Аймақтар • 20 Ақпан, 2020

Алматыдағы бизнестің 45 пайызын әйелдер басқарады

241 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін мегапоисте әйелдер кәсіпкерлігіне арналған «Women in Business» екінші форумы аяқталып келеді. Дәл осы сәттерде форум аясында бизнес бастаудың қыр-сырларына байланысты шеберлік дәрістері өтіп жатыр.

Алматыдағы бизнестің 45 пайызын әйелдер басқарады

Әйел кәсіпкерлігі мен әлеуметтік мәселелерге арналған диалог алаңында кәсіпкерлермен бірге тәжірибелі сарапшылар қатысып, өз ойларын ортаға салды.

«Атамекен» ҰКП Іскери әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова: «Біздің елімізде әйелдер бизнеске құлшына кірісіп отыр, мұны статистикалық мәліметтер де растайды. Алматыдағы бизнестің 45%-ын әйелдер басқарады: қызмет жүргізіп тұрған 174,5 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің 78 мыңына әйелдер жетекшілік етеді. Республика бойынша бұл көрсеткіш 43%-ға тең (1,2 миллион кәсіпкердің ішінде 536 мыңы әйелдер). Олар өткен жылы «Атамекен» ұйымдастырған бизнес-оқуына үлкен қызығушылық танытты. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстанда 75 мың адам оқудан өтті, олардың 40,7 мыңы (54%) – қыз-келіншектер. «Бастау» жобасы бойынша курстан өткен 55 мың адамның ішінде 30,5 мыңы (55%) тағы да әйелдер. «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 20 мың түлектің ішінде 10 мыңнан аса жас әйел бар (51%)», деді.

«Әйелдер бизнесін қолдауға арналған құралдар» тақырыбындағы панельдік пікірталасқа «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова, сондай-ақ, «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілдері қатысты.

«Fashion индустрия креативтік экономиканың қозғалтқышы ретінде» деп аталатын сессия кезінде дизайн-өнімнің ел экономикасына қосатын үлесі жалпы ішкі өнімдегі пайыз көрсеткіші арқылы емес, осы дизан-өнім арқасында қалыптасатын жаңа мәдени парадигма деңгейімен, сондай-ақ, қазақстандықтар арасында және шетелде ел имиджінің көтерілуімен бағалануы тиіс деген идея айтылды.

«Алматы қаласы бұл тұрғыда алғанда жауапкершілігі жоғары міндетті атқарып отыр: дәл осында еліміздегі басты креативтік өнімдер дүниеге келеді, сондықтан қаланы дамыту кезінде дәл осы саланы қолдап дамытуға басты назар бөлінуі тиіс», – деді Mimioriki балалар киімі брендінің негізін қалаушы Инна Апенко.

Сонымен қатар, Форум алаңында бизнес тиімділігін көтеру, соның ішінде, әйелдер бизнесіне арналған Agile-тұғыр, жекебас трансформациясының бизнес табысына ықпалы, салық заңнамасындағы басты өзгерістер сынды тақырыптарға арналған шеберлік сабақтары мен практикумдар өтті.

«Біз бұл форумды екінші мәрте өткізіп отырмыз. Қазірдің өзінде бұл іс-шараның бизнес-қауымдастық үшін зор пайдасын көріп, үлкен сұранысқа ие екендігін байқап отырмыз. Жағдайға объективтік талдау жасау, іскер ортаға қатысты ұсыныстар мен тәжірибелік машықтар, мұның барлығы біздің жобаны табысты әрі нарық үшін қажетті еттіп отырған факторлар деп ойлаймын», – дейді Алматы қаласы бойынша Іскери әйелдер кеңесінің төрайымы, Қазақстан Баспасөз клубының президенті Әсел Қарауылова.