08 Тамыз, 2013

Ардагерлер – алтын қазық

415 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Ел ағасыз болмас» демекші, ел ішінде дария кеуде, қазына, аузы дуалы қариялар баршылық. Білермен, елге ықпалы жүретін, елім дегенде ішкен асын жерге қоятын, менде болғанша, елде болсын деп елдің қамын ертерек ойлайтын аға буын легі әлі таусылған жоқ. Олар білікті де білімді, көрген-білгені көп, кешегіні де басынан өткізген, бүгінгіні де білетін үлкендер тобымен толығып жатыр. Бұл, әрине, өмірдің жалғасы, ешқашан таусылмақ емес.

«Ел ағасыз болмас» демекші, ел ішінде дария кеуде, қазына, аузы дуалы қариялар баршылық. Білермен, елге ықпалы жүретін, елім дегенде ішкен асын жерге қоятын, менде болғанша, елде болсын деп елдің қамын ертерек ойлайтын аға буын легі әлі таусылған жоқ. Олар білікті де білімді, көрген-білгені көп, кешегіні де басынан өткізген, бүгінгіні де білетін үлкендер тобымен толығып жатыр. Бұл, әрине, өмірдің жалғасы, ешқашан таусылмақ емес.

Біздің ұлы батыр бабамыз Райым­бектің атымен аталатын ауданда зейнеткер қариялардың ұйымдары бар. Олар 64 бастауыш, бір аудандық ұйымға біріктірілген. Бұлардың барлығы: «Бәрін де көрдіңіздер, бәрін де бердіңіздер, Бәріне көндіңіздер, бәріне сендіңіздер», деп Мұқағали жырға қосқандай, өмір өткелдерінің барлығынан өткен, тәжірибелері жеткілікті, бүгінгі тірлікті жатсынбай, шама-шарқынша өз үлесте­рін қосуға дайын ақсақалдар мен ата, әжелер легі.

Тәуелсіздіктің алғашқы таңы атып, бойындағы бұғау, ойындағы кісен алынғаннан бастап, жаңаша өмір сүрудің дабылы қағысымен, бүгінгімен біте қайнасып, кедір-бұдыр кедергілермен күресті еркін бастап кеткен еді аға буын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары небір қиыншылықтар болды. Осы тығырықтан шығудың жолын қариялар тапты.

Жалаңаш – бұрынғы Кеген ауданының орталығы болған елді мекенде сол жылдары түнде адамдар көшеге шығудан қалып, бұзақылар бел алып, елді тонап, қорқытып, үрей туғызған еді. Мұратбек бастаған ақсақалдар атты жасақ құрып, түнде өздері бастап көше-көшеге шығып, бұзақылар мен басбұзарларға тыйым салды. Көп кешікпей Жалаңаш ауылында тыныштық орнады.

Тағы бір мысал. Өздері бата беріп, тойын өткізген жас отбасы жыл өтпей жатып, ажырасатын болдық деп Мұратбекке келеді. Мәселе, келіннен емес, енеден екен. Жас келінді адуынды ене «отырса опақ, тұрса сопақ», «ақырын жүрсе шуаяқ, қатты жүрсе қуаяқ» жасап, үйге сыйғызбайтын болған. Мұратбек ақсақал ене, күйеу мен келін, құда-жекжатты ақсақалдар алқасына салып, келістіріп, табыстырған еді сонда. Олар қазір үбірлі-шүбірлі, үлгілі отбасы болып отыр.

Қарқара ауылы Қырғызстанмен шекаралас, күре жолдың бойындағы елді мекен. Сол кездері онда мал ұрлығы белең алып, ауылда тәртіп нашарлады: күл-қоқыс көшеге төгіліп, көршілес ауыл тұрғындарының арасында ұрыс-керіс, дау-дамай көбейді. Ауыл ақсақалдары кеңесінің төрағасы Әбдірасыл қарияларды жинап, ақылдасты. Тәртіпке шақыратын учаскелік полиция инспекторы жоқ, не істеу керек? Өздері ұйымдасып, полиция инспекторын ұстауға қаржы жинап, жасақ құрып іске кірісті. Соның нәтижесінде ауылда тәртіп орнады, ұрланған малдар кері қайтарылды.

Ал Сарыбастаудың көрші Ұйғыр ауданымен жаз жайлауы, қыс қыстауы бір. Мал ұрлығы өршіді, мал табын-табынымен жоғалатын болды. Ақсақалдар алқасының төрағасы Әшірбек түнгі атты жасақ құрып, аңдып, ұрыларды құрықтады. Сөйтсе, ауыл ұрылары тау асырып, арғы беттегі Сүмбеге, Сүмбенің ұрылары сол жақтың малын бері асырып, айырбастап пайда табады екен. Сөйтіп, екі жақтың ұрыларына да тұзақ салынды.

Бүгінде Сарыжаз ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мэлс Мамытханов қоғамға жат мінез танытып жүрген, ұсақ ұрлық жасап, ағайынның араздығын қоздыратындарды тезге салуда. Мәселен, бұзақылардың Дидар Шалабаев деген азаматты соққыға жыққанын естіп, кінәлілердің айыбын мойындарына қойып татуластырған еді. Ауылда мектептен қашып, оқымай кеткен балалардың ата-аналарын шақырып, үш баланы Сарыжазға кәсіптік лицейге түсірген болатын.

