Алайда, «Адал жанды өнеге тұт өзіңе» демекші, биік болмысымен, адамгершілік тұлғасымен, адалдық қасиетімен замандастарының құрметіне бөленіп жүрген беткеұстар бағландар баршылық. Ондай адамды елі төбесіне көтереді, ардақтайды. Сондай ғибратты жан, атпал азаматтың бірі - Көпболсын Әбдікешұлы дер едім.
Көпболсынның өмірдегі сара жолы қаншалықты мағыналы болса, қарапайымдылық қалыбынан аңқылдаған бала көңілі де табиғатымен астасып жататындығы көңілге қуаныш ұялатады. Құдай берген несібесін ақ адал еңбегімен теріп жүрген Көбекеңнің өзіндік ірілігі, бет-бейнесі, келбеті бар. Досқа, әріптестеріне, көрші-қолаңға, ағайын-бауырға, үлкен-кішіге деген тура жолдан таймаған адалдығын көргенде сүйсінетінің тағы бар. Өн бойынан кеңдіктің, кемелдіктің иісі аңқып тұрады. Даладай дархан десек те жарасады. Ол туралы әңгіме толғай бастасам ежелден келе жатқан мына бір аңыз еріксіз ойыма оралады.
Ежелгі грек философы Диоген қария пенделік фәни дүниеден баз кешіп жүрген шағында қарақұрым жұрттың нөпірінен аяқ алғысыз қан базардың қақ ортасында қолына шырақ ұстап келе жатады. Тапа-тал түсте оның шырақпен жолына жарық шашып жүргеніне таңғалысқан көпшілік:
- Ақсақал, не жоғалттыңыз, не іздеп жүрсіз?- деп сұрайды. Сонда ол кісі:
- Адам іздеп жүрмін, - деп жауап қатады. Оның бұл ісіне ауыздары ашылып, аңтарылып қалған әлеумет:
- Ақсақал-ау, жан-жағыңыздың бәрі толған адам ғой,- депті таңырқап.
-Жоқ, бұлар жай ғана адам сипатындағы кісілер ғана. Ал, жүрегіне иман ұялаған, пендешіліктен ада нағыз адам теңіздің терең түбіндегі асыл маржандай тым некен-саяқ, - деген екен.
Иә, осы бір тағылымдық тәмсіл Көпболсынның ғибратты өмір жолын, болмысын тануға, туған жер мүддесі үшін еселі еңбегін бағалап, оның азаматтық тұлғалы қадір-қасиетін сезінуге арналғандай көрінеді де тұрады. Расында ол кеңдік, тереңдік, биіктік деген адамгершіліктің өлшемдерін өзіне темірқазық етіп алған тұлға. Аға ұрпақтың ғибратты өкілдерінің алдын көріп, дәмдес болып, тәлімін алған асыл буынның бірі, ұлылардың ұлы тобының сарқыты деп санаймын. Елдің белгілі тұлғалары - С. Исаев, Қ.Жұмабеков, Ж.Қошанов, К.Медиев, генералдар М.Құрманов, Р.Қайдаров, Е. Белғожанов сияқты асқар таудай ағаларының зиялылық, азаматтық, кісі сыйлау, құрметтеу сияқты асыл қасиеттерін бойына сіңіргенін, тәлім алғанын зор құрметпен айтады.
Ұзақ жылдардан бері Көбекең Қазақстанның Ардагерлер ұйымының орталық кеңесінде бас маман, жауапты хатшы, төрағаның орынбасары қызметтерін абыройлы атқарып келеді. Ұйымның ұйымдастырушылық ролін, құрылымдық негізін жетілдіруге, ардагерлер белсенділерін көтермелеу марапаттарына ерекше назар аударды,
Тәңір дарытқан ақыл парасаты, ой-өрісі, ерекше пайымы, жады мен түйсігі, зерделігі мен зеректігі, сергектігі мен сезімталдығы оны, сөз жоқ, замандастарынан оқ бойы озық көрсетіп тұрады. Одан қалды адамның ойын дөп басатын психологтық қасиетін қосып қойыңыз. Көкірегі ашық, көмбе кеуде тұлға болып қалыптасуына киелі топырақтың да әсері болған болар. Өйткені, дана халқымыз «Асыл асылға, нәсіл нәсілге тартады» деп тегін айтпаған ғой. Осылай ой топшылауымның бір ұшығы Көпболсын Әбдікешұлының ұшқан қыранның қанаты талатын, шапқан тұлпардың тұяғы кетілетін Ұлы даламыздың киелі жері саналатын, өзіндік дара тарихы бар Арқаның, Ақтоғайдың тумасы. Бұл өлке тек қана жасыл жайлауымен, айдын шалқар көлімен, сыңсыған құрағымен, адамды ерекше күйге бөлер қоңыр белімен ерекшеленіп қоймай, ұлағатты ісімен дараланған әйгілі тұлғалар шыққан киелі топырақ. Қасиет қонған құт мекен. Ал, осындай топырақтан нәр алған Көпболсын қайдан осал болсын. Оның сыртында Арғын ата руының Тобықты ұрпағы болса. Тобықты ата перзенттерінің қатарында Кеңгірбай, Өскінбай, Құнанбай, Абайлар тұрғандықтан ба, халқымыз осы руға ерекше ықылас білдіретіні де жасырын емес.
Сонымен қатар ұлт мақтаны, марқасқасы - Алаштың үш арысы Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев сынды қазақтың ұлы перзенттері кіндік кесіп, ит көйлегін тоздырған өлке. Сондықтан болар оған осы бабаларының киесі қонған. Саналы ғұмырын еліне, халқына және қоғамына айрықша қызмет етуімен жұрттың ықыласына бөленіп, назарына іліккен замандас інім Көпболсын Әбдікешұлы қазыналы жетпіс жасқа толып отыр. Көбекеңнің бұл жетпіс асу, жетпіс белесінде қаншама із жатыр десеңізші? Оның әр асуында, әр белесінде өмірге деген құштарлығы, іңкәрлігі, жастық жалыны мен адами құндылығының, бұла талантының іздерін көруге болады.
Қазақтың «Ай-ортақ, күн ортақ, жақсы ортақ» деген тәмсіліне сай маған ғұмырымда жақсы адамдармен жолығысу сәті көп бұйырды. Соның бірі осы Көпболсын Әбдікешқұлы Бекмағанбет сынды азамат. Ақ адал, антына берік, бір сөзді жігіт ағасы. Бірге қызметтес бола жүріп, жарты құртты бөліп жейтіндей сыйластыққа жеттік. Тонның ішкі бауындай аралас-құралас жүрген кезеңде аумалы-төкпелі, екі сөйлеу, жалған айту, көпіріп-лепіру, тұрақсыздық сияқты мінез-құлқын байқаған емеспін. Тектілікті дәріптеп қалыптасқан болмысына алып-қосарым жоқ.
Әкесі Әбдікеш ақсақал ауыл-аймағына өте беделді, ықпалды адамның бірі болған деседі. Кіндігінен он бала таратып, тәрбиелеп өсірген қасиетті отбасының абызы. Анасы Гүлнар да шаңырағын берекеге, ынтымаққа бөлеген, азаматына кесе-көлденең келмеген қазақтың үлгі тұтар бәйбішесі болған кісі. Сыйлас, аралас-құралас ел арасында ол кісінің «Үш полковниктің анасы» деген аты тарап кетуінің себебі өзі әлдилеп өсірген үш ұлы Көпболсын, Қуат, Болаттардың үлкен әскери шенге ие болуы. Атам қазақ «Көзіңді қалдыр - бұлақ көзін аша жүр, ізіңді қалдыр - жақсылық мұра шаша жүр, өзіңді қалдыр-ұрпақ өсіріп, жаса нұр» - дегендей, осындай үлгілі отбасында тәрбие көрген Көпболсын тумысынан антына адал, сертіне берік, жаны жайсаң азамат болып қалыптасқан.
Бойында туа біткен табиғи дарыны бар. Тәңірім оның бойына екінің біріне бұйыра бермейтін ерекше талантты нәсіп еткен. Ол қара сөзден қаймақ айыратын сөз сүлейі. Әдебиетке, поэзияға етене жақын, ақындығы да бар. Ақын болғанда жай, қарапайым ақын емес, арқалы, айбарлы ақын деуге болады. Қаламы желдей жүйрік қаламгердің бірі. Мектепте, институт қабырғасында бірге дәріс алған достарын қадір тұтып, қуаныштарында талай маржан жыр арнағанының куәсі болып жүрміз. Оның қаламынан өрілген мөлдір жырларын тасбұлақтың бал суына шөліркегендей сезімге бөленіп оқисың. Әсіресе, аллитерация, ассонанс жанрына қалам сілтейтін аздаған ақындардың бірі десе де болады. Поэзия саласында бұл жанрға көп ақындар тістері батып бара бермейді. Өйткені ең күрделі сала.
Іңкәр көңілім жетелер өлең жаққа,
Інжу-маржан сөзіңді айтам жатқа.
Іштарлығым жоқ менің дегенменен,
Іштей саған қызығам кейбір шақта.
Ісім менің болмайды көрінгенмен,
Іргемді аулақ салам көбінен мен.
Ілеке, сен Нарынқол тауларынан,
Іленің суы құяр көлінен мен, - деп Ілияс атты әріптес ақын ағасына інілік ілтифатын жырмен ақтаруы өнер әлеміндегі, оның ішінде аллитерация, ассонанс жанрының шебері екендігін аңғарамыз. Тағы бірде осылай ойқастатып ой құрастыра келіп:
Батырлығым жоқ менің, бақсылығым,
Байқамадым пейілдің тапшылығын.
Ойға түйген жасымнан бір қағидам -
Айту парыз жақсының жақсылығын,-деп жырлайды. Иә, оның өлең жолдары белгілі бір сәт пен уақиғаларға байланысты туындаған. Замандастарының жақсылығына сүйсіну, еселі еңбектерін түйсіну, ортақ іске үлесін қосу болып табылады.
Осы орайда көп азаматтарда кездесе бермейтін Көпболсын мырзаның ерекше бір қасиеті туралы айтпақшымын. Бір кездерде бірге оқыған, жұмыс істеген сыныптас, курстас, жұмыстастары бұл күндері бақилық болып кеткен азаматтарды ұмытпай, олардың отбасымен үнемі байланыста болып, торқалы тойында, топырақты өлімінде қолтықтарынан демеп, жылы сөзімен, арнау өлеңдерімен қолдау көрсетіп жатады. Бұл қазіргі нарықтық заманда, бірінші кезекке материалдық игіліктер шыққан кезде кез келген жігіт ағасында кездесе бермейтін және өте жоғары бағаланатын адамгершілік қасиет қой.
Қазақтың «Өнерлінің қолы алтын, өлеңшінің сөзі-алтын» деген қағидасы тура осы Көпболсын Әбдікешұлына арналып айтылғандай. Кәдімгі сегіз қырлы, бір сырлы жігіттің төресі. Қаламынан отты жыр ұшқындаған ақын екенін тілге тиек етсек, енді бір қыры - спортқа да етене жақын.
Оның ішінде әлемге кең таралған ақыл-ойдың спорты саналатын шахмат ойынына да жүйрік. Шебер шахматшы әрі бильярдшы. Жетпісінші жылдары Мәскеу қаласында жарық көретін «Советская милиция» журналында басылған шахмат туралы түрлі комбинация, есептердің шешуін тауып, жеңімпаздық тұғырға көтерілді.
Ал, сексенінші жылдары Ташкент қаласындағы Жоғары милиция мектебіне байтақ еліміз - бұрынғы Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінен келген офицерлер тәртіп сақшылары арасында шахматтан жарыс өтіп, чемпион атағын жеңіп алған болатын.
Кейін тоқсаныншы жылдары елімізде бильярд спортының жаппай кең өріс ала бастаған кезінде кенді өлке Жезқазған қаласында да алғашқы бильярдтан турнир өтіп, ол сайыста да шашасына шаң жұқтырмай алғаш рет жеңімпаз атанып, сыйлық ретінде арнайы кийді иемденді. Бильярд ойыны әдемі әм күрделі шарларды ұяға түсірудің сан түрлі, епті әдістерін меңгерген Көбекеңді замандастары «маэстро» деп құрметтейтін.
Сондай-ақ, ол кісінің ұйымдастыруымен өткізілген бильярдтан ардагерлер арасындағы тұңғыш республикалық жарыс өте жоғары дәрежеде өтіп, жұртшылықтың ризашылығына ие болған. Астанада өткен ТМД елдері күштік құрылымдары арасындағы бильярдтан халықаралық жарысқа да атсалысып, нәтижелі өнер көрсеткен.
Адамзаттың ақыл-ойының алтын қоры саналатын 1500-дей түрлі оқулықты, кітаптарды Жезқазған қаласының үш кітапханасына, Астанадағы ҰОС мүгедектерінің госпиталы «Шапағат» қарттар үйі, қазақ-түрік лицейінің кітапханаларына тапсырған болатын. Соңғысына табысталған 225 кітаптың 50-ден астамы құнды шахмат әдебиеті, әлемге даңқы шыққан атақты гроссмейстерлер Э.Ласкер, Х. Капабланка, А.Алехин, Б.Спасский, М.Ботвинник, Г.Каспаров, А.Карпов, М.Таль, Л.Полугаевскийдің өмірі мен партиялары туралы кітаптар және түрлі шахмат теориясына, ерекше комбинациялар, осы ойынға үйрететін оқулықтарды лицей кітапханасына сыйға тартқан мәрттігін айтқан артық болмас.
Отбасы–табиғат сыйлаған нығметтердің бірі десек, Көбекең қарашаңырақтың ақылшысы, арқа сүйер, қамқоршы болар отағасы. Жұбайы Бақытты екеуі бақытты ғұмыр кешіп, дүниеге ұл-қыз әкеліп, айрандай ұйыған, тату-тәтті бірлікте өмір сүріп жатқан үлгілі қазақ отбасыларының бірі. Балаларына жақсы тәрбие бере білді. Ұрпақтарына дүниенің жақсы тұстарын көрсетуден, жақсылыққа итермелеуден жалықпайтын ата-ана атанды.
Әрине, өмір болғасын оның күнгейі мен көлеңкесі болатыны заңдылық. Шығыстың ұлы ойшылы, әдебиет тарихындағы дүр ақындардың бірі әрі ең көрнекті тұлғасы Әбілқасым Фирдоуси:
«Бірде-бал, бірде-у боп өтеді өмір,
Бақты да, қайғыны да көтере біл»,- деп жырлағандай, осыдан бір жыл бұрын сүйікті жары Бақыттыны тағдырдың отты толқындары арамыздан ағызып әкеткен болатын. Бұдан жарты сағаттай уақыт өткенде Дересін елдімекенінде тұратын анасының өмірден озуы, бір әулеттің қос анасын қатар жерлеу бұл отбасына ауыр соққы болды. Осы қайғы Көбекеңнің отбасын аяздай қарыған еді. Уақыт емші деп жатады ғой жұрт. Бәрі тек Алланың ғана қолында екенін, жазмыштан озмыш жоқтығын түсінген пенде тірлігін жалғастыра беретіні анық. Бір-бірінен 700 шақырымда, бір мезетте,жұма күні дүниеден озған, асыл жандары анасы Күлнар Құтжанқызы мен жан-жары Бақытты Ғұбайдоллақызының рухтарына көңілдегі шерменде ойын былай тарқатқан еді:
Сан қызықта бірлесе сайрандаған,
Жаздар өтті жадырап жайраңдаған.
Бір-ақ сәтте тоқтатқан екі өмірді,
Құдыреті Құдайдың қайран маған.
Асыл жандар, жалғаннан дамылдасын,
Жұмақ төрі өздерін қабылдасын.
Ұрпақтары үздірмей дұғаларын,
Мейір-нұрға толтырар қабір басын.
Көпболсын Әбдікешұлының отбасында – балалары абзал әкеден, асыл анадан ұлағатты тәрбие көрген, Алласы аузында, намазы оқулы, Жаратқанды бір сәт ұмытпайтын жастар өсіп келеді. Ұлы Сырымның қалтафонының статус қос анасы-әжесіКүлнардың, өз анасы Бақыттының жүздерінен мейірім нұры төгіліп, көпті көрген кейуананың, келінінің басына ақ жаулық-орамал салып жатқан сәті бейнеленген. Сырымға келген әрбір жақсы хабар аналардан жеткендей әдемі әсер қалдырады екен. Сағынышты перзентінің жүрегіне нұр құйып тұрғандай.
Біз де, осынау мерейлі жетпіс жасында, абзал, ақжүрек азамат Көпболсын Әбдікешұлына, отбасына барлық жақсылықты тілейміз.
Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор