Шала туған сәбиге ота жасау тіпті де мүмкін болмапты. Себеп, қажетті медициналық жабдықтың жоқтығы. Жабдық бола қалған күннің өзінде ота жасайтын маман жоқ. Сол сәтте қайран ана аттан салып, дабыл қаққан. Қақса, қаққандай екен.
Жаңа туған жас сәби ғана емес, есейіп келе жатқан балалардың ішіндегі көз ауруына душар болғандардың бүгінгі халі тіптен сұмдық. Облыс орталығындағы «Өркен» балалар бақшасында көруінде кемістігі бар 14 бала тәлім-тәрбие алады. Мүлде суқараңғы соқыр емес, әрқилы көз ақауы бар балдырғандар.
– Бұрын, 1991 жылы «Аленушка» балалар бақшасында екі осындай топ болды. Әрқайсысында 15 баладан тәлім-тәрбие алатын. Кейін біздің «Өркен» балалар бақшасына көшірілді, – дейді балабақшаның медбикесі Нина Каралаш, – өтпелі кезеңдегі қиыншылыққа төтеп бере алмай, бір топ жабылып қалды. Мұндағы жайды айтқанда, етегің жасқа толып, жылап алуға болады. Балалардың көздерін тексеруге қажетті аппаратура 1970 жылы шыққан. Ертеректе жарты ставкамен жұмыс істейтін көз дәрігері болған. Әрбір бейсенбі сайын келіп, балаларды тексеріп тұратын. 2008 жылы ол да қысқартылып кетті. Бірақ жалақы алмаса да, әлі күнге дейін қамқорлыққа зәру балаларға жаны ашып, қолынан келген көмегін көрсетіп тұрады. Аты-жөні – Рахия Кәрімова.
Рахия Бәйкенқызы қазір облыстық аурухананың көз аурулары бөлімшесінде жұмыс істейді екен. Зейнет жасына әлдеқашан жеткен. Зейнеткердің еңбектен қол үзбеуі осы саладағы дәрігерлердің жеткіліксіздігінен екен. Ол жайлы таратып айтқанда, сөз әлібі былай өрілмек. Белгіленген нормаға сәйкес, 15 мың ересек адамға, 10 мың балаға бір көз дәрігері керек. Көкшетау қаласында балалардың көз дәрігері біреу ғана. Ал облыстық балалар ауруханасында да, облыстық емханада да көз дәрігері жоқ.
– Балалардың көз аурулары туа және жүре пайда болады, – дейді Рахия Бәйкенқызы, – бір кезде әр көшені, әр үйді аралап, балалардың жанарын қадағалаушы едік. Қазір ондай жұмыс былай тұрсын, сырқат балаларды көрсетіп, кеңес алатын да жер жоқ. Бұл өте күрделі әлеуметтік мәселе. Қалыптасып отырған жағдайды түзеу үшін ең алдымен кадр дайындау керек. Онсыз ештеңе де өнбейді. Жүре пайда болатын көз ауруларының бір парасы, алыстан көрмеу. Мен дәрігер ретінде ең алдымен ана денсаулығына, бала денсаулығына мұқият көңіл аудару керек деп есептеймін. Аналардың уақтылы дем алуы, дұрыс тамақтануы, жүйкесінің қалыпты болуы, бәрі әсер етеді. Білім саласындағы үздіксіз жүргізіліп жатқан реформалардың да әсері бар. Мысалы, ертеректе жарты күн ғана оқытатын. Қазіргі жаңартылған бағдарламаның да әсері болуы әбден мүмкін. Ал баланың көз жанары ақаусыз болуы үшін көп нәрсе керек. Мәселен, біздің қоғамда спорт үйірмелері қолжетімді ме, балалардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылып жатыр? Түбін қаузап келгенде, ойластыратын дүние аз емес.
Маманның айтуына қарағанда, дәл қазір көз ауруларын емдеуге жұмсартып айтқанда, көңіл өте аз бөлінуде. Айталық, белгілі бір медициналық құрал-жабдықты сатып алу тиімсіз. Егер бұл жабдықпен жұмыс істей алатын білікті маман дәрігер болмаса, оның қандай қажеттілігі бар?
– Ата-аналар әлі күнге дейін маған келіп өтініш айтады. Тегін көмектесемін, – дейді Рахия Бәйкенқызы, – балалар бақшасынан кейін бұл балалар жалпы білім беретін мектептерге барады. Өйткені Көкшетауда көзілдірік таққан балалар оқитын мектеп жоқ. Жағдайы жеткендер Нұр-Сұлтан қаласына тіркеліп, сонда оқытуда. Ал ауыл балалары ше? Облысымыздың Бурабай, Зеренді, Шортанды аудандарында ғана бір-бірден көз дәрігерлері бар. Оның өзі ересек адамдарды қарайтын мамандар. Қазіргі талап бойынша балаларды қарайтын дәрігер, ересектерді қарайтын дәрігер арнайы сертификаттарға ие болуы керек. Қалған аудандарда бір де бір көз дәрігері жоқ. Ертеректе диспансерлік есеп жүргізілетін. Көз ауруы бар әр бала қатаң есепте тұратын, қадағаланатын.
Көз ауруларын емдеу ісінің кері кетуі 1999 жылы Көкшетау облыстық көз аурулары ауруханасының экономикалық қиын жағдайға байланысты жабылып қалған кезінен бастаған. Бұл кез трахома тәрізді жұқпалы көз ауруының белең алып тұрған шағы. Жағдай солай бола тұра, қазіргі облыстық аурухананың жанынан бөлімше ғана ашылған. Балалардың көзін емдеу, міне осы кезден бастап біржола тоқтатылған десе де болады.
– Кез келген саладағы тәрізді дәстүр сабақтастығы үзілді, – дейді облыстық аурухананың көз аурулары бөлімшесінің меңгерушісі Берік Нұрқанов, – аға буын дәрігерлер облыстық ауруханаға келді. Орта буынның бірі Нұр-Сұлтан қаласына, бірі жекеменшік ауруханаларға ауысты. Ал жаңа буынмен екі ортадағы байланыс үзіліп қалды. Менің ойымша, ең алдымен қалыптасып отырған жағдайды түзеу үшін облыс орталығында көз аурулары ауруханасын ашуымыз керек. Диагностикалық орталық керек. Кәдімгі «жүрек орталығы» тәрізді орталық болуы керек. Міне қараңыз, жүрек орталығында кардиология, кардиохирургия, емхана, бәрі бір жерде. Ал біз көз аурулары дәрігерлері әр жерде шашырап отырмыз. Екінші бір мәселе, материалдық-техникалық базаны нығайтып, қажетті медициналық құрал-жабдықтарды сатып алу. Біз қазір компьютерлік томография жасай алмаймыз. Мысалы адамның басын компьютерлік томографияға түсіреді ғой. Сол тәрізді көз ауруларын анықтау үшін де компьютерлік томографияға түсіру керек. Бірақ ол жоқ. Катарактаға ота жасайтын аппаратура 2000 жылы алынған. Екі рет есептен шығарып тастайтын уақыт өтті, әлі жаңартылған жоқ. Мәселен, осы орайда аса қажетті «Миллениум» аппаратурасын сатып алуға 23 миллион, оптикалық томография аппаратурасына 60 миллион теңге қажет. Лазерлік ота жасау тіпті мүмкін емес. Одан өзге де бүгінде аса қажетті медициналық аппаратураларға зәру болып отырмыз. Осындай көзқараспен қазіргі бөлімшенің өзінің жабылып қалу қаупі туындап отыр.
Емхананың дәлізінде кезек күткен кісі көп екен. Әсіресе, томпаңдап жүгірген балалар. Тұлымы желбіреген қыз бала, сұқ саусақ, балаң үйрегімен анасының заттарын түртіп қояды. Созыла қарманып, анасының құшағына ұмтылады. Анасының құлағына сыбырлап қояды:
– Ана, сені көргім келеді! Жарық дүниеде не жақсылық бар?! – деп сұрайды.
«Жақсылық болады, жаным» дегім келді балдырғанды болашаққа сендіріп...
Ақмола облысы