Отырысты ашқан Мәжіліс Төрағасының орынбасары Г. Исимбаева Парламент Мәжілісі мақұлдайтын заң жобаларының ішіндегі ең маңызды да күрделісі республикалық бюджет туралы заң екеніне назар аударды. Бюджет қаражатын ашық әрі тиімді жоспарлап, жұмсау барша мемлекеттік органдардың ең өзекті міндеті екеніне назар аударған вице-спикер мемлекеттік аудитті енгізу мемлекет қаражатын бақылауды жетілдірудің маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында аудит пен мемлекеттік аппарат жұмыстарын бағалаудың жаңа жүйесін енгізу көзделген. Қазір осы міндеттерді орындау бойынша бірқатар нақты шаралар қабылдануда. Соның ішінде тиісті заңнама жетілдіріліп, әдіснамалық база әзірленді, мемлекеттік аудиторларға сертификаттау жүргізілген. Қаржылық бұзушылықтарды жойып, қымқырылған қаражатты бюджетке қайтару бойынша да оң динамика байқалуда. Өткен жылы бюджетке 10,4 млрд теңге қайтарылды, ол алдыңғы жылдармен салыстырғанда, 10 есеге дейін өсті, - деді Г. Исимбаева.
Дегенмен, бұл салада әлі де болса шешімін таппаған проблемалар бар. Мысалы, мемлекеттік органдар бөлінген қаражатты есепті жылдың соңына дейін формалды түрде игеріп қалуға ұмтылуын тоқтатар емес. Бұл бюджетті атқарудан сапалы нәтиже алуға айтарлықтай кедергі келтіруде. Отырыста Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов «Бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік аудитті одан әрі дамыту» тақырыбында баяндама жасады. Жауапты орган басшысының айтуынша мемлекеттік аудитті енгізу және оның нәтижелері бойынша 4 жыл ішінде Ұлттық комиссия 1,5 мыңнан астам мемлекеттік аудиторды сертификациядан өткізген. Сонымен қатар барлық мемлекеттік және атқарушы органдарда 54 ішкі аудит қызметтері құрылып, мемлекеттік аудит және тәуекелдер жөніндегі кеңестердің 79 отырысы өткен.
Ал, қашықтан тексеру әдістерін енгізу және дамыту аудит объектілерінің құқықтық сауаттылығын арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтқан. Осы тақырып бойынша Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарақұсова қосымша баяндама жасап, депутаттар А. Жамалов, Ж. Дүйсебаев, М. Айсина, П. Шарапаев, Б. Дүйсенбинов, С. Ахметов, И. Унжакова, Ф. Қаратаев, Ш. Өтемісов, С.Симонов, И. Смирнова, Б. Ізмұхамбетов. Махамбетов бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін одан әрі арттыру үшін мемлекеттік аудитті жетілдіру және дамыту шаралары, мемлекеттік аудитті жаңғырту процестерінің проблемалары мен перспективалары бойынша бірқатар сұрақтар қойып, пікірлерін білдірді. Үкімет сағатында талқыланған мәселелер бойынша депутаттар тиісті Ұсынымдар қабылдады.