Орта ғасырлық ғұлама ғалым әл-Фараби мұрасын зерттеу туралы сөз болғанда көзге түсетін ерекшелік – соңғы жылдары Қазақстан оқымыстылары мен әдебиет, өнер қайраткерлерінің бұл салада қол жеткен табыстары. Дүние жүзі оқымыстылары қалам тартқан ойшыл туындылары бүгінгі күні өзінің ұрпағы – қазақ халқының да игілігіне айналып отыр. әл-Фараби мұрасын зерттеуде шетел және совет оқымыстыларының араб, түрік, ағылшын, неміс және орыс тілдерінде жарық көрген туындыларын ерекше бағалай отырып, біз қазақ оқырмандарының бұл мұраға ана тілінде танысу мүмкіншілігінің де жылдан-жылға артып келе жатқандығын атап өткіміз келеді.
Қысқаша шолуда көп нәрсе баяндай қою қиын. Сонда да болса, бабамыздың ұлы мұрасын халыққа таныстыруда белгілі мөлшерде еңбек етіп келе жатқан зерттеушілердің есімдерін айтпай кетуге болмайтын сияқты. Солардың ішінде алғашқы көзге түсетіндердің бірі – А.Ж.Машанов пен А.Көбесов. Өздерінің көптеген ғылыми-көпшілік мақалалары және арнаулы зерттеулері арқылы бұл оқымыстылар ұлы бабамыз Фарабидің жаратылыс тану және математика саласындағы туындыларын оқырман қауымға дер кезінде таныстыра білді. Мәселен, А.Ж.Машанов қаламынан туған «әл-Фараби еңбектері туралы», «Фараби санаты», «Тоғыз жолдың торабы», тағы басқа ғылыми-көпшілік мақалалары мен 1970 жылы жарық көрген «әл-Фараби» атты арнаулы кітабы сол ақиқаттың куәсі. Ал әл-Фарабидің математикалық мұрасы туралы А. Көбесовтің «әл-Фараби және математика», «әл-Фарабидің астрологиялық трактаты», «әл-Фараби» деген мақалалары мен кітаптарынан танысуға болады. Сол сияқты, ойшылдың математикалық мұрасы Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі О.Жәутіковтің мақалаларында көрініс беріп отырады.
әл-Фарабидің көп қырлы творчествосын зерттеу барған сайын қанат жайып, өзіне ғылым және әдебиет саласындағы беделді қайраткерлердің назарын ерекше аударып отыр. Оған кепіл 1973 жылы сентябрь айында Алматыда өткен Азия-Африка жазушыларының бесінші конференциясы. Конференцияның соңғы күні ғұлама ғалым әл-Фарабидің туғанына 1100 жыл толуына арналып, онда атақты шығыстану маманы, академик Б. Г. Гафуов, көрнекті жазушы Ә. Әлімжанов, шетелдік меймандар Халила Абдул Азиз (Ирак), Аднана Багаджати (Сирия), тағы басқалар сөз сөйлеп, ұлы ойшылдың творчествосына зор баға берді. Бұл материалдарды «Білім және еңбек» журналы дер кезінде өз беттерінде жариялап, оқырман қауымды таныстырған болатын. Жалпы, осыған орай қанағаттанғандық сезіммен атап өтетін жай біздің қазақ тілінде шығып тұратын газет, журналдарымыз Фараби мұрасы туралы көптеген деректерді белгілі мөлшерде өз оқырмандарына таныстырып үлгерген сияқты.
әл-Фараби мұрасын зерттеудің жаңа, күрделі кезеңі ойшыл туындыларын орыс және қазақ тілдеріне аудару ісінен басталды. Бұл құрметті істе Қазақ ССР Ғылым академиясының философия және право институтының жанынан құрылған Фарабитану тобы көп еңбек сіңірді. Түпнұсқа — араб тілінде жарияланған қолжазбалар мен шетел тілінде шыққан аудармаларды салыстыра отырып, әл-Фараби туындыларын орыс және қазақ тілдерінде сөйлету, әрине, зерттеушілер мен аудармашылардан зор шеберлікті, творчестволық шабытты тапап етеді, Басқа жетістіктерді былай қойғанда әл-Фарабидің «Философиялық трактаттарын» және «Әлеуметтік-этикалық трактаттарын» қазақ тілінде жарыққа шығару осы үлкен жұмыстың куәсі іспеттес.
Д. ҚАСЫМЖАНОВ,
Қазақ ССР Ғылым академиясының
корреспондент-мүшесі.
«Социалистік Қазақстан», 11 қыркүйек, 1975 жыл