Іс-шара жұмысына депутаттармен қатар мемлекеттік органдардың, парламенттік емес саяси партиялардың, қауымдастықтар мен қоғамдық бірлестіктердің, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының өкілдері және сарапшылар қатысты.
Тақырып бойынша Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев баяндады. Заң жобасына ұсынылып отырған заңнамалық түзетулер пакеті үкіметтік емес ұйымдардың, өзін-өзі реттеу және қоғамдық бақылау институттарының рөлін күшейте отырып, тұтынушылар құқығын қорғаудың тұтас және тиімді жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Тұжырымдамалық негіз ретінде тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың аралас моделі алынған, онда мемлекет «Ақылды» әкімшілендірумен шектеледі, ал бұзылған құқықтарды қалпына келтірумен сотқа дейінгі реттеу институттары айналысады. Вице-министрдің айтуынша, бүгінгі таңда тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесі барлық мемлекеттік органдар мен 208 үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын қамтиды. Алайда, өзара іс-қимылдың нақты реттелмеуі, жүйенің әрбір қатысушысының рөлі мен мәртебесін бекіту мемлекеттік саясаттың тұтас қалыптасуын, тиісінше, біздің халқымыздың құқықтарын қорғаудың сапалы деңгейін қамтамасыз етпейді.
Негізгі проблемалық мәселелерге тоқтала келе, Қ.Төребаев қолданыстағы жүйе көбіне әкімшілік шараларға бағытталып, бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге немқұрайлы қарайтынын айтты.
Бұл тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың қарапайым және түсінікті алгоритмінің жоқтығымен және тұтынушылардың қарапайым құқықтарын бұзғаны үшін кәсіпкерлердің жазаланбауымен байланысты. Заң жобасында осы мәселелерді шешу үшін тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың институционалды жүйесін бекіту қарастырылған.
Сондай-ақ заң жобасымен шағымдарды қараудың үш сатылы жүйесін енгізу көзделген. I-деңгейде сатушының шағымды міндетті түрде 10 күндік қарау мерзімде қарауын енгізуді ұсынамыз. Бұл ретте уәкілетті органның және сотқа дейінгі реттеу институттарының байланыстары тауарларды, жұмыстар және қызметтерді ұсынатын жерлерде орналастырылуы керек. II-деңгейде - шағым дауларды сотқа дейінгі қарау институттарына не уәкілетті органға келіп түседі. Сотқа дейінгі реттеу институттарын ынталандыру мақсатында заң жобасында дау сотқа дейінгі тәртіппен шешілген жағдайда, кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершіліктен босату мүмкіндігі қарастырылған. III-деңгейде шағым сотта қаралады. Осылайша, дау-дамайлардың басым бөлігі бірінші деңгейде, яғни, сатушымен талқылау сатысында шешіліп, оның қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін және сатып алушының алдындағы материалдық жауапкершілігін арттырады, - деді Қ.Төребаев.
Заң жобасындағы ұсынылып отырған тағы бір жаңалық - «бір терезе» қағидаты бойынша шағымдарды қабылдаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру болып табылады. Мұндай жүйені құру шағымды дайындау және оны құзырлы органдарға жолдау рәсімдерін жеңілдетуге және арзандатуға, сондай-ақ, барлық өтініштер мен оларды қарау нәтижелерін цифрландыруға мүмкіндік береді.
Одан басқа үкіметтік емес ұйымдарды қолдау мақсатында қолданыстағы құзырет аясында тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері мен заң кеңесшілері палаталарына таралатын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тақырыбы кеңейтілді.
Ақысыз қорғау қызметтері қиын жағдайға тап болған тұтынушыларға, мүгедектерге, зейнеткерлерге, ҰОС қатысушыларына және т.б көрсетіледі. Таныстырылым барысында айтылған ұсыныстар мен ескертулер одан әрі Мәжіліс депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Меруерт Қазбекова жетекшілік ететін жұмыс тобының отырыстарында қаралатын болады.