Қазақстан • 13 Ақпан, 2020

Дәурен Абаев Қордай оқиғасына қатысты пікірлерге тоқталды

492 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасында Қордайда болған оқиғаға қатысты пікірталас жайында ойымен бөлісті.

Дәурен Абаев Қордай оқиғасына қатысты пікірлерге тоқталды
Министр «Қордайдағы оқиға қоғамды екіге бөліп жіберді ме?» деген сауалға жауап берді.
 
«Қоғам екіге жарылып кетті деу – артықтау. Иә, адамдар сөз таластырады, себебі әркімнің өз ойы бар. Бұл – қалыпты үрдіс. Бірақ қоғамда әртүрлі мәселеге қатысты пікірталас жүріп жататынын түсіну керек. Бірақ барлық эмоция мен көңіл толқынысын қоя тұрсақ, Қазақстан азаматтарының көбі мынадай қағидатты қолдайтын сияқты: бірінші, кезекте біздің елде бәрі де бейбітшілік пен келісімнің болғанын қалайды. Екіншіден, болған оқиғаның шынайы себебін білгісі әрі оны реттегісі келеді. Үшіншіден, адамдар қақтығысқа кінәлілердің анықталғанын жөн деп біледі. Төртіншіден, адамдар мұндай оқиғаның енді қайталанғанын қаламайды. Бұл – ең басты мәселе», - деді Дәурен Абаев
 
Министрдің айтуынша, орынсыз айтылған пікір жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін.
 
«Бәлкім, бұрын айтқанымыздай бізде белгілі бір дәрежеде ашық пікір таластыру да дамымай тұрған болар. Адамдар эмоциямен бір-бірін жәбірлеуге дейін барады. Кей жағдайда кез келген мәселеге байланысты, кез келген саланың маманы ретінде пікір білдіріп отырған «сарапшылардың» да отқа май құйып отыратыны бар. Әркім өз сөзін айтып қалғысы келеді. Өкінішке қарай, кейбіреу тіпті ашықтан-ашық «хайп ұстағысы» келеді. Бұған қарсы шара қолдану мүмкін емес секілді. Сөз еркіндігі - осы болар», - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі.