Абай • 09 Ақпан, 2020

Ұлттық идеяның жүгін арқалайды

349 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Барша адамзат баласының арғы-бергі тарихына үңілсек қазіргі кезде жеті миллиардтан едәуір мөлшерде асып бара жатқан әлем халықтарының арасынан тек 400-ге жуығы ғана данышпан атана алғаны жөніндегі деректерге тап боламыз. Қазақтың ұлы ақыны Абайды да төрткүл дүниедегі азын-аулақ данышпандарының қатарына қоссақ, қателеспейтін шығармыз. Оның ұлылығы мен кеменгерлігінің басты белгісі – қай кезде де, қандай дәуірде де өлмейтін, өшпейтін және мәні мен маңызын жоғалтпайтын туындылар туғыза білгенінде.

Ұлттық идеяның жүгін арқалайды

Айталық Абай заманы мен қазіргі қазақстандық қоғамды атта екі ғасырға жуық уақыт бөліп жатқанымен оның өз дәуіріндегі үні бүгінгі күннің талаптары мен тығыз үндестік тауып отыр. Яғни оның туындысы мен шығармалары бұдан алынатын тәлім мен тағылым 21 ғасырдың игілігіне де толықтай қызмет жасай алады. Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласына арқау болып тартылған басты желі мен қазық осы тұстан тамыр тартады.

Толымды ақыл-ой иесі өз заманындағы ағартушылық сыйпаттағы сан алуан істерге бастамашы бола білген. Бұдан үйрену, қажетті сабақ ала білу – қазіргі қоғам мүшелерінің де басты бір парызы болып қала бермек. Сондай-ақ дана шаруашылық пен шаруақорлық, әлеуметтік және діни бағыттағы түйткілді тұстарды талдаған кезде өзі өмір сүрген уақыт аясында үн қатқан секілді көрінгенімен, біздің бүгінгі кезіміздің көптеген көкейкесті мәселелерімен үндесіп, тамырласып тұрады. Бұл данышпандық пен көрегендік емей немене?! Мемлекет басшысының «Абай және 21 ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласының басты құндылығы мен ерекшелігі де мұндай пайдалы әсер коэфициентін терең түрде зерделей білуінде.

Егер Абай қолданған «мал», «дәулет», «іс» және «пайда» деген сөздерді бүгінгі тілдік қолдану нормасына көшірсек «экономика» деген халықаралық термин сап етіп шыға келеді. Әрі жоғарыда аталған ұғымдардың түп-төркіні одан сайын ашылып тереңдей түседі. Сөйтіп, ол қазіргіше айтқанда таза экономикалық көзқарасын білдіру арқылы, өз халқын адал еңбек ете білуге үндейді. Оның «Еңбек қылмай тапқан мал дәует болмас, қардың суы секілді тез суалар» деуі де сондықтан болса керек. Дара тұлға түсіндіріп берген экономикалық ұғымды бойға сіңіре білу қазір қай кездегіден де қажеттірек екеніне ешқандай шек жоқ. Бұл мәселе енді Абайға емес, мына өзімізге тікелей қатысты мәселе.

Кеменгер Отыз үшінші сөзінде: Егер де мал керек болса – қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды деп ой түйеді де, бұдан әрі осы сөздің мағынасы мен түп-төркінін соқырға таяқ ұстатқандай етіп шағып талдап береді. Яғни қайсыбіреулер табысын құрай алмай, борышы асып, дауға айналып, адамшылықтан айырылып қор болып кетеді деп сөз сабақтайды. Мұның мәнісі – өсімі жоғары, төлем уақыты шектеулі кәдімгі кредит, несие екені айтпаса да түсінікті емес пе?

Сондай-ақ оның отыз жетінші сөзінде «Көпте ақыл жоқ, ебін тап та жөнге сал» деген жолдарда да түсіне білген адамға терең пайым бар. Хакімнің бұл ескертпесі – ешкімнің айтқанына ұқсамайтын ғажап тұжырым. Яғни жекелей алып қарағанда әр бір адам ақылды, һәм саналы. Өзін өзі басқарып алдына мақсат қоя алады. Алайда сол адамдардың басын біріктіріп оларды кездейсоқ тобырға айналдырса санасыз да сапасыз жойқын күшке айналып кетуі әбден мүмкін. Бұған мысал ретінде базарлар мен көшелерде, немесе заңсыз түрде алаңдарға митингтер өткізу үшін жиналатын адамдарды айтуға болатын секілді. Тіпті, тұтастай қоғамда да солай екені белгілі. Адамдар жалпы басқаруды, ұйымдастыруды қажет ететіні мәлім. Мәселе ел-жұртты қалай басқара білуде болса керек. Бұл мәселе бүгінгі күні де өткіз күйінде тұрғаны анық.

Тағы бір айта кетерлік мәселе, Абай өз халқының өзара бірлікке қол жеткізе алатынына айтарлықтай күмән келтірмейді. Алға апара алатын күш – оқу мен білімді және ғылымды игеретініне сенеді. Бұл сенім өз кезегінде жақсы ойлар мен істерге жетелей білгені белгілі. Бір сөзбен айтқана, Абайдың сөзі – ақылдың көзі. Абай жолы – айқын жол. Абайдан үйреніп, оның рухани мұрасын терең зерделей білудің берер пайдасы мен шапағаты шексіз. Президент мақаласы барша қазақстандықтарға Абайдың қайталанбас бітім-болмысын және оның өлеңдері мен қара сөздерінің терең мәні мен мағынасын жан-жақты жеткізе алуымен бағалы демекпіз.

Түйіп айтқанда «Абай және 21 ғасырдағы Қазақстан» атты мақалада айтылған сырлы да сындарлы ой-толғамдар Абайдың сөзін – ақылдың көзіне айналдыра алатындай ұлттық идеяның жүгін арқалап көтеріп тұр деуге әбден болады.

 

АҚТӨБЕ