Аймақтар • 12 Ақпан, 2020

Айыртау мен Тасқамал

923 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы облыс орталығынан жүз шақырым шамасындағы Имантау, Айыртау аймақтарының таулы, орманды алқаптары мен үзіліп түскен моншақтай көгілдір көлдерін де қамтиды. Бұл құйқалы жерлердің табиғаты ғана тамаша емес, тағылымды тарихы да көңіл аударарлық.

Айыртау мен Тасқамал

 

Айыртау ауылынан батысқа қа­рай қозыкөш жер жүрсеңіз, кө­гілдір нұрға малынған Айыр­тау­дың қос шоқысы көрінер еді. Мәңгі жасыл қарағай мен қол­дың саласындай ақ қайыңдар көм­керген қос шоқы жұмыр жер­дің бетінен шамамен үш жүз метр­дей көтеріледі де, қақ жарылады. Егіз тау, қойындаса өскен ға­жайып көрініс. Ал етегі – ортақ, та­мыры – бір. Құтты төңірегін ме­кен­де­ген елдің бірлігі мен біре­гей­лі­гі тәрізді.

Зейін салып, көңіл аударып, ақыл таразысынан өткізген адам­­ға қос шоқыға байланыс­ты аңыз да дәл сондай бірлікті ұла­ғат етіп тұрғандай. Көнекөз қа­рия­лар айтады, есте жоқ ескі ке­зең­де қазақ жеріне көзін аларт­қан жау Айыртаудың айшықты ал­қа­бын да басып алмақ болған. Бірақ ел үшін еңіреп туған ерлер туған жердің тоқымдай пұш­пағын жандарын пида етіп қор­ғаған. Сондай ел басына күн туған сұрапыл заман болса керек. Бес қаруын асынған бас­қыншы жау жауар бұлттай түне­ріп келді дейді. Міне, алма­ға­йып сол сәтте ағалы-інілі екі батыр қол жасақтап, еркек кін­дік­тінің бәрін атқа мінгізіп, атой­лап қарсы шыққан. Ақыр соңында торғай көзді ақ сауыттары жыртылып, алмас қылыш қайырылып, найзалары пы­шақ­тай болып қысқарғанда, жауға қарсы қылыш сермеуге қауқары жететін екеуі ғана қа­лып­ты. Жараланған, қан­сы­ра­­ған, қажыр-қайрат кеміген. Бірақ жауға қарсы соғыстарын тоқ­татпаған.

Қанша батыр болғанымен, өз­ек­ті жан – бір оқтық. Күні-түні соғысқан қос батыр садақ оғы­нан мерт болады. Кеуде­ле­ріндегі өр намыс, асыл арман қос батырды үлкенді-кі­ші­­лі екі төбеге айналдырып жі­бер­се керек. Айыртаудың қос шоқ­ысы осылай жаратылған деседі. Қос батырды жоқтаған қарын­дас­та­ры көз жастарын бұлайды. Сол нақақ көз жасынан тұзды көл пайда болады. Аңыз, әлде шындық?!. Қалай болғанда да үй­ле­сіп тұр. Тек өкініштісі, қа­зір­гі жұрт ұзақ уақыт ел есінде сақталып, туған жердің қаді­рі мен қасиетін ұқтыратын ға­жа­йып оқиға желісі бойынша өрілген аңызды ұмытқан. Қайта тірілткенде, аңыз астарын қапы­сыз ұғатындары талас тудырмаса керек.

Табиғат қаншалықты шебер дегенімізбен, оның да бір жара­тылысының жұмбақтары бол­мақ. Кім білсін, аруақты баба­лар­дың тауға айналып кетуі де ғажап емес қой. Қазір қос шоқы етегін жайлаған қалың жұртты табиғаттың дауылы мен боранынан қорғап тұр. Бауыры ық, сауыры көрген жанның көзін қуантатын көркем табиғат.

Қазір бұл төңіректе «Айыр­тау» шоқысы, «Най­за­тас» шоқы­­сы, Шалқар көлінің оңтүстік жағалауы, «Шиелі» төбешігі, «Буян» шатқалы тәрізді турис­тік бағыттар бар. Ажарлы Айыр­тау­дың айтарын ұққысы келген адам осы бағытқа бір рет сапар шексе, қаншама рухани қазынаға кезігер еді. Біз атап өткен бағыттардың бойы тәлімі мол, тағылымы тамаша көне тарих­қа тұнып тұр. Біреуін айта кете­лік. Имантау көлінің ортасында жағалауын толқын ша­йып жатқан құс ұясындай ғана арал бар. Қазір республикалық маңызға ие болып отырған тарихи ескерткіш. Құс қанаты жетер биіктен қарасаңыз, әлгі арал жүрек пішіндес болып көрінер еді. Ақ айдынның қақ ортасындағы аралды ну жыныс басқан. Ең ғажабы, бұл өлкеде сирек кездесетін қазақ аршасы да осында. Оған қоса, сақалды қарағай, шие, таңқурай тұнып тұр. Жадыраған жаз айларында табаны аралға тиген адам су жылан мен сұр жыланды көрер еді.

Көркем табиғаттың сұлулы­ғы­мен тұмшалап жатқан қолат-қойнауында самал желмен сана­ңа жетер сан алуан аңыз бар. Арыдағы Хан жайлауды мекен еткен қалың елде ай десе аузы, күн десе көзі бар ғажап бір сұлу сылаңдап бойжетсе ке­рек. Ат тұяғы жететін жерден дәмелілер дүмеп келген. Әйтсе де, нұр сипатты ару ешқай­сы­сына жанарын жасқап зер сал­маған. Ақыр соңында намыс қысқан батыр шалыс бір бағлан алып қашпаққа оқталған. Сол сәтте аруға көптен бері сырттай ынтық болып жүрген жыл­қышы жігіт қорған болған десе­ді. Ат артында өңгеріліп, пұ­шайман болып кетіп бара жат­қан періште қызды жел табан жүйрі­гіне мінгізіп алып, бас сауға­лаған. Тұс-тұстан қоршай қау­малаған қуғыншыдан құтылу қиынға соқса керек. Алдынан ке­зіккен Имантау көліне ат жал­датқан. Ол заманда көл орта­сын­дағы арал жоқ еді деседі ел тарихын екшеп, жадына жат­тағандар. Қос ғашықты құт­қа­ру үшін ат тұяғы ілігетін ала­қан­дай жер пайда болыпты. Екеуі ақ ай­дындағы ақбас тол­қын­дар­мен алысып жүріп жеткенде, әлгі өкшенің ізіндей ғана кішкентай жер кенет үлкейіп, тас қамалға айналған. Аралдың Тасқамал аты содан қалыпты. Қос ғашыққа жау құрығы жетпеген. Ажал аңсап ұшқан жебе де жағалауын сипай алмаған. Екеуі аман қалыпты, кейін ба­қыт­ты ғұмыр кешкен дейді. Көл ортасындағы шөкімдей ғана тас аралдың тарихы осылай сипатталады. Қазір ала жаздай көл жиегінде ине шаншар орын болмайды. Сұлу табиғаттың сипаты сиқырдай арбап тұрады емес пе? Көлге құмар көпшілік біле жүрсін деп бір ауыз сөз айттық біз де. Бәлкім көлмен бірге елге құмар, ел тарихына ынтызар зерек жандар көбейе түсер.

 

Ақмола облысы