Руханият • 21 Ақпан, 2020

Алматы, 1921 жыл, 8 маусым

2201 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Алматыдағы ең жайлы уақыт мамыр-маусым айлары. Күн аса ыси қоймайды, таудағы қар да тақыр-таза еріп кетпейді. Қазір жауған жаңбырдың суы жерге қазір сіңіп кетіп жатады. Күннің қызуымен таудың салқын лебі араласып, барша табиғат хош иісті қоңыржай ауаға молынан кенеледі.

Алматы, 1921 жыл, 8 маусым

1921 жылдың 8 маусымы да тап сондай жанға жайлы мамыражай бір күн болып еді. Су тасыса әдетте шілде-тамыз айларында тасиды. Сондықтан сел болады-ау деген қауіп ешкімнің ойында жоқ. Қарағай шайырының иісі аңқыған үйлерде қала тұрғындары терең ұйқыға бас қойған.

Олардың арасында ұйықтай алмай, көзін бір ашып, бір жұмып се­рейіп қырдың қазағы Байсейіт те жатыр. Көз алдына күндізгі көрген көріністер қайта-қайта келе береді. Қалтасындағы орамалға түйілген ақшаны да сыртынан қайта-қайта сипап-сипап қояды. Таңертең ай­дап әкеліп, базарға шығарған қы­зыл тайыншасы өтпей-өтпей әрең өтті.

Қызыл тайыншаның ақшасын қалтасына басып алып, кете қалса да кімнің не шаруасы бар. Бірақ бала-шағасына алам деп келген киім-кешегі мен қант-шайын алып болғанша күн кешкіріп кететінін білді. «Алдыңа түн емес, күн салып жүр» дейтін әкесінің сөзін басшылыққа алды. Жерастынан қорсылдаған дыбысты естіп, ұйық­тай алмай ендігі жатысы мынау. Осы үйге келер жолда:

– Калай, Алма-Ата мынау ма? – деп бас бармағын көрсетті жез мұртты мұжық.

Оның Алма-Ата деген сөзге мән беріп айтқанына таңғалып, бе­тіне қараған. Анау да сырттан қыдырыстап келіп, қонаға қа­лып қойып жүрген қазақтардың қо­лайына жағып, көңілін тауып үйреніп алған екен. Мұртын бір жы­быр еткізді де, мұның неге та­ңырқағанын бірден түсіне қойды. Бір жағы бұған әсер ететінін біліп, Алма-Ата деген сөзді әдейі қадап айтқан да секілді.

– Бұдан былай Верный емес, бұдан былай – Алма-Ата, – деді дайын жауабын алдына тоса қо­йып. – Солай... Биыл мын тогуз жуз жиырма бир жыл... Сен ұмытпа... Жана жыл келди, бир ай отти, Верный Алма-Ата болды.

– Әй, оны қыста өзгертпеді ме? – деді Байсейіт одан өзінің де ха­бар­дар екенін аңғартып. – Мені дүниеден мақұрым дейсің бе?

– Айтып тургам жок па, жана жыл келди, бир ай отти, – деп бы­дық­тады жез мұртты мұжық бі­рінші бір саусағын, содан соң екі сау­сағын көрсетіп. – Екинши айда, февральда озгертти.

– Бірақ біз бұрыннан Алматы дейміз, – деді бұл ананың соншама бәдіктенгеніне намыстанғандай. – Алма-Ата деп аузыңды аңқайтып тұрмайсың ғой.

– Сеники дұрыс, оники де дұрыс, – деген жез мұртты мұжық тағы да екі саусағын шошайтты. – Ревком Ал­маты деп озгертти. Еки күн от­ти. Олай болмайды деди. Алма-Ата кылды.

– Неге өйтті екен? Сендердің тілдерің келмейді деді ме?

– Кызык айтады сен.

Өздерінің сөздеріне өздері күл­ді. Екеуінің де бір-біріне зия­ны жоқ адамдар. Жүректері не дейді, соны айтады. Біреудің біреу аузын­дағы сөзін жұлып алып па.

