нұсқасында қыпшақ, ал Ватикан нұсқасында оғыз тілінің ерекшеліктері басым екенін, жазба жәдігердің тілі түрікмен, әзербайжан, қазақ, башқұрт, қарақалпақ тілдеріне жақын деп саналатынын білдірген. Ғалымның бұл пікірінің негізді екенін жоғарыда жазба ескерткіш тіліне қатыс­ты берілген мысалдар да қуаттай түседі.

Жаңа еңбектің ең басты, маңызды бөлігі ‒ «Қорқыт Ата кітабы» (37-305-бб.) деген бөлімі. Бұл бөлімде жазба жәдігердің Дрезден нұсқасының транскрипциясы мен қазақ тіліне жаңашаланған мәтіні берілген. Жоғарыда айтып өткеніміздей, М.Жолдасбеков пен Г.Шадиева жазба ескерткіштің транскрипциясын жасаумен қатар, барлық тілдік ерекшеліктерін нақты ашып көр­се­тетіндей дәрежеде жырларды сәт­ті аударып шыққан. Түпнұсқаның тран­с­крипциясы мен аудармасының алдында транскрипция әліппесі (37-38-бб.) ұсынылып, Дрезден нұсқасындағы араб әріптерінің қазіргі қазақ (кирилл) әліпбиіндегі транскрипциялық баламалары көрсетілген. Дрезден нұсқасының қазақ тіліне аудармасында сол жақтағы бағанға түпнұсқаның транскрипциясы, ал оң жақтағы бағанға жолма-жол сәйкес келетіндей түрде қазақ тіліндегі аудармасы беріліп отырған.

Факсимиле транскрипциясы мен оның қазақ тіліндегі аудармасын салыс­ты­рып оқу үшін оң бағанда түпнұс­қа­дағы парақ, бет және жол­дың нөмірі ретті түрде көрсетіліп отырған (D.3a-1, D.3b-1, т.б. секілді). Түпнұсқадағы жолдар қазақ тіліне аударылғанда, түпнұсқа мәтіндегі сөйлем реті де сақталып, мағы­на­лық бүтіндік ескерілген. Мысалы, түпнұсқада:

Йапа йапа қарлар йағса йаза қалмаз,

Йапағулу гөкче чемен гүзе қалмаз

(D.3b-8, 9).

Қазақша аудармасы:

Жапалақ-жапалақ қар жауса да

жазға қалмас,

Жайқалған көк шалғын шөп

күзге қалмас.

 

Түпнұсқада:

Қара қайғулу вақыа гөрдүм. Йумруғум­да талбынан шахині, бенүм қушумы өлүр көрдүм (D.23a-12, 13).

Қазақша аудармасы:

Қара қайғылы оқиға (түс) көрдім. Қолымда талпынған қыранның, құсымның өлгенін көрдім.

Түпнұсқадағы мәтіннің нақты, дұрыс аударылуы тілдік зерттеулер үшін аса маңызды. Өйткені әдеби, еркін аудармалар арқылы тілдік ерекшеліктерді салыстырып зерттеу мүмкін емес. Жол­ма-жол, түпнұсқа мәтінге сәйкес түрде аударма жасалғанда ғана жазба ес­керткіштегі сөздердің қазақ тілін­де­гі баламаларын нақты көрсету, салыстыру оңайырақ болады. Мұның, әсіресе, қыпшақтық элементтердің айқын­да­луын­да үлкен маңыз бар.

