Қоғам • 21 Ақпан, 2020

Жаңа жолда жүз ақау

277 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары еліміздің барлық өңірінде жол салу құрылысы қарқын алып келеді. Бұл жөнінде жол-көлік логистикасы орталығына айналу бағытын ұстанып отырған Ақтөбе аймағында да атқарылған іс аз емес.

Жаңа жолда жүз ақау

 

Атап айтқанда, 2019 жылы облыс­тың автожол саласын дамытуға 20 миллиард теңгеге жуық қаражат жұм­салып, 347 шақырымнан астам жол жөн­делген. Енді автожол құры­лысына 2020 жылға белгіленген меже өт­кен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық артық болып отыр. Талас жоқ, мұ­ның бәрі жағымды жайт. Әйт­се де сол салынған жолдардың сапасы қан­­дай? Белгіленген нормативтер мен та­­­лаптарға сәйкес келе ме деген мәсе­ле өңірдегі жол саласына тікелей қа­ты­­сы бар құрылымдар мен мердігер ме­кемелерді ойландыра бермейтіні бай­қалады. Жол сапасы нашар, төмен бол­са бұл көрініс әлеуметтің көңіл күйіне тікелей әсер етеді. Өйткені жол азабы осындай ойқы-шойқыдан басталады емес пе?

Өткен жылы еліміздің әр өңіріндегі жол құрылысы сапасын тексеретін жылжымалы зертханалар тиімсіз және сыбайлас жемқорлық сипатындағы іс-әрекеттерге жол ашады деп алынып тасталған болатын. Оның орнына «Ұлттық жол активтері сапасы ор­талығы» РМК құрылып, көп кешікпей құзырлы кәсіпорынның облыстардағы филиалдары да ашылып, іске кірісіп кеткен-ді.

Салынған жолдың тез тозуына әсер ететін басты фактордың бірі – жол құрылысына пайдаланылатын материалдардың сапасыз болуы.

 – Біз республикалық және жергілікті жолдардың сапасын егжей-тегжейлі әрі толық қадағалау үшін өткен жылы арнайы іс-қимыл жоспарын бекіткен едік. Соған сәйкес былтырғы жылдың соңына дейін 387 рет тексеру жүргізу жоспарланды. Дегенменде біз жыл соңына дейін 630 тексеру жұмыстарын жүргіздік. Оның нәтижесінде салынып жатқан жол құрылыстарынан шағын, орта және жоғары деңгейдегі жүз ақау табылды, – деді бұл жөнінде «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Ақтөбе облыстық филиалының директоры Тельман Малаев.

Бұл қандай ақаулар? Мысалы, тексерулер барысында өңір аумағындағы жол құрылыстары кезінде 4760 шаршы метр, 697 метр қатқыл табанды бетон жамылғысы сапасыз болып шығыпты. Мұндай ақаулар негізінен республикалық және халықаралық маңызы бар Ақтөбе-Атырау-Ресей федерациясы автожол құрылысы учаске­лері бойында анықталған. Әйтсе де аталған тас жол үстіндегі кемші­ліктер әлі күнге дейін түзетілмей отырғаны қынжылтады. 2017 жылы бас­талған автожол құрылысының 156 ша­қырым бөлігін 32,9 миллиард теңгеге биыл салу жоспарланған. Бұл қомақ­ты жоба. Тиісті тараптардан тағы да осын­дай олқылықтарға жол берілсе мил­лиард­таған теңге желге ұшты дей беріңіз.

Сондай-ақ, Алға, Қандыағаш және Байғанин аудандары аумағынан өтетін жол құрылыстары бойында тегістіктер сақталмаған. Норматив бойынша үш қабаттан тұратын асфальтты бетон жамылғысының екінші қабаты тегістелмей қалған.

Мұндай көрініс бұл участкедегі құрылыс жұмыстарын жүргізген «СпикАккорд» серіктестігінің қызметіне үлкен сын болмақ.

Сонымен бірге аталған филиал мамандары жергілікті маңызы бар жол құрылысы нысандарына да бақылау жүргізу үшін 170 сынама алып, зертханалық тексеруге жіберіпті. Соның нәтижесінде жеті сынама елімізде белгіленген жол құрылыстары стандарттарына сәйкес келмейтіні анықталған. Бұған қоса жергілікті маңызы бар 3967 шаршы метр жолдың сапасыз салынғаны белгілі болып отыр. Бір жақсысы, осы мәселеге қатысты орталық филиалы тарапынан ескерту хат жіберілгеннен кейін тиісті мердігер мекемелер бұған түсіністікпен қарап, жіберген кемшіліктерін түзету шараларын қолға алыпты.

Мұндай олқылықтардың орын алуының тағы бір басты себебі – технологиялық үдерістердің толық сақталмауынан деп тұжырымдайды Ұлттық жол активтері сапасы орталығы филиалының инженерлері.

Айталық, жаңа салынған асфальттың белгілі уақыт өткеннен кейін өзінен өзі үгітіліп шашылып қалатынына куә болып жүрген жолаушылар аз емес. Мұндай жағдай табиғи емес, адам факторы әсерінен, яғни технологиялық талаптарды сақтамаудан пайда болады екен.

Міне, жол құрылысының  бас-қасында болып, ұдайы қадағалау мен бақылау жүргізудің қажеттілігі осында.

 

АҚТӨБЕ