Ұлттық экономика министрі Р. Дәленов атап өткендей, 2020 жылдың бірінші айының қорытындылары макроэкономикалық көрсеткіштердің оң қарқынын көрсетті.
«Қаңтарда ЖІӨ өсуі 3,6%-ға дейін жеделдеді. Ал өткен жылғы қаңтарда 2,9% болған. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 3,1%-ға өсті. Жылдық инфляция 5,6%-ды құрады. Бұл 4-6% нысаналы дәлізі шеңберінде», — деді министр.
Экономиканың барлық базалық салаларында оң нәтижеге қол жеткізілді. Құрылыс 12,5%-ға, байланыс – 9,8%-ға, сауда 5,2%-ға, өнеркәсіп – 4,1%-ға, көлік – 3,6%-ға және ауыл шаруашылығы – 2,6%-ға өсті.
Өнеркәсіп өндірісі 4,1%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібі (7,8%) кен өндіру өнеркәсібіне қарағанда (2,8%) озық қарқынмен өсуде. 7 өңірде өнеркәсіп 4,4%-дан 19,5% аралығында өсті.
Өңдеу өнеркәсібі қарқынды өсім көрсетуде. Өңдеудің өсуі 7,8%-ға дейін жоғарылады. 5 өңірде орташа республикалық деңгейден жоғары өсуі байқалды. Оның ішінде 3 өңірде 15%-дан 40%-ға дейінгі аралықта өсу тіркелді. Атап айтқанда, Қостанай облысы аса жоғары өсім көрсетті. Бұған машина жасау саласы оң ықпал етті. Атырау облысы 18,2% және Түркістан облысы 15,2% өсім көрсетті.
Өңірлердің көбінде инвестициялар өсуде. Жалпы алғанда, инвестициялардың өсуі 3,1%-ды құрады. 7 өңірде өсім 20%-дан 76% аралығында болды. Ең жоғары өсуді Шығыс Қазақстан облысы көрсетті – 1,8 есе деңгейінде.
Экономиканың базалық салалары арасында ең жоғары өсу құрылыс секторында байқалды, ол 12,5%-ды құрап отыр. Ең жоғары өсімді Түркістан облысы көрсетті – 80%. Бұл Түркістан қаласын облыс орталығы ретінде дамытудың белсенді жүргізіліп жатқанын көрсетеді. 5%-дан (нысаналы өсу) жоғары өсімге 6 өңір қол жеткізді.
Қаңтарда 732 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және Маңғыстау облысында ең көп тұрғын үй пайдалануға берілді.
Ауыл шаруашылығында өсім 2,6%-ды құрады, оның ішінде мал шаруашылығы өнімдерін өндіру 2,8%-ға өсті. Жалпы, ауыл шаруашылығы бойынша 5 өңір орташа республикалық мәннен жоғары өсуге қол жеткізді.
Экономиканың өсуін қамтамасыз етуде өңірлер үлесі төмендегідей. Қостанай облысында 6 көрсеткіштің 5-уі бойынша орташа республикалық деңгейден жоғары қарқын байқалды. Павлодар, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарында 5 көрсеткіш бойынша орташа республикалық қарқыннан жоғары өсу байқалды.
Р. Дәленов Мемлекет басшысы Үкіметтің жыл басында өткен кеңейтілген отырысында бірқатар тапсырмалар берген болатын. Осыған байланысты, Үкімет 2020 жылы қол жеткізілуі қажет нысаналы индикаторларды айқындады.
Осы жылы бірінші кезекке келесі міндеттер қойылды:
- ЖІӨ өсуін 4,7-5%-ға дейін қамтамасыз ету. Бұл 0,2 пайыздық тармаққа жоғары;
- негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемін жалпы ішкі өнімнің 20%-ына дейін және шағын және орта бизнестің үлесін 30%-на дейін жеткізу;
- шикізаттық емес экспорт көлемін $18,6 млрд дейін ұлғайту, яғни бұл $3,4 млрд артық;
- 15 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру, бұл 1,9 млн м2 жоғары;
- 430 мың жұмыс орнын құру;
- халықтың нақты табысын 6%-ға арттыру.
«Үлкен міндеттер қойылған. Оларды орындауға барлық ресурстар жеткілікті. Бүгінде белсенді жұмыстар жүргізілуде», — деді түйіндеп Р. Дәленов.
Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов мемлекеттік бюджеттің кірістері есептілік кезеңнің жоспарына қарағанда 104,8%-ға, оның ішінде республикалық – 86,8%-ға және жергілікті бюджеттер – 153%-ға орындалды. Республикалық бюджеттің кірістері 331 млрд теңгені құрады.
«Жергілікті бюджеттердің өз кірістері 75 млрд теңгеге артығымен орындалып, 217 млрд теңгені құрады. Асыра орындалу сомасының 68 млрд теңгесі салықтық түсімдерге келеді», — деді Ә. Смайылов.