Қырынан жатқан Байсейіт жай­сызданып, арқасына аунап түсті. Астындағы ағаш кереуеттің мық жасалғаны сонша, бір жері сы­қыр еткен жоқ. Қарағайдан шебер қиюластырып салынған үйі де кө­теріңкі екен.

Жез мұртты мұжықпен базар жа­ғалап келіп танысқан. Мойнына «Жалға пәтер берем» деген тақ­тайша іліп алыпты. «Мынаусы дар­ға асылатын адамдікі сықылды екен» деп ойлады ол. Мұқтаж адамдар мақау болса да ұғынысады. Мұның екі ауыз орысшасы мен оның екі ауыз қазақшасы еркін түсінісуге кең-молынан жетті.

– Сен анда бар, – деді жез мұрт­ты мұжық бүгіңкі саусағымен жан-жағын айнала көрсетіп. – Мен мұн­да тұрам. Базар біткенде кел. Екеу­міз кетеміз. Үй бар, тамак бар. Атына да шөп бар.

Байсейіт қайда барсам да өзім білем дегендей бір теткіді де, өздері тұрған жерді белгілеп алып, базар ара­лап кетті. Сондағы көргендері қазір көз алдынан тізбектеліп өтіп жатыр. Көңіліне тоқып алғысы келгендей, әрнені бір есіне түсіреді.

Мүйіздері найзадай екі сиыр бастарын шайқап-шайқап қойып, үстіндегі жүгі ортайған арбаны ми­тыңдай сүйреп барады. Сабап-сабап мезі қылған ба, иесі иректеткен бишікке мыңқ демейді, жа­рықтықтар. Басы-көздерін шыбыннан қорығандай, қалқиған құлақтарын ғана еренсіз қағып-қағып қояды.

– Ә-ә, соқаға жексем көрер едің­дер, – деп айқайлады сиыр­лардың бас жібін қаусыра ұстаған қауға сақал. – Соқа салсаң, тыңға сал, Құйқадай ғой қара жер. Майысады мың масақ, Шетінен ор да ала бер.

Ол өзінің барқыраған даусын сиырлардан бұрын, айналадағы ел естісін деп айқайлап бара жат­­қан тә­різді. Себебі бұрылып қа­рай­тын солар, ал сиырларға бә­рібір. Олар әрі-бері арба сүйреп, әб­­ден титықтап біт­кен сияқты. Шір­­кіндердің жібін бо­сатып, Ала­таудың етегіндегі көк май­саға қо­йып берсе ғой.

Зеңгі баба түлігінен көзін ала беріп, өзінен-өзі қуыстана қалды. Қуыстана қалған себебі, ат емес, әңгі мінген қазақты бірінші рет көруі. Өздері біреу емес, екеу. Қа­раптан-қарап тұрып, намысы келді де, теріс айналып кетті. Өзінің де шаруасының кетеуі кетіп, сиыр сатып жүргені есіне түсті.

Одан арғы оқиға тағы есіне түсіп, өзінен-өзі ал кеп күлсін. Бір айнала беріп қараса, әлгі екі есек­ке екі орыс кемпір мінгесіп жа­тыр екен. Ана екі қазақтың алдына базардан алған оны-мұны заттарын өңгертіп қойыпты. Мына әңгілердің базаршыларды үйлеріне жеткізіп тастауға таптырмайтын көлік екенін енді түсінді.

Сондағы байқағаны, айналасы ат шаптырым базарда адамнан ат-көлік көп болып шықты. Әлде ба­зар тарқар кезде қаптап кеткені ме, ол жағын білмеді. Бірақ алыс­тан кіре тартып келген бес-алты түйе ауыздарынан көбік шашып таң­ертеңнен бері тұрған. Ал аяқ ар­тар, арбаға жегер жылқыларда есеп жоқ.

Байсейіт арқыраған әңгімен адам тасып, табыс тауып жүр­ген­дерді ойлап бір күлген соң тоқтай алмады. Басқа қазақтар да жаяу жүрген жоқ, бәрінің тақымында бір-бір ат. Ана түйелерге де бас-көз боп жүргендер қазақтар екенін білді. Содан соң бұл базарда не көп, ат арба көп. Олардың айнала­сы толған орыстар, ұйғырлар, та­тарлар. Негізгі саудагерлер солар екені беп-белгілі. Осының бә­рін ой елегінен бір өткізіп алған Бай­сейіт, шалық тигендей өз-өзі­нен жымыңдап күліп далаға шықты.

