Экономика • 06 Ақпан, 2020

ЕАЭО: кәсіпкерлерге қойылған кедергілер жойылды

188 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еуразиялық экономикалық одақ алаңындағы соңғы кездесулердің нәти­жесі көрсеткендей, Қазақстанның сауда дипломатиясының деңгейі айтарлықтай өсті. Себебі қазақстандық тарап ашық мәлімдейді және өз мүдделерін қорғайды. Осы негізде қазақстандық Үкімет жаңа нарықта өз кәсіпорындарының сауда әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беруде.

ЕАЭО: кәсіпкерлерге қойылған кедергілер жойылды

Еліміздің Сауда және интеграция министрлігінің алқа мәжілісінде айтылған ақпараттар осы байламды бекіте түсті. Ведомство басшысы Бақыт Сұлтанов 2019 жылғы жұмыстың қорытындылары және 2020 жылға арналған жоспарлар туралы баяндама жасады. Министрдің айтуынша, әлемдік сауданың өзгерген және әлемнің ірі экономикалары арасында протекционистік шаралардың күшейген жағдайында сыртқы сауда саясатын жетілдіру қажеттілігі артады. Өйткені сауда бірлестіктері­не қарамастан, халықаралық сауда протекционизм саясатына және елдердің өзара шектеу шараларын қолдануға тап болуда. Осы мәселеде министрліктің миссиясы сауда дипломатиясының құралдарын қолдану арқылы отандық бизнестің ұлттық мүдделерін қорғау екені анық.

Министр атап көрсеткен нақты кейстерге тоқталсақ, Ресей нары­ғы­на тағам өнімдерін жеткізу («Зенченко и К», «J.F.M. Company» ЖШС мен «Айсберг ПВ» ЖШС өнімдерін жеткізуді шектеу алып тасталды) және Қазақстаннан Украинаға қазақстандық көмірді транзиттеу (көмір экспортының көлемін 40%-ға – 140 мың тоннаға дейін ұлғайту туралы уағдаластыққа қол жеткі­зілді) кезіндегі кедергілер жойылды. Министрліктің мемлекеттік органдармен бірлесіп істеген жұмысының нәтижесінде АҚШ үкіметі қазақ­с­тандық уранды әкелуге квота ен­гізуден бас тартты. Одан әрі даму үшін ЕАЭО мүше мемлекеттері арасында кедендік әкелу баждары сомасын бөлу нормативтерінің мөлшері жөнінде ымыра шешім­ге қол жеткізді. Бұл тараптағы талқылау 2 жыл­дан астам уақыт жүргізілген бола­тын. Халықаралық аренада Қазақ­станның мүдделерін қорғау бойынша және ортаазия­лық, ресейлік және басқа нарықтар­да отандық экспортты ілгерілетуге бөгет болатын кедергілерді жою жөніндегі жұмыс жалғасады, деді еліміздің Сауда министрі.

 Еркін сауда аймағы Қазақстанға не береді?

Сондай-ақ Сауда және интег­рация министрі Бақыт Сұлтанов еркін сауда аймақтарының әсері туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, еркін сауда аймақтары туралы келі­сімдерді өңірлік сауданың даму тетігі ретінде қарастыру керек.

– Бұл –  тарифтік және тариф­тік емес (квоталар, техникалық кедергі­лер және басқа) кедергілерді өзара жою арқылы тауарлардың нарық­тар­ға қолжетімділігін қамтамасыз ететін сауданы ырықтандырудың ең тиімді құралының бірі, – деді министр.

Ведомство басшысы келтірген цифр­лар растағандай, өсім байқа­лады. Сонымен Еуразиялық эконо­мика­лық одақ аясында Вьетнаммен Еркін сауда аймағы туралы келі­сім 2016 жылғы қазаннан бері қолданыс­та. Осы уақыт ішінде тауар айналымы 51%-ға (366,3 млн-нан 554,3 млн долларға дейін) өскен. Иранмен уа­қытша келісім 2019 жылғы қазан­нан бастап қолданыла бастады. Бұл ретте Қазақстан үшін (ЕАЭО мүшесі ретінде) сиыр еті, өсімдік майы, кондитерлік бұйымдар мен макарондар сияқты тауарларға импорт баждары төмендетілген. ЕАЭО-да Сербиямен және Сингапурмен Еркін сауда аймағы туралы келісімдерге жақын арада қол қойылды және осы елдерге экспорттық жеткізілімдерді ұлғайту әлеуеті 150 млн және 416 млн долларды құрады. Қазіргі уақытта ЕАЭО арасында осындай аймақтар құру жөнінде Израильмен және Египетпен белсенді келіссөздер жүргізілуде. Экспортты ұлғайтудың күтілетін сомасы 790 млн доллардан астам қаржыны құрайды.