Аймақтар • 12 Ақпан, 2020

Қаржы пирамидасының құрбандары қаражатын қайтара ала ма?

850 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласында жеке бір адам емес, тұтастай компанияның алдамшы, құйтырқы, жалған әрі жымысқы іс-әрекеттерге барғаны жөніндегі жайсыз деректер орын алып отыр. Атап айтқанда мұнда «Gold» деп аталған компанияның қос бірдей өкілі Ресей азаматтары Қазақстан Республикасының қылмыстық Кодексінің 217-бабына сәйкес жауапқа тартылды.

Қаржы пирамидасының құрбандары қаражатын қайтара ала ма?

Оларға жалған қаржылық пирамида қызметін атқарды деген күмән келтіріліп, екі ай мерзімге абақтыға қамауға алынған. Бұл шара айғақ заттарды тәркілеу нәтижесінде жасалған. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл жөнінде БАҚ өкілдеріне Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Самат Аисов хабарлады.

Оның айтуынша аталған компаниягың бас кеңсесі алматы қаласында орналасқан. Оны құрушы Ресей Федерациясының азаматы Черняев деген біреу көрінеді. Әйтсе де ол өмірде нақты бар адам ба, әлде оның лақап аты ма, бұл жағы әзірге белгісіз. Мәселенің ақ-қарасы тиісті тергеу мен тексеру амалдарынан кейін белгілі болмақ. Қазіргі күні қазақстандық Ішкі істер құрылымы Черняевтің жеке тұлға ретіндегі дерегі мен түпкілікті мекен-жайын анықтау үшін көрші мемлекетке халықаралық қатынас қағазын жолдаған.

Ал әзірге дәл қазіргі кезде барлық келісім-шарттар мен квитанцияларда және кіріс-кассалық құжаттарда аталған азаматтың факсимиле, яғни көшірме түріндегі шартты қолы тұр екен. Яғни ол нақты түрде еш уақытта ештеңеге қол қоймапты. Сонымен бірге компанияның Ақтөбе қаласында қамауға алынған кеңесшісі мен басқарушысының да қол қоюға құқылары болмаған. Алаяқ компания аз уақытың ішінде еліміздің алты қаласында өз кеңселерін ашып, тұрғындардың қомақты қаражаттарын қымқырғанға ұқсайды. Сол аймақтағы жергілікті құқық қорғау органдары бұл жөнінде тергеу жұмыстарын жүргізе бастағаны белгілі болып отыр.

Мәселенің мәнісіне келсек, «Gold»  компаниясының Ақтөбедегі өкілдігі қткен 2019 жылғы желтоқсан айының басында ашылып, әлеуметтік желілерде ашық және белсенді түрде жарнама жүргізе бастапты. Олар ел-жұртқа бір айдың ішінде 40-50 пайыз мөлшерінде үстемақы беруге уәде еткен. Жалған сөзге сеніп қалғандар аз емес. бұл орайда ең төменгі бастапқы салым мөлшері -300 мың тенге болса, ең жоғары көлемі 7 000 000 тенгеге дейін барған. Бұған дейінгі жасалған сараптаулар алдамшы компания құрбандарының басым бөлігі жастар мен зейнеткерлер екенін көрсетеді.

Әзірге мұндай құйтырқылық жөнінде дәл ресми деректер айтыла қоймаса да, жоғарыда көрсетілен жәйттерге қарап, оның мөлшері аса қомақты екенін аңғару қиын емес секілді. Алдын-ала жасалған мәліметтерге қарағанда қаржы пирамидасы құрбандарының саны -10 000 мен 15 000 аралығында екенін есепке алсақ, тұрғындардың зая кетіп, жерге шашылған қаражатының көлемі бұдан әрі аспандап кете беретіні айтпаса да түсінікті емес пе?!

Тағы бір айта кетерлік мәселе Ақтөбеде аталған фирманың әділет органдарына тіркелгені жөніндегі құжаттар да жоқ екендігі. Тек жоғарыда аталған екеу ғимаратты жалға алып, өздерінің арбауы мен алдауына сеніп қалған тұрғындардан ақша жинауды әдетке айналдарған. Олар бухгалтерлік есеп жүргізу ісін де қажет деп таппаған. Ақшаны қабылдап алу мен беру және кері қайтару жөніндегі актілерді де белдерінен бір-ақ басқан. «Gold» қаржы аудару тәртібін мүлдем ысырып тастап, тек қолма-қол ақшамен жұмыс істеген. Сондықтан да бұл мәселеге қатысты құжаттар тым құрғақ, жалаң –тек салымшылардың аты-жөндері мен сома мөлшері жазылған күйінде ғана болып отыр. Тіпті ең берісі ақша қабылдайтын кассирлермен де еңбек шарты жасалмапты. Қазіргі кезде еліміздегі бірқатар  ішкі істер департаменттері аталған фирмада тиісті лицензиямен банк шотының бар-жоғы екендігін анықтауға қатысты мемлекеттік кіріс органдары мен Ұлттық банкке сұраныс талап жолдағанына да осы материалды газет өндірісіне әзірлеу барысында көз жеткіздік. Бұған «Gold» компаниясында олардың өңірлердегі өкілдіктерінде де Қазақстан банктерінде шоттары жоқ деген айқын әрі нақты жауаптар қайтарылыпты.

Бүгінгі уақытта Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті ғимаратына қарай бағыт алып жүрген тұрғындар аз емес. Олар ай мен күннің аманында алдамшы компанияға жем болғандарын үлкен өкініш пен қынжылыс үстінде жеткізуде. Дәл бүгінгі күні қаржы пирамидасы құрбандарының қабырғаларына қара тастай батып жүрген бір ғана мәселе бар. Бұл олардың өз аңқаулықтары мен аңғырттықтарынан жоғалтқан ақшаларын қайтарып алу қажеттілігінен туындайды. Мұндай мүмкіндік бола ма әлде жоқ па? Егер бола қалса бұл сәт қай кезде жүзеге асады. Әзірге бұл сауалдардың жауабы басы ашық күйінде тұр. Өңірдегі бас полицей орынбасарының мәлімдеуінше тергеу жұмыстары аяқталған соң, оның бір жауабы қайтарылмақ.

Мұндай оқыс оқиға әркімнен де алды-артын бажайлап, сақ, өте мұқият, аңғарымпаз бола білу керектігін ұғындырады. Әсіресе мұндай байқампаздық «Gold» секілді іс-әрекеттері мен қимылдары күмән туғызатын қаржы компанияларына қаржы аударған кезде аса қажет екені хақ.

Бір қызығы әлеуметтік желілер мен вотсап мессенджері арқылы ел-жұрттан жиналған қаражаттаың қайтарылып берілетіндігі жөніндегі мәлімдемелер де айтылып қалып жүр. Соны малданып, істі болған екеуді бостандыққа шығару керек шығар деген ойға беріліп жүрген тұрғындар да жоқ емес. Мұндай жалған мәлімдемелер мен уәделерге сенудің қажеті жоқ дейді Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Самат Аисов.

Бүгінгі материалымызды түйіндей келе, аталған мәселе Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің бақылауында тұрғанын айтқымыз келеді. Құқық қорғау органдарында алдамшы компанияның құрбаны болған салымшылардың барлық мәліметтері бар екені де үміт пен сенім ахуалын туғызбай қоймайды. Аталған іс бойынша олардың бәрі де осы іске шақырушылардың қатарында қала бермек.

 

АҚТӨБЕ