Кірістердің жоспары барлық өңірлерде артығымен орындалып отыр. Себебі, жылдың алғашқы айларына жергілікті бюджеттің кірістері төмен жоспарланған.
Сонымен бірге, орта және шағын бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығының жергілікті бюджеттерге түсуі де әсер етті. Есепті кезеңде бұл салық бойынша 27 млрд теңге түсті.
Ә. Смайылов мәлімдегендей, мемлекеттік бюджеттің шығыстары есепті кезеңде 1 трлн 50 млрд теңгені құрады. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда олар 5,1%-ға өсті. Республикалық бюджет шығыстары 1 трлн 18 млрд теңгеге атқарылды немесе 94,3%-ға орындалды. Жергілікті бюджеттердің шығыстары 213 млрд теңгені құрады.
Мемлекеттік сатып алу процедуралары және бюджеттің шығыстарының жұмсалу барысы бақылауда.
«Қаңтар айында 159 аудиторлық іс-шаралармен 96 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды. Соның нәтижесінде 39 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тексеру кезінде атқарылған жұмыс, көрсетілген қызмет, тауарды жеткізіп берумен бюджетке қайтарумен, есепте көрсету және оны сәйкестендіру жолымен 33 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды», — деді Ә. Смайылов.
Есепті кезеңде жалпы сомасы 1 трлн 730 млрд теңгеге 396 мыңнан аса мемлекеттік сатып алу процедуралары камералдық бақылаумен қамтылды.
Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі осы жылдың басты мақсаттары бюджеттің кірістері мен шығыстары бөліктерінің толықтай орындалуын қамтамасыз ету, мемлекеттік сатып алудың бірыңғай ұйымдастырушысы пилоттық жобасын іске асыру, салық және кеден салаларындағы бизнес-процесстерді цифрландыру жұмысын жалғастыру, ағымдағы жылға арналған республикалық бюджеттің жобаларын қалыптастыру екеін атап өтті.
Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасының орынбасары А. Баймағамбетов осы жылдың қаңтар айында жылдық инфляция 5,6%-ды құрағанын хабарлады. Азық-түлік емес жылдық инфляция өткен айда акциздердің жоғарылауына байланысты бензиннің қымбаттауы есебінен 5%-бен салыстырғанда 5,2%-ды құрады.
«Азық-түлік инфляциясы өткен жылдың желтоқсан айындағы 9,6%-бен салыстырғанда жемістер мен көкөністерге, ет және ет өнімдеріне, нан-тоқаш өнімдері мен жармаларға, балыққа, майларға бағаның өсу қарқынының төмендеуі есебінен осы жылдың қаңтар айында 9,2%-ға дейін баяулады. Осылайша, өткен жылы белгіленген инфляцияға бұл өнімдер бағасының өсуінің қосқан үлесі біртіндеп төмендеп, 2020 жылы азық-түлік инфляцияның баяулауы күтілуде», — деді А. Баймағамбетов.
Осы жайдайда, биыл 3 ақпанда Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені және оның пайыздық дәлізін 9,25% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың азық-түлік нарықтарында бәсекелестікті арттыру және оңтайлы тарифтік саясат жүргізу жөнінде шараларды қабылдаған жағдайда базалық мөлшерлеменің ағымдағы деңгейі инфляция бойынша мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз ететін болады.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары хабарлағандай, алдын ала мәліметтер бойынша, алтын-валюта резервтері биылғы қаңтар айында алтынмен жүргізілген операциялар мен оның бағасының артуы нәтижесінде 1,2%-ға $29,3 млрд-қа дейін өсті.
2019 жылдың желтоқсан айының соңында депозиттер көлемі бір айда 4%-ға артумен 19 трлн теңгені құрады. Ұлттық валютадағы салымдар 4,1%-ға, шетел валютасындағы салымдар 3,9%-ға өсті. Соның нәтижесінде депозиттердің долларландыру деңгейі алдыңғы жылғы желтоқсандағы 48,4%-бен салыстырғанда 2019 жылғы желтоқсанда 43,1%-ға дейін төмендеді.
«Теңгедегі салымдар бойынша мөлшерлемелер тартымды болып қала береді және шетелдік валютадағы 2%-бен салыстырғанда 14,5%-ға жетеді. 2019 жылдың желтоқсан айында экономикаға берілетін несиелер 13,9 трлн теңгеге дейін 1,4%-ға, оның ішінде бизнеске берілетін несиелер 1,2%-ға, халыққа берілетін несиелер 1,6%-ға артты», — деді А. Баймағамбетов.
«7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ағымдағы жылдың 30 қаңтарындағы жағдай бойынша 173,4 млрд теңгеге 15 134 өтінім мақұлданды, оның ішінде 146,8 млрд теңгеге 12 777 қарыз берілді.