Иесінің далаға шыққанын сезген ақбоз аты пыр-пырлап пыс­қырынып қойды. Әуелгіде бақтың шетіндегі алма ағашына байлай салайын деген. Жез мұртты мұжық: «Алмамды қажалап тастайды», – деп шыр ете қалды. Айтқан жеріне апарып байлайын деп еді, аты үркіп қашып әрең ұстатты. Қасқыр көргендей көздері бадыраңдап, шыңғыра кісінеп жұлқынғанда, өзін сүйреп кете жаздады.

– Сенин атын шошкадан кор­кады, – деп күлді жез мұртты мұ­жық.

Әлгі жердегі қорадан қор­сыл­даған дыбыс естіліп тұр­ға­нын жаңа бір байқаған. Атын қам­шымен басқа бір салды да, үй­ді айналдырып апарып, басқа бір қазыққа байлады. Есті мал «қамшы жедім» деп тұрған жоқ, қайта тас қараңғы болса да иесін танып, тыпыршып кетті. Ақырын қасына барып, жалынан сипады.

Ақбоз аттың қасында тұрып, ертең бала-шағасына қандай базар­лық алатынын ойша бір түгендеп өтті. Бұл барғанда бала-шағасы әрнеге таласып, «анау менікі», «мы­нау менікі» деп шуласа қала­тын шығар. Қазақ бала санамайды, бірақ ол бес-алты саусағын кезек-кезек бүгіп қояды.

Орда бұзар отызында алдына мыңғыртып мал салмағанына ғана өкінеді. «Сұмырай келсе су құ­риды» деп, жаңа өкімет бәрін сыпырып-сипап барады. Қайта мұның бала-шағасының көзіне тура қарай алмай қалған кезі жоқ. Әйтпесе бар малын ортаққа салып жіберіп, артынан жер тырмалап қалғандар жоқ емес. Әсіресе ішкерті жақтың қазақтары аштыққа ұшырап жатыр деген хабар күн өткен сайын қаттырақ естіледі.

Ал мына Алматыңда жоқшы­лықтың реңі де білінбейді. Алма әлі піскен жоқ, бірақ былтырғыдан сақталған құлжа алмаларды арбалап та, дорбалап та сатып жатқандар бар. Жез мұртты мұжықты күтіп тұрғанда аппақ жұмыртқалар са­лынған тоқыма кәрзеңкелердің жүз шақтысын санады да, ақыры аяғына жете алмай жаңылып тынды. Үйтілген тауықтар қойдың құй­рығы құсап төңкеріліп, сөреге сый­май ол жатыр. Ірі қара малдың етін саудагерлерге боршаламай, бұтын бұт, қолын қол ғып әкеліп өткізіп жатқан қазақтарды да көрді.

«Бұл қаланың халқы шаруаға пысық екен-ау» деп ойлады. «Есік­терінің алдындағы алақандай жер қора-қопсысымен бірге бір от­басын асырайды» деуші еді, сол рас шығар. Айтпақшы былтыр бұ­лардың ауылына келіп, ор­тақтасу туралы жиын өткізген өкіл­дің: «Сендердің жиған малдарың бір жұттық», – деп кеткені несі екен? Осы оймен базарда тұрып, бар ырыс сол жақтан ағылып келіп жат­қандай-ақ бас Алатауға өзі­нен-өзі телміре қараған. Қазір де аты­ның сауырын алақанымен бір ша­паттап қойып, тау жаққа мойны еріксіз бұрылып кетті.

Алатаудың қарлы шыңдары ай жарығын бойына сіңіре түскендей ағараңдай қалыпты. Таудың өзі де аспанның бір жартысын алып қарауыта көлбеді. Тау-тастардың көлеңкелері де қай жаққа түсіп тұрғаны көрініп тұр. Әне бір тұстан қарағай ма, бірдеңенің сұлбасы бұлаңытады.

