Руханият • 21 Ақпан, 2020

Күніне бір жақсылық жаса!

619 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Волонтер жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен айдарланған жылдың несібесі де, жаңалығы да мол болатын сыңайлы. Волонтерлердің «Біргеміз!» республикалық фронт-кеңсесін ашқан Мемлекет басшысы: «Отанды сүю дегеніміз айғайшыл ұрандар мен құрғақ сөздер емес, бұл күн­делікті еңбек ету, соның ішінде жан қалауы бойынша қайырымды іс­термен халықтың игілігіне еңбек ету» деп анық айтты.

Күніне бір жақсылық жаса!

Бұл оқушы және білімгер жас­тарды (студент, магистрант, докторант) ғана емес, жасамыстарды да, тіпті тұтас қоғамды ортақ іске – өнеге, тәрбие, имандылық, тәжірибе шыңдалатын шараларға жұмылдырады. Дәл осылай аталмаса да оның мазмұнына сәйкесетін іс-әрекет, қызмет елімізде ерте заманнан бері бар. Шынында, әлемнің барша жұртында кездесетін игі дәстүрдің үзілмей, қай заманның болсын талабына сай жандануы, толығуы – ғаламдық жасампаздық пен рухани жаңғырудың бір көрінісі. Осы тұрғыда таяуда ғана Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жария еткен жобалардың мәні, ауқымы, форматы өзге оқу орындарына үлгі болып, талапшыл жастарды, қалың жұртшылықты серпілтеді деген ойдамыз. «Жақсы іс», «Қайырымды орта», «Мәдени сұхбат», «Өрісті өнер», «Таза елорда», «Медиа алаң» сияқты атауының өзі алқалы ортаның басын қосатын жобалар екені, жеке адамдардың мұқтажынан бастап, қоғамның, әлеуметтің қажеттеріне дейін қамтитыны байқалады. Соның ішінде азаматтарға түрлі қызметті интернет көмегімен алуды үйрету, өз құқығына қатысты заң нормаларын білу мен пайдалануды көрсету, барлық жанның соңғы тұрағы – зиратқа дейін реттеу, басқа да қастерлі орындарда дәстүрлі мәдениет үдерісін қалыптастыру, т.б. игі шаралар бар екені қуантады.

Әрине, волонтерліктің мың сан түрі бар. Одан да басқа формалары болуы мүмкін, шектелуге де тиіс емес. Қала мен даламыздың өз ерекшеліктерін ескере отырып, жан қалауымен көп ізгі іс атқаруға мүмкіндік мол. Ілгеріден Отанымызда жиі айтылатын және әр жүректің төрінен орын алған «Күніне бір жақсылық жаса!» деген ақжарылқап тілек қоғам жауапкершілігін сезінген адамның ерік-жігерінен, кемелдікке ұмтылған елдің сұранысынан туса керек-ті. «Жақсылық жасасаң қайтады, қайтпаса – айтады», яғни бұл әрекет есепке құрылмайды және есесін де сұрамау керек. Қарымтасын күту деген қарыз берумен тең болмақ. Өйткені шекарасы мен шегі жүрек пен намыс ершатына ғана жазылған қайырымдылық, мейірімділік, адамшылық, гуманистік, азамат­тық қағидаттардан бастау алатын қадамдар адамдар арасындағы қатынастарды жаңа сапаға, жаңа белеске көтеретіні сөзсіз.

Тағы бір маңызды жайтты айту артық етпес. Осынау жаңа бастамада, Мемлекет басшысы ескерткендей, «науқаншылдықтан арылудың» өнегесін көрсетуге толық жағдай да, мүмкіндік те бар. Яғни елімізде шынайы волонтерлік бағдарламалардың, еріктілер қозғалысының өркен­деуіне негіз қалайтын кезді босқа өткізбесек, биыл мерейтойын атап өткелі отырған Абайдың өсиетіне де адалдығымызды танытар едік. Лайым, солай болсын!

 

Дархан МЫҢБАЙ,

Мәжіліс депутаты