Осы орайда, биліктің халқымыздың әлеуетін арттыру, елімізді нығайту жолындағы жауапкершілігіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XХI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында кеңінен тоқталып өткен. Мемлекет басшысы аталған мақаласында: «Біз егемен ел ретінде өсіп-өркендеуіміз үшін мемлекеттілігімізді нығайтуымыз керек. Заң үстемдігін және қоғамдық тәртіпті сақтау баршаға ортақ міндет екенін ұғынған жөн. Халықтың билікке деген құрметі болмаса – елдігімізге сын...
Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабылдаған кезде азаматтардың ұсыныстары мен тілектерін ескеруі керек. Мұны Абай меңзеген әділетті қоғам қалыптастырудың бірден-бір шарты деп білемін. Ұлы ақын «Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды» дегенді бекер айтқан жоқ. Елге билік жүргізетіндерге жұрттың көңілі толмайтынын да аңғартады», дейді.
Расында, билік халқының жағдайын жайласа, сол билік тұрған жерден артық жайлы жер болмасы анық. Бірде Конфуций кезекті сапарынан келе жатқанда жолдан аулақта жылап отырған бір әйелді көреді. Анықтап қараса, әлгі әйел біреулердің зираты алдында бүк түсіп еңіреп, бірдеңе айтып отыр екен. Бірақ оның не айтып отырғанын ұға алмайды. Содан қасындағы шәкіртін қайғырып отырған әйелге жібереді.
Қайғырып отырған әйелдің қасына келген шәкірт:
– Жалғыз өзіңіз соншама қайғырып жылап отырғаныңызға қарағанда, сіз нағыз қимас жандарыңыздың бәрінен айырылған секілдісіз, – дейді. Сонда әйел:
– Иә, айтып тұрғаның рас, жақында қайын атамды жолбарыс талап өлтірді. Сондай бір аң енді күйеуім мен ұлымды да мерт қылды, – дейді.
– Онда сіз неге қауіпсіз басқа жаққа кетпейсіз? – деп сұрайды әңгімеге араласқан Конфуцийдің өзі. Сонда ауыр қайғыдан қан жұтқан әйел басын көтеріп:
– Мен нақ осы жерде ғана өмір сүргім келеді, өйткені бұл аймақта билік, салыстырмалы түрде айтқанда, қатал емес, – деп жауап қайтарады.
Біраздан кейін Конфуций шәкіртіне бұрылып:
– Есіңде болсын шәкіртім, билік – ең үрейлі күш, тіпті, ол қаhарлы аңның өзінен де үрейлі, – деген екен.
Әрине, әлемде үрейлі де, өте қатал билік жоқ деп ешкім айта алмас. Әрі-беріден кейін билік те халықтың өз «өнімі» екені белгілі. Дегенмен, биліктің де билігі бар...
Бүгінде көзі ашық, білімді де білікті жастарымыздың арасында шетел асып жатқандар аз емес. Осындайда «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» деген сөз санада жаңғырады да, «жайлы жер іздеп кеткендерді» жазғырғың келмейді.
Жалпы, мемлекеттің негізгі міндеті – халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, әсіресе, жастардың өсіп-өнуіне, білім алып, елге қызмет етуіне мүмкіндік беру. Әрине, біздің мемлекетіміз бұл бағытта нақты шараларды қолға алып, шама-шарқынша жұмыс істеуде. Десек те, кейбір көңілді төмен тартар деректер мемлекеттің, атқарушы биліктің уақыт талабына сай нақты істерді өз деңгейінде жүзеге асыра алмай отырғанын көрсетеді. Мәселен, жастардың әртүрлі діни ағымдардың жетегінде жүруі, Үкімет пен әкімдердің жастар мәселесіне тиісті көңіл бөлмеуі, елде жастар саясатының жүйелі жүргізілмеуі, талантты азаматтарымыз бен білімді мамандарымыздың елден көптеп кетуі, мектеп бітірушілердің, әсіресе, солтүстік облыстардағы мектептердің озат түлектерінің 75-80 пайызы Ресейге оқуға кетіп, сонда қалуы және басқа да түйткілдер атқарушы билікті ойландыруы тиіс. Жастардың көпшілігі материалдық жетіспеушіліктен уақтылы отбасын құра алмай жүргені, шаңырақ көтергендерінің 40-50 пайызға жуығы ажырасып кететіні, соның кесірінен еліміздің демографиялық ахуалы мәз болмай тұрғаны да баршамыздың көңілімізді түсіретін жағдаяттар.
Азаматтардың бостандығын құрметтейтін, қоғамдық жарастыққа негізделген, игілігі мол, әділ, әр адамға көмек қолын созар мемлекетті қалыптастыру өз қолымызда. Ол үшін Абайдың жоғарыда айтылып өткен өсиет сөзіне құлақ асып отырған, татулық пен бірлікті басты байлығы санайтын халқымыздың ақ ниетіне билік тарапы лайықты жауап беруі тиіс. Бұл өз кезегінде билікке жұрттың көңілін толтыратын қадам болар еді.