Байсейіт сол жаққа үңіле қарап-қарап тұрды да, тағы да әлгі базар аралаған кезін ойлап кетті. Қаз-қатар тізілген сөрелер мен арба­ларда көз тоқтатып қарайтын нәрсе аз емес екен. Солардың арасы­нан бұл түсінбейтін бір қызық таңбалар басылған тайдың терісі оқшау шалынған. Сатуға шығарған ба, әлде көлеңке болсын деген бе, әй­теуір қос доңғалақты ат арбаның үстіне керіп іліп қойыпты.

– Алың-алың, – деді жалтаң көз татар бұған жапақ-жапақ қарап.

Арбасында қырық түрлі зат жатыр, соның бірін ал деп тұр. Ал Байсейіт ол заттардың ешбіріне қарап тұрған жоқ, арба үстіне не мақсатпен ілінгені белгісіз тай теріге қарап тұр. Терінің бе­тіндегі таңбалар жай таңба емес, өте маңызды бір белгілер еке­нін іші сезеді. Өйткені шет-ше­тіне өрнек салынған, онысы сол сы­зықтардың ішіндегі таңба­ларды қастерлегендіктің нышаны болу керек. Ішкі таңбалардың кей­бірі су­ретке ұқсайды, кейбірі жазуға келеді.

– Мынау не? Мұны неге іліп қой­ғансың? – деді ақыры шыдамай кетіп.

– Бұл ма, бұл – Алматы, – деп соғып жіберді жалтаң көз татар. – Жаңа ғана майлап, майы сіңсін деп жайып қойғам.

– Әй, мұның қай жері Алматы? – деп шамырқана қалды Байсейіт, арқа-басы шымырлағандай болып. – Қане, ана шіркеу қай жерінде тұр?

– Шіркеу жоқ мұнда, – деді жал­таң көз татар тайсақтаңқырап. – Бұл теріге таңба салынғанда, бұл жерде шіркеу болмаған.

– Мына базар да болмаған ба? – деді Байсейіт тай терінің асты-үс­тіне айналдыра көз жүгіртіп. – Мұ­­ның қай жері Алматы сонда?

– Соны өзім де білмеймін, – деді жалтаң көз татар бір кезде шынына көшіп. – Біреуден біреу сатып алып жүр екен. Әбден қаудырлап кеуіп кетіпті. Он күн майлап, қайта кептіріп қалпына келтіріп алдым. Бір өгізге айырбастаймын.

– Сонда сен не, өлген малдың те­рісін тірі малға айырбастайсың ба? – деп жаныға кетті Байсейіт. – Е, сауда деген осы екен-ау, ә?

– Әй, тоқта, тоқта. Сен жаңа бір қызыл тайынша сатып тұр емес пе едің?

Базар аралап жүргеніңе қара­ғанда, тайыншаңды сатқансың-ау, шамасы. Егер сен шын қызықсаң, бір жіліктің құнына берейін саған.

Екеуі қалай сарт-сұрт қол алыса кеткендерін өздері де байқамай қалды. Байсейіттің тағы да арқа-басы шымырлағандай болды. Жалтаң көз татар ұтылдым деген жоқ, бұл да алдандым демеді. Тай теріге әбден май сіңіп, иі қанып-ақ тұр екен. «Мынау мені сиқырлап тастағаннан сау ма, мұны неге ала қойдым?» – деп ойлады ақшасын санап беріп жатып. Бірақ қу татар тастай ғып орап берген теріні біреу тартып алатындай, өзінен-өзі қорғалақтап қолтығына қыса түсті. Содан әкеліп, қанжығасына қа­йыспен мықтап таңып байлап тастады.

Осы ісінің бәрін ақылға салып, ой елегінен өткізіп тұрғанда, жан-жағынан қарауытқан бірдеңе қысып келе жатқандай қараптан-қарап елегізе қалды. Тау жақтан су еткен бір леп келгендей болып, иіс алғандай әуелі танауын төседі. Содан соң еріксізден ерік­сіз сығырайып, көзі де солай қарай тігілді. Кенет оған тау басындағы мұздықтардың бетінде қызғылт сәуле ойнақтай қалғандай елестеді. Көзін ашып-жұмып қайта қарап еді, от жыландай иректелген әлгі сәуленің ізін де көре алмады. «Апыр-ай» деп таңғалып тұрды да, аяң­дап үйге қарай жүрді.

