Елбасы шеттен көшіп келетін ағайынды қолдау үшін «Отандастар қорын» құрып, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп, қандастарымызға жан-жақты қолдау мен көмек берудің іс-шараларын анықтап, соған сәйкес кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Сол кезде «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасына қосымша жоба ұсындым. Бұл «Ауылдарға қандастар мен ішкі қоныстанушыларды орналастырудың жаңа үлгі-моделі» деп аталады. Қысқаша айтқанда, «Ауыл – Ана» жобасы. Бұл жоба бойынша 2,8-3,2 мың, яғни төрт отар қойы бар қауымдық шаруашылық құрылуы тиіс. 4 отар қойды төрт шопан, төрт көмекші шопан бағып күтеді. Сол төрт отар қой қысы-жазы 8 отбасының ортақ жауапкершілігінде болады. Сонда бір ауылдың өзінен сиыр мен жылқыны қоспағанда жазда 4 отар қой жайлауға шығып, мал шаруашылығын қалпына келтіру ісі де орнына келер еді.
Екіншіден, сегіз отбасына арналған әмбебап тұрғын үй кешенін салу. Сегіз пәтерлік екі қабатты үй салынады. Бұл үйдің ерекшелігі, мәдени тұрмыстық бөлмелері де болады. Атап айтқанда, шағын кітапханасы бар клуб бөлмесі, балалардың ортақ ойын залы, бастауыш мектеп бөлмесі. Егер сегіз отбасының ішінде мұғалім болса, бастауышта өз балаларын өздері оқытатын болады. Яғни, сегіз отбасы өздері бір шағын автономды ауыл болып өмір сүреді. Төрт отардың екеуі саулық қой, қалған екеуі етке өткізетін мал, ақшалай кіріс кіргізеді. Сонда жыл сайын кемінде 700-800 қой бордақыланып сатылады. Өз төлі есебінен жыл сайын мал басы көбейіп, табыстары да арта бермек.
Қой фермасынан басқа дәл осындай үлгіде сиыр фермасы да болуы керек. Онда сауын сиырлар және бордақыланатын өгіздер бағылады. Қысқасы, біз осы жоба бойынша Қостанай облысының Арқалық ауданына қарасты бұрын ірі кеңшар болған Қайыңды мен Қызылжұлдыз елді мекендерінің бірінде қой өсіруге, екіншісінде сиыр фермасын құруға қаржы бөлуді сұрадық. Әрине, қолдау болғанда, Қайыңды қайта еңсе көтеріп, аяғынан тік тұрып кетер еді. Аз-ақ жылда баяғыдай қой мен сиырдың басы көбейіп, халық саны да өсіп, ауылда жұмыссыздық жойылып, шаруашылық өркендеп кеткен болар еді-ау.
Бұл жобаны сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова мен Парламенттің бір топ депутаттары қызу қолдады. Министр Қостанай облысының сол кездегі әкімі В.Кулагинге арнайы қатынас хат жолдап, алдағы жылдың қанатқақты жобасына енгізуді, қажетті қаржының сметалық көлемін анықтап жіберуді сұрады. Бірақ, Кулагин болса, «Қайыңды – қолайсыз жер» деп бұл жобаны қолдамады.
Енді «Нұрлы көш» бағдарламасын дайындаған сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаевтың «Түркістан» газетінің 2008 жылдың 20 қараша күнгі санында жарияланған сұхбатында: «Көшіп келудің екі түрін ойластырып отырмыз. Бірі – шоғырландырып орналастыру, екіншісі – қазіргі ауылдық мекендерге барып орналасу» деген жолдар бар. Бірақ министрдің басқа жұмысқа ауысып кетуіне байланысты оралмандарды орналастырудың екінші жобасы орындалмай қалды. Олай болса, «Нұрлы көш-2» жобасын қайта жаңғыртып, көш бағытын әуелгі жоспардағыдай қаладан далаға, бұрынғы кеңшарлар мен олардың бөлімшелерінің қолайлы қоныстарына бұрып қоныстандыру керек. Бұдан Қазақстан халқының санын 20 миллионға жеткізу жөніндегі Елбасымыздың тапсырмасы да орындалар еді. «Көбей, қазақ!» деген жалаң ұранмен қазақ көбеймейді. Қазақстанда бұрын 30-40 миллион қойы болған ұжымшарлар мен кеңшарлардың құтты қоныстарының көбі қазір бос жатыр. Көш бағытын ауылдарға бұру арқылы соларды қайта жан мен малға толтыру міндет. Жай міндет емес – қасиетті міндет! Тағы бір міндет – республикамызда болашағы жоқ деп жабыла бастаған 4719 ауылды қалай да жапқызбай сақтап қалу! Қазақстанда болашақсыз ауыл жоқ, бәрінің де болашағы бар. Ауылдардың болашағын болдыра алмай отырған облыстар мен аудандардың біліксіз әкімдері.
