Жалпы, әлем өркениетін Полонияның танымал ғалымдарынсыз елестете алмаймыз: Николай Коперник, Мария Склодовска-Кюри. Бұл тізімді жалғастыра беруге болар еді. Дегенмен, осынау шоқтықты шоғырда шайырлар шаһбазы Адам Мицкевичтің алар орны ерекше. Әрбір поляк үшін қастерлі осынау есім қаймана қазаққа да жақын, ыстық. Нәзік лирикасы өршіл рухпен ұштасып жататын Мицкевич жырларын ұлы Абай шығыс ақындары арасында алғаш аударып, әдеби айналымға енгізген-тін. Сондықтан да қазақ ойшылының 175 жылдық мерейтойының Познань қаласындағы Адам Мицкевич университетінде тойлануының өзіндік мәні бар.
Еуропа білім ошақтарының ішінде қазақ және басқа түркі тілдерін терең зерттеуімен ерекшеленетін осы оқу ордасының профессоры, ғылым докторы Хенрик Янковский ұлы Абай туындыларын араға делдал тіл қоспай, полякшаға қазақшадан тікелей тәржімалаған болатын. Араб, парсы лұғаттарын жетік меңгерген ғалым былай дейді: «Қара сөздерді» аудару барысында жиі кездесетін ұғымдар мен атаусөздерге түсінік бердім. Құран аяттары, хадистер берілетін тұстарда түпнұсқаға сілтемелер жасадым. Сондай-ақ орыс, ағылшын тілдеріне аударылып басылған мәтіндердегі жаңсақтықтардың түп-төркіні көрсетілді. Бір мысал келтірейін. «Ноғай» этнонимі орысшаға да, ағылшыншаға да «ногаец» деп тәржімаланып келеді. Ал Абайдың тұсында қазақтар ноғай деп татарларды айтатын. Сондықтан бұл кемшілік жөнделді, тиісті ескертпе бердім. Тәржімам 2013 жылы баспа бетін көрген болатын. Сөйтсе де ұлы ақынның биылғы мерейтойы қарсаңында оны Польшадағы Қазақстан елшілігі қайта жарыққа шығарды.
Біз оқу ордамызда Наурыз мерекесін жыл сайын Орталық Азия білімгерлерін қатыстыра отырып, дүбірлете атап өтеміз. Биыл ұлыстың ұлы тойында ақын шығармаларын кеңінен насихаттайтын боламыз. Тағы бір жағымды жаңалықпен бөлісе кетейін. Мені биыл Абай жұрты тойға шақырған, соған жиналып жатқан жайым бар».
Польшалық оқу ордасы ұжымында үлкен қызығушылық туғызған осынау рухани-мәдени шараға Варшавадағы Қазақстан елшілігінің дипломаттары да қатысып, ардақты ақын мерекесі мен биыл 1150 жылдығы атап өтілетін ұлы бабамыз әл-Фараби мерейтойының дәреже-дәргейін биіктете түсті. Той барысында Шығыс тілдері факультетінің ұжымына Абай Құнанбайұлының бюсті, Саяси ғылымдар және журналистика факультетінің кітапханасына Фараби орталығы баспадан шығарған туындылар, анықтамалықтар мен зерттеулер, сондай-ақ «екінші ұстаз» бейнесі салынған кілемше табыс етілді.
Жандос Әуелбекұлы,
арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін
Познань (Польша)