Ай жарығы көздерін жылты­ратқан ақбоз ат мұны қимағандай тықыршып, кісінеп қоя берді. Ит кіріп кеткендей, тауық күркенің іші де шу-шұрқан болды да қалды. Иесі қаппайды деген қарала ит те арс етіп, жанын қоярға жер тап­пағандай безектеп барып бас­палдақтың астына тығылды. Жез мұртты мұжық елең-желең үйден атып шықты да:

– Ә, сен бе шу кылган? – деді екі ор­тада селтиген мұны көріп. – Ұй­кы жоқ па? Ұйкы кашты ма?

– Ағаш кереуетің жамбасыма батты, – деп жорта текіректеді Байсейіт. – Үстімді бірдеңе шақты ма, бірдеңе болды.

– Е, онда сабанга жат.

Екеуі де бірін-бірі тыңдамай, құлақтарын басқа жаққа тік­кен­дей болды. Тау жақтан соққан желдің екпіні күшейгенге ұқсады да, айнала төңіректі түгел бор­сыған шалшықтың иісі алып кетті. Аяқтарының астында жер ді­рілдеп, кептіріп көрген өгіз тері­сін шоқпармен қойғылағандай дү­кірлеген дыбыс естілді. «Е» деп ес жиғанша болған жоқ, тау­дан тау бөлініп шыққандай бір пәле жөңкіліп жетіп те қалды. Жез мұртты мұжық далбақтап үйіне қашты, Байсейіт тапырақтап атына жүгірді. Атына тақымы бір тисе, мына дүлейден бір-ақ ырғып құ­­тылып кететіндей соқыр үміт та­ба­нын жерге тигізбей дедектетіп әкетті.

Ақбоз ат та шылбырын үзіп ке­тіп, қайда қашарын білмей та­сы­раңдап алдынан шыға келді. Жа­лына қолым бір жетсе деп ұм­тылғанда, атының мойны қайқая біткен жуан ағаштай зорайып көрінді. Оңды-солды сермелген болат тұяқтар әне-міне сарт етіп сілтенетін шоқпардай жарқ етіп аспанға асыла қалды. Жерден қо­парып алған томардай жап-жалпақ омырауы көз алдын жауы­п, төбесінде не болып жатқанын көрсетпей тастады. Аспанда ай бар ма, жұлдыздар бар ма, бір көру орындалар-орындалмасы белгісіз ар­манға айналды. Сөйткенше болған жоқ, ақбоз ат мұның басынан бауырын жаза бір-ақ қарғып өтті.

Мұның да басы артына еріксіз қайырылып кетті де, ту сыртынан тау көшіп келе жатқандай алапат бір пәлені көрді. Ол жай келе жат­қан жоқ, жолындағының бәрін жайпап, жалмап, жұтып, өзіне қо­сып алып келе жатыр. Тастар дөң­бектей домалап, ағаштар шырпыдай сынып, үйлер күрс-күрс құлап, аһылап-уһілеген бір дауыс­тардан құлақ тұнады. Ана пәле алға жылжыған сайын үлкейіп, зорайып, биіктеп барады. Тау дейін десе тау емес, су дейін десе су емес, бірақ аударылып-төңкерілгеніне қа­рағанда бұл лай аралас қара тасқын. Енді бір қарағанында аузы­нан от шашып, құйрығымен жер сабалаған жеті басты айдаһарға ұқсады. Не болса да ол оның алдында өзін құмырсқадай дәрменсіз сезініп, басын қорғалап бұға түсті.

