Абай • 11 Ақпан, 2020

Даналықтың дара шыңы

331 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шайырлар қаласы Бакуден бастау алған Абай жылы барша түркі жұртына ашық деп жарияланып отыр. Бұл әзербайжан-қазақ әдеби қатынастарының дамуында маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.

Даналықтың дара шыңы

Абай – даналықтың дара шыңы. Қазаққа ғана емес, бүтін түркі жұртына ортақ жарқын тұлға. Қазақ елінің тәуелсіздік жолындағы бағыт-бағдарын айқындап, бүгінге дейін жол көрсетіп келеді. Қазақ халқының үкілеген үміті мен ақ адал тілегі, мақсаты мен мұраты, мұңы мен зары дәл осы Абай шығармаларының өн бойында тұнып тұр. Хакімнің жекелеген шығармалары әзербайжан тіліне аударылып, оқырман олжасына айналды. Әзербайжан мен қазақ әдеби-мәдени байланыстары көнеден белгілі. Тарихқа үңілер болсақ, оғыз-қыпшақ фольклорлық мәдениетімен, дәстүрі­мен үндескен мол сабақтастықты көреміз. Түркі халықтарының эпикалық мәдениетінде айрықша мәнге ие Қорқыт жырларының қазақ даласындағы сарынын да айтуға болады. Тіпті қос бауырлас елдің әдеби түп-тамырының ортақ негізде екенін ағартушы ғалым, ойшыл Абай Құнанбайұлының Физули, Шәмси, Сәйхали, Науаи, Сағди, Фирдауси деп жырға қосқанынан аңғаруға болады. Бұл ретте түркі әлемінің алыбына деген Әзербайжан елінің құрметі айрықша, шексіз жақсы көреді десем, артық айтқандық емес. Баку ұлттық университетінде оншақты жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Абай орталығы» ұлыс­аралық қоғамдық-саяси және мәдени-рухани ортада шешуші рөл атқаратындығын атап өткен жөн. Ұлы ойшылды туғанымыздай қастерлеп, оның мәңгі өлмес мұраларын қастер тұтып келеміз. Ал биылғы Абай жылында атқарылуы тиіс шаруаға жан-жақты қолдау көрсетуге, белсене араласуға әзірміз әрі нәтижелі болатынына сенімім кәміл.

 

Иса Габиббейли,

академик, Әзербайжан ғылым академиясының вице-президенті