Бұл бірер мысал ғана. Ауданымыздағы 23 ауылдық округтегі ақсақалдардың істеп жатқан осындай жұмыстары жетерлік. Ел емес пе, ағайынның аразды­ғы, дау-дамай болмай тұрмайды. Оны шама-шарқынша осы ақсақалдар-ақ шешіп келеді.

Біздер елдің ең шетіндегі Қытай мен Қырғызстанның шекарасында тұрып жатырмыз. Шекараның тыныштығы, шекарадағы елдің бірлігі – басты байлығымыз. «Ел сырты – жаусыз, ел іші – даусыз» болса екен деп, ақсақалдар түн ұйқысын төрт бөледі. Осы тұрғыда ауыл-ауылда қолға алынып жатқан қариялар бастамасы көңіл қуантады. Бірақ, ауыл ақсақалдарының осындай қоғамдық еңбегі еленіп жатқан жоқ . Ардагерлер туралы заң жобасының Парламентте жатқанына ондаған жылдар болды. Аға ұрпақтың қатары уақыт өткен сайын азайып барады. Мысалы, біздің ауданда 9 соғыс ардагері мен 23 соғыс ардагерінің жесірі ғана қалды. Ал тыл ардагерлері болса – 750. Олардың да қатары азаюда. Ащы болса да айтайын, бәзбіреулер ардагерлерді масыл ретінде есептейтін сияқты.

2011 жылдың тамыз айынан бастап «Медиация туралы» ҚР Заңы қолданысқа енді дейді, заңгерлер. Бірақ ол әлі іске асқан жоқ. Оның жүзеге асырылу механизмі әлі шешілмеген. Медиация, медиатор ісі – бұрынғы қазақ билерінің істеп кеткен жұмысы. Ел ішіндегі дау-дамайды бітімгершілікпен келістіріп, екі жақты да риза ететіндей етіп шешудің мүмкіншілігін туғызатын шара еді ол. Осындай істің түйінін жер-жердегі ақсақалдар шеше алады емес пе?

Мен Райымбек ауданында ардагерлер ұйымы құрылғалы бері ақсақалдар ұйымын басқарып келемін. Елдің бірлігі, ынтымағы қалыптасты. Өткен Президент сайлауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа аудан сайлаушылары 100 пайызға жуық дауыс берді. Парламент сайлауында да «Нұр Отан» партиясына көп дауыс берген облыстағы үш ауданның бірінен саналамыз. Сол саяси науқандардың алдыңғы легінде қариялар мен ақсақалдар жүрді.

Бүгінде біз өткенімізді екшеп, оларды бүгінмен байланыстырып, ертеңгімен жалғастыруды мақсат етіп жатырмыз. Ауданда 64 ескерткіш бар: ел қорғаған батырларымыз, елді жырлаған ақындарымыз, елімізді ел еткен қайраткерлеріміз ел есінде мәңгі қалдырылып, ескерткіш боп тұғырға қондырылуда. Ел қорғаған ұлы батыр бабамыз Райымбекке ауданнан үш жерде және Алматы қаласында, елдің басын біріктірген абыз бабамыз Шоғанға, батырлардың басын қосып, батасын беріп, елдің бүтіндігін ойлаған Әлмерекке, «Бала өлгенше, шал өлсін» деп ұрпақ қамын ойлаған Қарқара-албан көтерілісінің көсемдері Ұзақ, Жәмеңке, Қазыбекке, Ұлы Отан соғысының боздақтарына 24 ауылда, соғыс жесірлері мен 1937-1938 жыл құрбандарына Кеген ауылында, біртуар абзал азамат Дінмұхамед Қонаевқа еңселі ескерткіш қойылды.

Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығы халықаралық деңгейде өтті. Келген меймандар: «Мұндай да берекелі ел, шұрайлы жер болады екен. Мұндай елден Мұқағали шықпауы мүмкін емес еді, Мұқағалиы бар сендер бақыттысыңдар, әлі талай Мұқағали шығады осы жерден», деп тарқасты. Мұқағали мұражайы қайта жасалып, жаңарып, жабдықталды. Жыл сайын онда республика деңгейінде мүшәйра өтіп тұрады. Сондай-ақ, Кегендегі Ораз Жандосов атындағы мұражай қайта жөнделіп жатыр. Күзге қарай есігін айқара ашады. Мектептерде 12 жерде өлкетану мұражайлары мен бөлмелері бар. Бұлардың барлығының өлкемізді ұрпаққа танытуда, тарихымызды тануда өлшеусіз үлесі бар.

Аудандағы ауылдардың келбеті жыл сайын жаңарып, жасарып, көріктеніп келеді. Елді мекендерде еңселі ғимараттар, көп қабатты үйлер, балабақшалар, мектептер, мәдениет үйлері бой көтеруде. Экономикалық өсу, саяси тұрақтылық, ел ішінің тыныштығы – халқымыздың ынтымақ, бірлігінің орнықты болуына байланысты. Соның бел ортасында аға буын қариялар жүр. Олар жас ұрпақтың қуанышы мен мақтанышы.

Мұқағали айтпақшы: «Айналайын, қарт бабалар, Ұрпағыңа не айтасың артта қалар. О, тірі шежірелер, қалдырыңдар, Қанеки нелерің бар, салтқа жарар», – дегенге ақсақалдар ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, сананы қалыптастыруда. «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат», деп аталар мен әжелер, апалар мен әкелер, дәстүрін дамытып, жас ұрпақтың санасына ұлттық сәуле түсіру мақсатында   аянбай еңбектенуде.

Совет ОРАЗАЕВ,

Райымбек аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Алматы облысы,

Кеген ауылы.