Түрі мен түсі, аты мен заты бел­гісіз пәлекетке қарсы майдан­ды салғанда ақбоз ат салды. Әуелі қай жерінен жарып шықсам екен дегендей атойлай ойнақтап, шың­ғыра кісінеді. Жалы жалаудай желкілдеп, біресе олай, біресе бұлай тасырлата шапты. Содан соң артқы аяқтарымен тікесінен тік тұрды да, таудай пәлеге үйдей боп ұмтылды. Өзінен мыңдаған есе үлкен қара дүлейді түйгіштеп-түйгіштеп тастағысы келгендей, зілмауыр болат тұяқтарын ауада оңды-солды сермеп-сермеп жіберді. Онысынан еш қайыр болмасын сезген жануар жаны шыға ыш­қынып, бар денесімен артына қарай қайырыла жалт берді. Сөйтті де үйреншікті әдісімен үс­тінен үйме-жүйме боп кеп қалған қорқынышты құбыжықты сарт еткізіп тепті. Сол күйі жер бетінде не бар, соның бәрі мидай араласқан жардай толқынға жаңқадай да болмай жұтылды да кетті. Қас-қағым сәтте осының бәрін көріп үлгерген қыр қазағы Байсейіт те, босағасына жетіп жығылған жез мұртты мұжық та, оның қорсылдаған шошқалары мен шұрқыраған тауықтары да, үй-жайы мен бау-бақшасы да, бәрі-бәрі бір асағаннан қалмай тып-типыл болды.

Кіші Алматы өзенінен бас­талып, одан Үлкен Алматы мен Есентай өзендеріне де ақтарыла асып-тасқан селдің биіктігі сонда жеті-сегіз метрге дейін жетіпті. Қа­зіргі Абай, бұрынғы Басарық кө­шесін талқандап, кешегі Нарын, бүгінгі Шоқан Уәлиханов, сол кез­­дегі Қапал, кейінгі Қонаев кө­шелерінің бойымен көктей өтіп, Райымбек көшесіне жеткенде ғана қарқыны басылған. Таңертең лай батпақ басып қалған көшелерде тамырымен қопарылған ағаштар, бұтақтары сыдырылған қарағайлар, тау жыныстарымен бірге домалап келген үлкен-үлкен тастар үйіліп жатыпты. Қойтас, сандықтас деген былай тұрсын, селмен ағып келген кейбір тастардың үлкендігін суреттеуге тіл жетпей, жотатас деп те атапты.

Қалың ұйқыда жатқан қаланы қаусатып өткен осындай сел бес жүз­дей адамның өмірін қиып кет­­кен екен. Қамаулы тұрған же­рін­де қора-қопсысымен бірге ша­йылып кеткен үй жануарларын­да есеп жоқ көрінеді. Сел алған жер қаланың орталығы болғандықтан, ондағы сақтаулы тұрған азық-түлік те аққаны ағып, ақпағаны мый батпақтың астында қалса керек. Соның салдарынан қаланы аш­тық жайлап, халық қатты қиын­шылыққа ұшырапты.

Сол жылы қаланың аты екі күн Алматы болып тұрып, үшінші кү­­ні «Алма-Ата» болып қайта өз­гер­генде бір сәуегей: «Жеті әріп­тің ішіндегі төрт әріп «а» деген да­уысты дыбысты білдіреді. Ол жақ­сы нышан, қаламызды пәле-жа­ладан сақтайды», – депті-мыс. Содан тұп-тура төрт ай, үш күн өткенде қаланың негізгі бөлігін сел алып кетіп отыр. Әрине бұл жай ғана сәйкестік шығар, бі­рақ қасіреттің ұмытылып, әлгі сә­уе­гейліктің әлі күнге дейін адамдардың санасында жүргеніне не жыларыңды, не күлеріңді біл­мейсің. Қалалықтарды нақты бол­ған оқиғадан сабақ алудың орнына, әлдебір тылсым күштермен қор­қытқысы келетіндер жоқ емес. «Алма-Ата» деген атау 1921 жылдан 1993 жылға дейін жетпіс екі жыл тұрды да, тәуелсіздік алған соң ғана қала атауы қайта қалпына келтірілді. «Сендер «Алма-Ата» деп жаза беріңдер, біз «Алматы» деп айта береміз» дейтін қазақы көңілдің кеңдігі түбі жеңіс биігінен көрінді. Осылай көңіліміз өсіп жүргенде өз арамыздан шыққан біреулер: «А» деген әріп әндетіп айт­қанға жақсы, әрі төрт «а» бізді қауіп-қатерден қорғап жүреді» деп құлағымызға тағы да сыбыр ете қалды...

1

 

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК