Аймақтар • 21 Ақпан, 2020

Барлық мәселе ашық айтылды

144 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында 2019 жылы негізгі 7 әлеуметтік-экономикалық бағытта өсу байқалған.

Барлық мәселе ашық айтылды

Облыс экономикасының тамырына қан жүр­гізіп тұрған – өңірдегі мұнай-газ кеніш­тері. Бірақ соңғы жылдары экономиканы әр­тарап­тандыру, соның ішінде агробизнес саласына басымдық беру мәселесі оң шешілуде. Мә­селен, өңірде cоңғы жылдары пайдаланылмай жатқан 1 млн 140 мың гектар жер мем­лекетке қайтарылды. Қайтарылған жер телім­дерін кәсіпкерлерге беру үшін аукциондар электронды түрде жүріп жатыр. Яғни сыбайлас жемқорлықтың жолы барынша кесілген.

– Өткен жылы облыста 45 электронды аукцион өткізіліп, 71 га жер жалға берілді. Биыл өңірде геоақпараттық порталды іске қосу жос­парлануда. Бұл портал жер телімдеріне мониторинг жасап, мақсатты түрде пайдалану үшін тиімді болмақ, – дейді облыс әкімі Ғали Есқалиев есепті кездесуінде.

Бүгінде облыс тұрғындарының 48%-ы
ауылда тұрады. Сондықтан да өңірде ауылдарды дамытуға барынша көңіл бөлінген.

Селекциялық-асылдандыру жұмыстары мен мемлекеттік қолдау және мал шаруашы­лы­­ғы саласындағы асыл тұқымды қайта құру нә­тижесінде соңғы жылдары ірі қара малдың ор­­таша тірілей салмағы 325-тен 345 килоға дейін өскені байқалған. Ал облыстың тауар­ өн­дірушілері сиыр және қой еті экспорты бойынша жоспарды 1,5 есе артық орындап, рес­публикада алдыңғы қатарға шықты. Бүгінде Ақ­жайық малының еті Ресей, Иран, Әзербай­жан және басқа бірқатар мемлекетке сатылуда.

Осы орайда тұрғындардың бас ауруына айналған жол мәселесі де айтылды.

– 2018 жылы Елбасы Н.Назар­баев Қазта­лов, Жәнібек және Бө­кей­ор­­дасы аудан­да­ры­на жол салуды тапсыр­ған болатын. Жа­ңа­ жолдардың жалпы ұзын­дығы 245 ша­қы­рым­ды құрайды. 2019 жы­лы 18 шақырым жөн­делді, биыл 100 шақы­рым­нан астам жолды жөн­­деуді жоспарлап отырмыз, – дейді Ғ.Есқалиев.

Әкім өңірдің үлкен мәселесі – жер­гі­лікті жол­дар екенін айтты. Жол сапасы бойынша өңір ең соңғы орында. Облыстық және ау­дан­дық маңызы бар 5 мың шақырым жол­дың тек 31%-ы ғана қанағаттанарлық деңгейде.

Былтыр 11 млрд теңгеге 145 шақырым об­лыс­тық және аудандық маңызы бар жол жөн­делген. Жалпы өңір бойынша былтыр 27 млрд теңгеге 360 шақырым жол жасалынған еді. Енді биыл тағы да 400 шақырым автожол жөнделетінін естіп, ел қуанып қалды. Әсіресе халық тарапынан жиі көтерілген облыстық маңызы бар «Барбастау – Ақжайық – Индер» жол бөлігінің 50 шақырымын жөндеу басталады. Бұған қоса жол апаты жиі болатын «Орал – Атырау» республикалық тас жолын кеңейтуге жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатқанын әкім құлаққағыс етті.

– Орал мен Атырау қалаларының арасына темір жол қатынасын салса, әрі қауіпсіз, әрі арзан болмас па екен? Халық арасынан қойылған бұл сауалға Ғ.Есқалиев ұсыныстың экономикалық жағын зерттеп барып жауап беруге уәде етті.

Облыс тұрғындарын табиғи отынмен қамту бойынша елімізде алдың­ғы қатарда тұр. Былтыр Теректі және Қаз­талов аудандарының 16 ауылын газдан­дыруға бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінді. Бұл 6 мың адам қи жағып, күл шығару бейнетінен құтылады деген сөз.

– 2019 жылы 32 мың халқы бар 23 ауыл са­палы ауыз сумен қамтылды. Нәтижесінде ха­лықтың орталықтандырылған сумен қамту үлесі 81%-дан 86,8%-ға дейін көтерілді. Ал 2020 жылы 26 мыңнан астам халқы бар 24 ауыл таза ауыз сумен қамтылатын болады. Осы мақсатта 6 млрд теңге бөлінді, – деді облыс әкімі.

– Ел ішінде Қазақстанға келіп жатқан Қытай компаниялары, қытай жұмыс­шылары туралы қауесет көп. Біздің өңірде жұмыс істеп жатқан Қытай кәсіпорындары бар ма? – деп сұрады Бекнұр Сражанов есімді тұрғын.

– Бәйтерек ауданы аумағында ақпараттық сервер құрылысы жүріп жатқаны рас. Мұнда Қытай компаниясы инвестор ретінде қосылған. Бір­ақ құрылыста қытайлар жоқ. Бұл – өте қа­жет, заманауи нысан, болашақта бұл жерде жергілікті мамандар қызмет етеді. Ин­весторлардың басқа өңірді емес, бізді таңда­ға­нына қуаныштымыз. Қытай компаниясы қол­ға алған екінші нысан – Ақжайық ауданы аума­ғындағы Сәти калий тұзы кеніші. Бұл жерде әлі мәселе нақты шешілген жоқ, әзірге кен ор­нында бірер вагон ғана тұр, жұмыс бас­талған жоқ. Зерттеу, барлау жүргізіліп жатса керек. Болашақта кен өндіру басталса, 1 мың­дай­ жұмыс орны ашылады. Соның 95-98%-ы­ қазақстандық жұмысшылар болады. Біз бұл жерде жергілікті халықтың жұмыспен қам­ты­луына барынша көңіл бөлетін боламыз, – деді Ғ.Есқалиев.

Әрине өңірде бәрі жақсы деуге болмай­ды. Мәселен тұрғындар газ бағасының тұты­ну­шылар үшін қымбат екеніне наразы. Сондай-ақ апаттық жағдайда тұрған, үш
ауысымда оқитын мектептер көбейіп барады. Денсаулық сақтау саласында да кадр же­тіс­пеушілігі салдарынан тұрғындар дертіне дауа іздеп, көрші мемлекеттерге сандалып кете­ді. Осының бәрі есептік кездесуде ашық ай­тылды.

Батыс Қазақстан облысы