Сурет: bitmag.com.br
Сонымен, орбиталық серіктерді бұзу мүмкін бе?
ХХI ғасырды Жердің орбиталық кеңістігін жаулау заманы десе де болады. Ірі алпауыт мемлекеттердің қызығушылығы өз алдына жеке әңгіме болса, ал көкті жаулауға SpaceX компаниясынан басқа американдық Amazon немесе британдық OneWeb ұмтылуда. Олардың жоспарында аспан әлеміне әлі мыңдаған серіктер ұшыру жоспарлануда.
Бұл құрылғылардың адам өміріне пайдасы да көп. Мысалы, олар коммуникациясы нашар дамыған Жердің кез келген түпкіріне интернет жеткізе алғанымен қатар көптеген ғылыми жұмыстарды жүргізе алады. Бірақ коммерциялық серіктердің біртұтас стандарты және киберқауіпсіздік ережесінің болмауы бәріміз бас ауыртатын үлкен мәселені тудыруы мүмкін. Цифрлық державалар арасында киберқақтығыс бола қалған жағдайда жаһандық соғысқа айналу қаупі бар.
Бұл мәселеде, ерекше рөл ойнайтын хакерлер қолына тіпті, аздаған ғана серіктерді басқару мүмкіндігі тисе, сұмдық жағдайлар бола ма деген қорқыныш бар. Дәл осы серіктерінен Жерге, оның ішінде белгілі бір мемлекет территориясына жіберілетін сигналдарды өшіріп тастау немесе оларды басқа жаққа бұрып жіберу арқылы қаскөйлер сол елдің бүкіл инфраструктурасына кері әсер етіп, аласапыран жасай алады.
Одан қалды басқару пульты қолдарына тиген хакерлер серіктердің орбитадағы жолын өзгертіп, бір-бірімен соғыстыру маневрларын да ұйымдастыруы мүмкін. Халықаралық ғарыш стансасына да осындай жолмен шабуыл жасалу ықтималдылығын естен шығаруға болмайды.
Серіктерге қожалық ететін компаниялар аппараттарды басқару тетігін аутсорсинг арқылы кішігірім компанияларға беріп жүр. Бұл өз кезегінде хакерлерге оңай мүмкіндік тудырады. CubeSats сияқты салмағы 100 грамнан 1 келіге дейін болатын кішігірім серіктердің программалық бөлігін бұзу оңайға түсетіні мәлім.
1998 жылы хакерлер ROSAT американ-неміс серігін басқаруды қолға алып, серіктің күн батареяларын Күнге тікелей бұрған еді. Нәтижесінде батареялар жанып кетіп, серік істен шығып қалды. Бұл адамзат тарихындағы ең алғашқы орын алған оқиға болса, келесі жылы осындай жағдай қайталанды. Хакерлер бұл жолы SkyNet серіктерін төлем алу мақсатында кепілде ұстаған еді.
Жердің орбиталық кеңістігінде ұшып жүрген серіктерді қорғаудың белгілі бір стандарттары мен жалпы ғарыштық қозғалысты қадағалайтын арнайы органның болмауынан киберқауіпсіздіктің жауапкершілігі тікелей компанияларға жүктеліп тұр. Компаниялар тіпті осы мәселеге қатты назар аударып, көңіл бөлген күннің өзінде ол қымбатқа түсетін дүние болатыны сөзсіз. Аппарат құнынан бірнеше есе қымбат программаны жасап шығарып, оны техникалық қолдау пайдалы болмайтыны коммерциялық тұрғыдан түсінікті де.
Осы аталған мәселелерді дер кезінде мән беріп, қолға алатын болса, жаһандық киберқақтығыстардың алдын алуға болатынын айтқымыз келеді. Әйтпесе, алпауыт мемлекеттер белгілі бір жағдайдың болатынын күтіп, қиын жағдайға ұрынып барып, іске кірісеміз десе, онда адамзатқа үлкен қауіп төнеді.