Байырғы Жапонияда бірнеше ірі алтын кені жұмыс істеген. Ежелгі Күншығыс елінде ақша тек алтын мен күмістен құйылған. Металл ақшаны құюға жергілікті кендерді пайдаланған. ХVІ ғасырда елді басқарған Тойотоми Хидэйоши обан деген ақша шығарды. Бірақ салмағы 165 грамм, көлемі 10-17 сантиметрлік обан сауда-саттыққа емес, марапаттауға ғана жұмсалды. Жапон тарихында ақшаның саяси аренаға шығуы осы обаннан басталады.
Иеннің шығуы туралы
Жапонияда алғашқы қағаз ақшалар 1600 жылдар шамасында шыға бастады. Ямада елді мекеніндегі Исэ қаласында Ямада хагаки деп аталатын валюта түрі пайда болды. Бұл ақша дегеннен гөрі қағаз түбіртекке ұқсайтын төлем қағазы болатын. Ямада хагакидің айналым жүйесін көпестерден құралған арнайы топ пен ғибадатхана діндарларының ұйымы бақылап отырды. Исэгэгу ғибадатханасы тұңғыш қағаз ақшаны шығарған мекеме саналады.
Жапонияда иен бірыңғай валюта болып енгізілгенге дейін Токугава қаржы жүйесі жұмыс істеді. Тұңғыш рет 1869 жылы құйылған иен негізгі ақша бірлігі ретінде бекітілді. Ғасырлар бойы қолданыста болған сэн (1/100 иен), рин (1/1000 иен) деген бөлшек ақшалар 1954 жылы айналымнан шықты. Бірақ жапон қаржы әлемінде бұл терминдер қазір де қолданылады.
1871 жылғы қаржы реформасына дейін сауда-саттықта әр өңір өз ақшасын пайдаланды. Бұл кезде жапон аралдарында мыңнан астам ақша түрі айналымда жүрді. 1879 жылы ақша бірліктері толығымен иенге ауыстырылып, 1901 жылы айдаһар бейнеленген күміс иен жасалды. Бастапқыда иен тек алтын мен күмістен құйылды. Қағаз иендер кейінірек шығарылды. Екінші дүниежүзілік соғыста Жапония жеңілгеннен кейін елдің валютасы құнсыздана бастады. Бірақ экономиканы қалпына келтіру кезеңінде иеннің құны көтеріліп, халықаралық қаржы операцияларында жоғары орынға ие болды. Бүгінде иен әлемдегі ең тұрақты валютаның бірі.
1872 жылы Мэйдзи үкіметі ұлттық банктер туралы заң қабылдап, жеке меншік ұлтық банктерге айырбасталатын банкноттар шығаруға рұқсат берді. Алайда 1876 жылғы заң бойынша банкноттар айырбасталу күшінен айырылды. Бірінші дүниежүзілік соғыс уақытында банкноттарды алтынға айырбастау тоқтатылды. Бұдан кейін Жапония елдегі экономикалық ахуалға байланысты бірнеше рет алтын ақша стандартын енгізіп, өзгертіп отырды. 1933 жылы алтын стандарты алынып тасталды. 1933-1939 жылдар арасында Жапония стерлинг одағы құрамында болды. Бұл уақытта 1 иеннің бағасы 14 Британия пенсіне теңелді.
1932 жылы Жапонияда Қаржы министрлігі мен Орталық банк жүргізетін валюталық бақылау енгізілді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде иен Корея, Тайвань, Маньчжоу-го, Тайланд және Жапония үкіметі бақылауында болған Франция отары
Үндіқытай түбегі мен Макао жерінде одақтың базалық валютасы ретінде жүрді. 1948 жылы Америка басып алған Окинава аралында иен айналымнан шығып, 1958 жылы біржола долларға ауыстырылды. Жапонның ұлттық валюталы Окинава аймағына араға біраз уақыт салып барып, 1972 жылы қайта оралды. 1973 жылы доллардың девальвациясына байланысты иеннің еркін ауытқымалы валюта бағамы енгізілді. АҚШ долларына қатысты ревальвациялар нәтижесінде иеннің салмағы артты.
Қаржылық жүйесі жетілген ел
Жапонияның құнды қағаздар нарығы іскерлік мәміле көлемін 1980 жылдардың соңынан бастап ұлғайтты. Құнды қағаз компаниясының үш тобы жұмыс істеді: Бірінші топ «Номура», Дайва», «Никкоу», «Ямаичи» деген компаниялардан тұрды. Бұл компаниялар үлкен төрттікті құрап, Нью-Йорк қаржы биржасына мүше болды. «Номура» компаниясы әлемдегі құнды қағаздар фирмасының ең ірісі саналды. 1986 жылдың өзінде оның капиталы 10 миллиард долларды құраған. Сол кездің өзінде «Номура» мен «Дайва» АҚШ-тың қазыналық облигациялар нарығында көш бастаған. Екінші топқа орта бизнестегі он кәсіпорын кірсе, үшінші топқа шағын фирмалар енді.
Жапония сақтандыру компаниялары халықаралық қаржы жүйесінде көш бастап, 1980 жылдары бұл елде бір адамның меншігіндегі өмірін сақтандыру құны АҚШ-пен салыстырғанда 50 пайызға жоғары болды. Бүгінде Токио қаласы Париж, Мюнхен, Нью-Йорк, Лондон, Цюрих, Бейжіңмен қатар әлемнің ірі сақтандыру орталығы саналады. Жапонның «Дайичи лайф иншуранс» компаниясы 346,9 миллиард доллар активімен дүниежүзінің ең ірі сақтандыру компанияларының қатарында тұр.
Бүгінде Жапония банкі құны 1000, 2000, 5000, 10000 болатын банкноттар шығарады. Әр банкнотта жапон тарихындағы қайраткер тұлғаларды танытатын иллюстрация бедерленген. 1000 иенде бактериолог Ногучи Хидэйо (1876-1928) бейнеленсе, 2000 иеннің бетінде Мурасаки Шикибу (978-1014 жылдар шамасы) жазған әлемдегі тұңғыш роман «Гэндзи моногатари» иллюстрациясын көруге болады. Ал 5000 иенде жазушы Хигучи Ичийоның (1872-1896), 10000 иенде жазушы, ағартушы Фукудзава Юкичидің (1835-1901) суреті бар. 1, 10, 50, 100, 500 иендік монеталар да айналымда. Әр жылдары жаңа технологияның көмегімен иеннің жаңартылған банкноттары шығарылады.
Төлем карточкасының отаны
Қазіргі жапон қаржы жүйесі мемлекеттік бюджет, жергілікті басқару органдарының бюджеті, арнайы қорлар мен мемлекеттік кәсіпорындар қаржысын қамтиды. Жапониядағы 47 префектураның әрқайсының дербес бюджеті бар. Бұл елде 12 сақтандыру және зейнетақы қоры жұмыс істейді. Бүгінде Жапония 1,678 мың доллар кіріспен әлемдегі бюджеті қомақты, қаржылық жүйесі ең жетілген мемлекет санатында.
Бұл елде тауар бағасы тұрақты. Мейлі қала, мейлі шағын ауыл болсын, кез-келген затты бірдей бағамен сатып алуға болады. Яғни, азық-түліктен бастап, көпшілік тұтынатын тауарлардың барлығы арнайы белгіленген бағамен сатылады. Мысалы, үлкенді-кішілі кітап дүкенінің кез келгенінен кітапты баспадан шыққан құнымен сатып аласыз.
Бұл елде валюта бағамы да тұрақты. Ақшаны әуежайдағы айырбас пункттерінде немесе банкте ғана ауыстыруға болады. Елге 1 миллион иеннен артық ақша алып кірген шетелдіктер кеден мағлұмдамасын толтырады. Қазір 1 жапон иенінің теңгеге шаққандағы құны 3,67 теңге екенін айта кетейік.
Жапонияда дүкендер мен сауда орындарында тек иенмен төлем жасалады. 1963 жылы әлемдегі тұңғыш пластикалық банк карточкасы осы елде шығарылды. Яғни, Жапония төлем карточкасының Отаны саналады. Алайда Токио сияқты ірі қалаларда болмаса, аймақ тұрғындары төлем карточкасынан гөрі қолма-қол ақшамен есептесуді жөн көреді. Дамыған капиталистік ел бола тұра көптеген дүкендерде карточка қабылдамайды. Көршілес Оңтүстік Кореяда карточка және электронды төлемдерді пайдалану бүкіл сатып алудың 90 пайызын құраса, Жапонияда керісінше. Халқы электронды есептесуден гөрі қолма-қол ақшаны ұнатады. Сондықтан бұл елде электронды карталық төлемдер бүкіл сауда-саттықтың 20 пайызға жуығын ғана құрайды. Бұның себебін ел экономикасының тірегі саналатын кіші және орта бизнесті дамытуға басымдық берілгенімен түсіндіруге болады. Жапонның «Макуромиру» компаниясы 2018 жылы жүргізген сауалдама нәтижесіне назар салсақ, 20-69 жас аралығындағы тұрғындардың 96,2 пайызы карточкасы бола тұра қолма-қол төлемді жөн көретінін айтқан. Жекелеген жапондардың пікіріне сүйенсек, карточканы пайдаланбай, қағаз ақшамен төлем жасау адамның есептей білу, яғни ақша санау қабілетін арттыратын көрінеді.
Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,
жапонтанушы