Мен ұсынған жоба бойынша Ұлттық экономика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктері және «Отандастар қорынан» жауапты адамдар менімен кездесіп, мәселені талқылап, қанатқақты жоба жасау керек деген ұйғарымға келді. Одан кейін Ұлттық экономика министрлігі барлық облыстардың әкімдіктеріне «Ауыл – Ана» жобасын жіберіп, оны қарауды, тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырды. Бірақ содан бері қанша айлар өтсе де олардан ешқандай жауап жоқ. Мәселе, «Ауыл – Ана» жобасын Қостанай облысының аумағындағы Торғай өзенінің ең шұрайлы жерінде орналасқан Қайыңды, Қараторғай және Сарыторғай ауылдарында жүзеге асырып, «Үлгітірек» қауымдық шаруашылықтарын құруда болып отыр. Алайда Қостанай облысының әкімі түгілі орынбасарларымен сөйлесудің өзі мұң болды. Көмекшілері мен хатшылары біріне бірі сілтеп, сөйлестірмейді, қоспайды, неше түрлі сылтаулар айтады. Бұл Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» қағидасына қайшы келеді.
Жақында Ұлттық экономика министрлігінің Өңірлерді дамыту комитеті осы жобаны жүзеге асырудың шараларын талқылады. Тұрғын үйлер мен мал қораларын салуға қанша қаржы қажет, малшылар мен шопандарды қайдан көшіріп әкелеміз, өз ауылдарынан малшылар шыға ма деген мәселелерді ақылдастық. Мемлекет тарапынан қаржы бөлінсе, бұл мәселелер шешілері сөзсіз. Ауылдарда жұмыссыз жастар жетерлік. Туған ауылдарын сақтап қалуға олар да мүдделі екені анық.
Жобаның экономикалық міндеттерінен бірнеше мысалдар келтірелік.
- Қауымдық шаруашылық жекешелендіру кезінде ыдырап кеткен, соның салдарынан шаруалары күйзелген, нарық қыспағына ұшырап жұмыссыз қалған ауыл тұрғындарының бастарын қайта құрап, бірлесіп еңбек етуді, қауымдасып үйлесімді өмір сүруді қамтамасыз етеді.
- Ауыл шаруашылығын, оның мал, егін, көкөніс, бау-бақша, құс өсіру, құрылыс салаларын дамытып, өркендетеді, сол өнімдерді өткізіп табыс түсіреді. Соның нәтижесінде көптеген жұмыс орындары ашылады.
- Өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін шикізат күйінде арзанға өткізе салмай, оларды жергілікті жерде өңдейтін ұн тарту, май дайындау, шұжық жасау шағын кәсіпорындарын салады.
- Қазақтың ұлттық тағамдарын: қымыз, айран, тары, талқан, жент, құрт, ірімшік, сүзбе, сарымай жасап өндіріп, оны да қала базарларына саудаға шығарып сатып, қауымшар кассасына ақша түсіреді.
- Ауыл шаруашылығы өнімдері мен қолөнер бұйымдарын тиімді сатып, табыс табу үшін қалаларда: аудан, облыс орталықтарында, тіпті, астанада сауда орындарын, яғни дүкен, шайхана, қымызхана, дәмханалар ашады.
Түйіндей келгенде, «Ауыл – Ана» мен «Ауыл – ел бесігі» бір-бірін толықтырып, қатар жүзеге асатын жобалар.
Жұма-Назар СОМЖҮРЕК,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі