Аймақтар • 15 Ақпан, 2020

Жол құрылысынан табылған ақау көп

353 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары еліміздің барлық өңірлерінде автомобиль жол құрылысы кеңінен қарқын алып келеді. Бұл жөнінде жол-көлік логистикасы орталығына айналу бағытын ұстанып отырған Ақтөбе аймағында да атқарылған іс аз емес.

Жол құрылысынан табылған ақау көп

Атап айтқанда өткен 2019 жылы облыстың автожол саласын дамытуға жиырма миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалып соған сәйкес 347 киллометрден астам жол жөнделген. Мұны аз не көп деуге келмейді. Автожол құрылысына биылға белгіленген меже өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық артық болып отыр. Талас жоқ, мұның бәрі жағымды жәйт. Әйтсе де сол салынған немесе алдағы уақытта төселетін жолдардың сапасы қандай? Белгіленген нормативтер мен талаптарға сәйкес келе ме деген мәселе өңірдегі жол саласына тікелей қатысы бар құрылымдар мен мердігер мекемелерді ойландыра бермейтіні байқалып қалып жүр. Жол сапасы нашар, төмен болса бұл көрініс әлеуметтің көңіл-күйіне тікелей әсер етеді. Өйткені жол азабы аты бар да заты жоқ осындай ойқыл-шойқылдан басталады емес пе? Сондықтан да кейінгі кезде бұл ең өзекті әрі көкейкесті мәселелердің қатарына кіріп отыр.

Өткен жылы еліміздің әр өңіріндегі жол құрылысы сапасын тексеретін жылжымалы зертханалардың тиімсіздігі мен сыбайлас жемқорлық сыйпатындағы іс-әрекеттеріне жол ашатыны ескеріліп қолданылудан алып тасталғаны мәлім. Оның орнына «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК құрылып, көп кешікпей құзырлы кәсіпорынның облыстардағы филиалдары да ашылып іске кірісіп кеткен-ді. Бүгінгі материалымызда газет өндірісіне әзірлеу барысында мұндағы мамандармен де кеңінен ой-пікір алмасудың сәті түсті. Облыс аумағынан өтетін республикалық маңызы бар сегіз авто жол мен жергілікті жолдардың сапасын бақылап, қадағалап отырған филиалдың қызметінде сергектік пен жинақылық ахуалы айқын аңғарылады.

Салынған жолдың тез тозуына әсер ететін басты фактордың бірі – жол құрылысына пайдаланылатын материалдардың сапасыз болуы. Осы жәйт ескеріліп оны мұнда зертханалық тексеруден өткізуге мұқият әрі жан-жақты көңіл бөлінген.

    - Біз республикалық және жергілікті жолдардың сапасын егжей-тегжейлі әрі толық қадағалау үшін өткен жылы арнайы іс-қимыл жоспарын бекіткен едік. Соған сәйкес былтыр жылдың соңына дейін 387 рет тексеріс жүргізу жоспарланды. Дегенмен оның санын осы деңгейге жеткеннен кейін де филиал тарапынан қадағалау жұмыстары одан әрі жалғаса түсті. Сөйтіп бұл мақсатта 630 рет жолға шыққанымызды өткен 2019 жылдың аяғында бір-ақ білдік. Соның нәтижесінде салынып жатқан жол құрылыстарынан шағын орта және жоғары деңгейдегі жүз ақау табылды, - деді «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Ақтөбе облыстық филиалының директоры Тельман Малаев.

Бұл қандай ақаулар? Мысалы, жоғарыда көрсетілген тексерулер мен қадағалау барысында өңір аумағындағы жол құрылыстары кезінде 4760 шаршы метр, 697 метр қатқыл табанды бетон жамылғысы сапасыз болып шығыпты. Орталық филиалы тарапынан орын алған келеңсіз көріністерге орай тапсырыс берушілер мен мердігер мекемелерге ескерту жасалып арнайы хат жіберілмей ме? Мұндай ақаулар негізінен республикалық және халықаралық маңызы бар Ақтөбе-Атырау-Ресей федерациясы автожол құрылысы учаскелері бойында анықталған. Әйтсе де аталған тас жол үстіндегі үстірттіктер мен кемшіліктер әлі күнге дейін түзетілмей отырған қынжылтпай қоймайды. Биыл 2017 жылы басталған автожол құрылысының 156 километр бөлігін 32,9 миллиард теңгеге салуға жоспарланған. Талас жоқ. Бұл қомақты жоба. Тиісті тараптардан тағы да осындай олқылықтарға жол берілсе миллиардттаған теңге мемлекет қаражаты желге ұшты дей беріңіз.