Шынында да, М.Жолдасбеков пен Г.Шадиева дайындаған еңбектен қазіргі түрік тілінде қолданылмайтын, ал кейбірі түрік тілінің тек диалектілерінде ғана кездесетін байы- (баю), көтүр- (көтеру), оқыра- (оқырану), қарға- (қарғау), обрыл- (опырылу), йорт- (жорту), сасы (сасық), талбын- (талпыну), ат чап- (атпен шабу), йалман (жалман, қылыштың ұшы), дан-дансұх (таңсық), қалын (қалың, көп, мол, нөпір), бөгелек (бөгелек), үз- (үзу, жұлу), чөнгел- (шүңірею), кеңеш- (кеңесу), йағрын (жауырын), өрү тұр- (өре тұру), йігіт йелің (жігіт-желең), қаржаш- (қаржасу), йелім (желім), сексен- (сес­ке­ну), йашур- (жасыру) секілді және т.б. көптеген сөздің қазақ тілінде сақталып қалғанын көреміз.

Сондай-ақ Қорқыт Ата жырла­рын­да­ғы кейбір морфологиялық формалар да қазіргі қазақ тілінде сақталып қалған. Мәселен, йортқыл (D131a-11) – жортқын; қалын Оғуз еліне гелгүм йох, ‒ деді (D.132a-1) – қалың оғыз еліне келгім жоқ, – деді.

Еңбек авторлары негізінен Дрезден нұсқасын транскрипциялап, аударса да, қолжазбадағы кемшін, толық емес тұстарды Ватикан нұсқасын да назарға ала отырып толықтырып, қате жазылған жерлерді түзетіп оқып, сілте­ме­лерде көрсетіп отырған. Мысалы, Дрезден нұсқасында (D.3b-6-7) «Күл депежүк олмаз. Қара ешек башына ұйан ұрсаң қатыр олмаз» деп жазылған бөлім Ватикан нұсқасымен салыстырылып «Күл депежүк олмаз, [гүйегү оғұл олмаз]. Қара ешек башына ұйан ұрсаң қатыр олмаз» (Күл төбе болмас, [күйеу ұл болмас]. Қара есектің басына жүген салсаң да, қашыр болмас) деп толықтырылып берілген. Дрезден нұсқасын транскрипциялағанда бұдан бұрын қолжазба бойынша зерттеулер жүргізген Орхан Шаик Гөкйай, Мухаррем Эргин, Садеттин Өзчелик, Мұстафа Качалин, Семих Тезжан мен Хендрик Бушотен секілді ғалымдардың еңбектері де ескеріліп, пайдаланған тұстарын сілтемелерде білдіріп отыр­ған. Түпнұсқа мәтінді транскрипция­лап, аудару барысында қажетті түсінік­те­мелер мен түзетулерді, сондай-ақ автор­лардың белгілі бір ұстаным-көзқа­рас­тарын білдіретін жалпы саны 536 сілтеме берілген. Еңбекте бұрынғы зерттеулерден толықтай өзгеше, автор­лардың өздеріне тән оқу стилін көр­се­те­тін, жаңаша мағына үстеген тұстар да кездеседі. Мысалы, қой- етістігі құй- түрінде (сөзіні құлағына құймаз), үш-/ ұш- етістігі өш (адеме өш ‒ адамға өш), Басат Бисат деп, т.б. түрде оқылған.

Еңбектің «Қосымшалар» (305-323-бб.) бөлімінде Қорқыт Ата жырларындағы 102 кісі есімі, 10 ру-тайпа және 58 жер-су атауы алфавиттік ретте тізіліп, тиісті кейіпкерлердің кім екені, қай жырларда кездесетіні, туыстық байланыстары, жырлардағы рөлі, жалпы сипаттары мен ерекшеліктеріне қатысты түсініктемелер берілген. Жер-су атауларына қатысты түсініктемелерде тиісті жерлердің бұрынғы кезеңдерде және қазір қайда орналасқаны жөнінде пікір білдірілген. Жалпы алғанда, Анадолы (Түркия), Әзербайжан, Грузия, Армения, Кавказ аймағы (Дағыстан, Абхазия/ Ресей Федерациясы), Сирия және Ор­та Азияның Қорқыт Ата жырларында қамтылған аймақтар екені мәлім. Жыр­лардағы Алатау, Арқа бел (еңбек авторларының пікірінше, Қазақстандағы Сарыарқа), Гөкче тау (Көкшетау), Қазылық (Қазығұрт), Қаратағ (Қаратау), Қара­жұқ (Қарашық), Түркістан секілді жер атау­ларының қазіргі таңда Орта Азияда, әсіресе Қазақстанда кездесе­ті­ніне назар аударып, жоғарыда айтып өткен тілдік ерекшеліктерге зер сала қарағанда, жырлардың басым бөлігінің осы аймақта туып, кейіннен батыс пен оңтүстікке қарай ойысып, толыға түс­ке­нін аңғарамыз.

Еңбектің «Сөздік» (324-367-бб.) бөлімінде жырлардағы сөздер мен сөз тіркестері алфавиттік ретпен тізіліп, қа­зақ­ша баламалары берілген. Бұл бөлімде индекстің берілмеуі, қандай сөз­дің қай жерде кездесетіні белгіленіп көр­се­тілмеуі еңбектің бір кемшін тұсы деп ойлаймыз. Кітаптың соңғы бөлімінде 155 парақтан тұратын Дрезден нұс­қа­сы­ның факсимилесі алғашқы және соңғы мұқаба бетімен бірге түрлі-түсті бояумен басылған.

Профессор М.Жолдасбеков пен зерт­теу­ші Г.Шадиева дайындаған «Қорқыт Ата кітабын» осы уақытқа дейін Қазақс­тан­да аталмыш жазба жәдігерге қатысты жасалған аса маңызды еңбек деп санаймыз. Бұдан бұрын орыс және түрік тілдерінен жасалған еркін, әдеби аудармалармен салыстырғанда шығарманың Дрезден нұсқасынан транскрипцияланып, түпнұсқа ерекшеліктері мей­лін­ше сақтала отырып, қазақ тіліне ауда­рылуының тілдік зерттеулер үшін маңызы зор. Осылайша шамамен сегіз мыңға жуық сөз бен сөз тір­ке­­сін қамтитын жырлардың тілдік ерек­ше­­ліктері, тілдің қалыптасып, даму кезең­дері, тарихи грамматикасы, тілдік құры­лы­мы, өзгеру заңдылықтары, сөздік қордың сақталуы немесе жоғалуы секіл­ді көптеген мәселенің басын ашып, айқын­­дауға үлкен мүмкіндік туып отыр. Бұл тұр­ғыдан аталмыш еңбек келешекте «Қорқыт Ата кітабының» тілі мен тілдік ерек­шеліктеріне қатысты жасалатын зерт­­теулерге негізгі дереккөз болуға ла­йық шығарма. Қорқыт Ата жырларында кездесетін қыпшақтық элементтер, жер-су атаулары, салт-дәстүрлер мен тағы басқа да мағлұматтардың тіл, тарих, фольклор, әдебиет, этнография зерттеулеріне өзіндік үлес қосары анық. Сол себепті әлемдік деңгейде таныл­ған құнды жәдігердің Қазақстанда тұңғыш рет транскрипциясын дайындап, қазақ тілінде жаңашалаған профессор М.Жолдасбеков пен PhD докторы Г.Шадиеваны, сондай-ақ осы еңбектің дайындалып, жарық көруіне атсалысқан редакция алқасының мүшелері профессор А.Мұсақожаева, профессор Д.Қыдырәлі, профессор Ш.Ыбыраев, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Ә.Қазақ­баев және ғылым магистрі Р.Әлім­бековті шын жүректен құттық­тай­мыз. Еңбектің түркология ғылымына, қорқыттану саласына елеулі үлес қосар жаңа, тың зерттеулерге бастама болатынына сеніміміз мол.

 

Эрджан АЛКАЯ,

профессор, Фырат университетінің гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультеті қазіргі түркі тілдері мен әдебиеттері бөлімінің меңгерушісі

 

Элазығ қаласы, Түркия