Әбілфайыз Ыдырысұлы Қостанай облысының Амангелді ауданына қарасты Егінсай ауылында туған. Қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналист мамандығы бойынша тәмамдап, журналистік еңбек жолын «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдеби қызметкер болып бастап, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары болып жемісті еңбек етті. Жалындаған шағында «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметінде газеттің сапалы шығуына өз үлесін қосты. «Қазақстан пионері» газетіне басшылық жасаған тұсы ерекше бір кезең. Ал кейін ұстаздық қызметке біржола ден қойып, өзі білім алған қара шаңырақта аға оқытушы, доцент, профессор болып қызмет етіп, мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. Олардың алды министр, бас редактор, профессор, академик, декан, ректор болды. Ал соңы ақпарат айдынында ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүр. Міне, осындай еселі еңбегі арқылы қазақ журналистикасының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосты.
«Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін: әкемнен өмір алсам, ал Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым», деген екен Александр Македонский. Бұл сөзді мен өзімнің ұлағатты ұстазым Әбілфайыз Ыдырысовқа арнап айтқым келеді. Өйткені мен де ол кісіге әкемнен кем қарыздар емеспін. Оның әкелік һәм ұстаздық қамқорлығын көрдім. Ол оқиға күні бүгінге дейін жадымда қаттаулы.
1987 жылдың жазы еді. Атақты КазГУ-ге түсу үшін тағы да құжат тапсырдым. Тағы да деуімнің себебі бар. Осыдан үш жыл бұрын, яғни 1984 жылы талапкер болып келіп, құлап кеткен болатынмын. Содан екі жылдық азаматтық борышымды өтеп әрі еңбек етіп келіп тұрмын. Ол кезде әскерге барғандар мен қара жұмыс істеп келгендердің қадірі болатын. Мен де сондай жеңілдікке ие болдым. Бізді Әбілфайыз ағайымыз құшақ жая қарсы алды. Оның үстіне, аудандық, облыстық һәм республикалық газет-журналдарға там-тұмдап жазған-сызғандарымыз бар еді. Ол да бізге әжептәуір ұпай. «Емтиханға жақсылап дайындалыңдар. Құлап бара жатсаңдар маған айтыңдар» деп қатаң ескертті. Бұл сөз бізге үлкен демеу болды. Содан не керек, шығармашылық байқау мен емтихандардан өтіп келіп, соңғы тарих пәніне келгенде сүріндім. Дереу Әбекеңе жүгіндік. Ол кісі сөзге келмей, тарих пәнінің профессорына барып мән-жайды айтты. Түсінбеді. «Бізге тарихшы емес, журналистер керек. Бұлар – дайын журналистер. Кейін тарихты меңгере жатар» деді. Оған да көнбеді. Ақыр аяғында жалынып та көрді. Ыңғай танытар емес. Ашуға булыққан Әбекең: «Ендеше қой екіңді», деп қолын бір сілтеді де кетіп қалды. Мені ерте кетті. Жолда кетіп бара жатып: «Сағың сынбасын. Келесі жылы кел. Қалайда түсіремін», деп уәде берді. Уақыт жүйрік қой. Бір жыл өте шықты. «Үйреніскен жау алыспаққа жақсы» деп бағымды сынап, КазГУ-ге үшінші рет келдім. Әбілфайыз ағамды тауып алдым. «Биыл қалайда түсесің» деді. Білдей бір деканның орынбасары айтып тұрған соң, қалай сенбейсің, сендім. Ағай уәдесінде тұрды. Сөйтіп өзім армандаған оқуға үшінші рет келіп түстім. Әрине бірінші – Құдай, екінші – Әбекеңнің арқасында. Кейін де ол кісінің көмегін көп көрдім. Бірінші курста «Он саусақ, соқыр әдіс» сабағынан, яғни «Машинка басу» пәнінен оңбай құладым. Кінә өзімнен. Сабаққа келмегенмін. Тұрымтай апай жанына жолатар емес. Болған жайды кураторым Бауыржан Жақыпқа айтып, жәрдем беруін сұрадым. Ол тура Әбекеңе алып барды. Зачеткіме бесті қонжитты да: «Ағайың бие сұрап еді, мен түйе бердім» деп күлді. Біз әйеліміз ұл тапқандай қуандық. Бұл да – Әбекеңнің маған деген әкелік қамқорлығы еді.
Жалпы, Әбілфайыз Ыдырысұлы тек маған емес, журфакта оқитын барлық студентке өз баласындай қарап, оларға қолынан келгенінше көмек беріп жүрді. Тіпті бір басы екеу боп, отау құрған студенттердің тойына Заря жеңгемізбен бірге барып, Әбекең Төлегеннің, ал Заря жеңгей Қыз Жібектің ариясын айтатын. Сөйтіп, студенттердің тойы Әбілфайыз ағамыз бен Заря жеңгейсіз өтпейтін болды. Бұл үрдіс біз оқу бітіріп кеткенше жалғасты. «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деген қағиданы бізге ұстазымыз осылай түсіндірді. Қазір сол күндерді сағына еске аламыз.
«Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» дейді халық даналығы. Сол айтқандай, Әбілфайыз Ыдырысұлын таныған күннен бастап, ұстаз ретінде құрметтейміз, қадір тұтамыз. Ол кісі өмірінің соңында жүріп-тұруы қиын болып қалса да, қолына таяқ ұстап жүріп, арнайы курстан дәріс берді. Мен де осы оқу ордасында аға оқытушы едім. Көрген сайын ол кісіні көліктен дәрісханаға дейін, сабақтан соң дәрісханадан көлікке дейін қолынан демеп, шығарып салып жүрдім. Кейде той-томалақтарда жолығып қаламыз. Сонда да мені іздеп, шақыртып алатын. Мен сол дағды бойынша ағайды құрметпен шығарып салып тұратынмын. Бұл маған әке мен бала арасындағы қарым-қатынастай көрінетін. Ылғи да оның көзінен нұр, жүзінен мейірім көруші едім. Асқар таудай әкем тіріліп келгендей сезінетінмін. Ол да бір дәурен екен-ау.
Осыдан бес жыл бұрын, яғни қазақ журналистикасының қара нары Әбілфайыз Ыдырысұлының 85 жылдығына орай «Қазақ университеті» баспасынан «Өнегелі өмір» сериясы бойынша арнайы жинақ шыққан болатын. Ол кітапқа ұлағатты ұстаздың өмірі мен шығармашылығы, алған асулары мен жеткен жетістіктері, мұрағат құжаттары мен фотосуреттер һәм ол туралы зиялы қауым өкілдерінің парасатты пікір-пайымдары топтастырылған. Университет ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанұлының бастамасымен жарық көрген басылымның мәнді де мазмұнды шығуына Әбекеңнің шәкірттері – Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып пен журналист-публицист, баспа ісінің білгірі, ғалым-ұстаз Сағатбек Медеубекұлының сіңірген еңбектері зор. «Ұстазыңа бар ықылас-ниетіңмен қызмет қыл» деп Қожа Ахмет Ясауи айтпақшы, бұл ізгі іс – осы қағиданың орындалғанының белгісі.
Әбілфайыз Ыдырысұлы 89 жасында фәниден бақиға озды. Сол қаралы жиында кезінде Мәдениет, спорт және қоғамдық келісім министрі, Мемлекеттік хатшы, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған, қазіргі сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза сөз алып:
– Заря жеңгеміз Әбекеңді баласындай күтті, махаббатымен аяғынан тік тұрғызды. Ұлы ұстазымыз махаббаттың, қаламның құдіретіне сүйенді. Сол қалам Әбекеңе 30 жыл өмір сыйлады. «Таңшолпан» атты романдар сериясын дүниеге әкелді. Оны Олжас Сүлейменов орыс тіліне аударды, – дегені әлі есте. Бұл кісі де – абыз ағамыздың алғыр шәкірттерінің бірі.
Әбілфайыз Ыдырысұлы қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің көзін көрді, оның тәлім-тәрбиесін алды. Тіпті сол кісіге еліктеді. Оны бізге кей дәрістерінде айтып та отыратын. Кейін төсек тартып жатып қалса да қолынан қаламын тастамады. Сол өзі ұстаз тұтқан ұлы Мұхаң туралы «Әуезовке іңкәрлік» атты кітап жазды. «Біртуарлар болмысы», «Аңсаған менің әнімсің», «Айжанның ғашығы», төрт кітаптан тұратын «Таңшолпан» роман-хикаяты да сол тұстарда жазылған шығармалар. Қарап отырсаңыз, мұның өзі – үлкен ерлік. Қайтпас қайсарлық! Қаламға деген құштарлық!
– Қазақ журналистикасының ардагері, профессор Әбілфайыз Ыдырысұлы өмірінің жарты ғасырға жуық уақытын осы жоғары оқу орнына арнады. Талай журналист мамандарды тәрбиелеп шығарды. Менің де қадірлі ұстазым. Ағамыздың өмірі мен еңбек жолы – бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Ол – газетті безендіру, түрлендіру өнерінің негізін салып берген кісі. Осы салаға қатысты оқу құралдарын шығарды. Қазір технология қанша дамыды десек те, бұл кітаптар өзінің маңыздылығын жойған жоқ, – дейді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттің Журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы.
«Бір бала, атаға жете туады,
Бір бала, атадан өте туады,
Бір бала, кейін қарай кете туады», деген екен атам қазақ. Сол айтқандай, Әбілфайыз Ыдырысұлының ұлы Ерлан – атадан өте туған атпал азамат. Ол кезінде Сыртқы істер министрі қызметін абыроймен атқарды. Қазір Қазақстанның Ұлыбритания, Исландия және Ирландиядағы Төтенше және өкілетті елшісі. Әбілфайыз Ыдырысұлының 90 жылдық мерейтойына орай Журналистика факультетінен ашылғалы отырған аудиторияны безендіріп, әрлеп һәм көрнекі құралдармен қамтамасыз еткен де – осы Ерлан Әбілфайызұлы. Бұл – осы қара шаңырақта білім алып, бүкіл саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған әкесіне ғана емес, сондай-ақ киелі оқу ордасында оқып жатқан қазақ жастарына һәм қасиетті білім ошағына деген құрметі. Ол үшін оған университет ұжымы атынан алғыс айтамыз.
– Тірі өледі, жер қойыны – жатағы,
Ізі қалар жақсы болса атағы, –
деп Жүсіп Баласағұн айтпақшы, Әбілфайыз Ыдырысұлының аты да, ізі де қазақ деген халық барда мәңгі жасай берері хақ.
Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ,
«Алтын қалам» сыйлығының лауреаты