Тағы да осы тұстағы пайда болған ақауларға тоқталсақ: Алға, Қандыағаш және Байғанин аудандары аумағынан өтетін құрылыстары бойында тегістіктер сақталмаған. Сондай-ақ норматив бойынша үш қабаттан тұратын асфальтты бетон жамылғысының екінші қабаты тегістелмей қалған.

Мұндай көрініс бұл участкегедегі құрылыс жұмыстарын жүргізген «СпикАккорд» кәсіпорынның қызметіне үлкен сын болмақ. Филиал басшыларының мәлімдеуінше аталған жол құрылысы мекемесінің жетекшілері ресми түрде жолданған қатынас хатқа жазбаша жауап жолдауды қажет деп таппапты. Тек анықталған ақаулардың жөнделетіні жөніндегі ауызша уәдеден аспаған екен. Мұнымен оның түзетіле қоюы екіталай.

Сонымен бірге аталған филиал мамандары жергілікті маңызы бар жол құрылысы нысандарына да бақылау жүргізуді тең ұстап келеді. Бұл үшін 170 сынама алынып, зертханалық тексерулерге жіберілген. Соның нәтижесінде жеті сынама елімізде белгіленген жол құрылыстары стандарттарына сәйкес келмейтіні анықталған. Бұған қоса жергілікті маңызы бар 3967 шаршы метр жолдың сапасыз салынғаны белгілі болып отыр. Бір жақсысы осы мәселеге қатысты орталық филил тарапынан ескерту хат жіберілгеннен кейін тиісті мердігерлік мекемелер бұған түсіністікпен қарап жіберген кемшіліктерін түзету шараларын қолға алыпты.

Сапалы құрылыс жол үстінде келе жатқан жолаушылардың жандарын жадыратады. Өкінішке қарай жоғарыда айтылғандай ылғи бұлай бола бермейтіні көңілге кірбін туғызбай қоймайды. Мұндай олқылықтардың орын алуының тағы бір басты себебі – технологиялық үдерістердің толық сақталмауынан деп тұжырымдайды «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» филиалының білікті де бес аспап инжинерлері.

Айталық жаңа салынған асфальттың белгілі бір уақыт өткеннен кейін өзінен өзі үгітіліп, шашылып қалатынына куә болып жүрген жолаушылар аз емес. Мұндай жағдай табиғи емес, адам факторы әсерінен, яғни технологиялық талаптарын сақтамаудан пайда болады екен. Сарапшылар тұжырымы осындай. Яғни төселген асфальтты тығыздайтын арнайы техника аталған участкеден сегіз рет таптап басып өтуі керек болса, бұл іс тек төрт рет атқарылуы әбден мүмкін. «Сөйтіп дұрыс өз деңгейінде тапталып тығыздалмаған қатқыл табан, салмағы 35-40 тонналық алып жүк көліктерінің толассыз тасқынына төтеп бере алмайды» дейді филиал диреткоры Тельман Малаев.

Жауапты маманның айтуынша, жол құрылысының басы қасында болып, ұдайы қадағалау мен бақылау жүргізудің қажеттілігі осында. Бұл жәйт аталған техника тізгінінде отырған маман-жұмысшылардың жауапкершілігін көтеру қажеттігін көрсетеді. Қалай дегенде де автожол құрылысы сапасын қадағалау жөнінде елімізде өткен жылы құрылған ұлттық орталықтың алғашқы іс-қимылдары мен қадамдары үлкен сенім туғызады. Оның Ақтөбе аймағындағы филиалы қолға алған ілкімді істерінің кейбір көріністері осындай.

Ақтөбе