Негізі бұл жарыс Қытайдың Уси қаласында өтуге тиіс еді. Алайда Аспанасты елінде коронавирус дертінің дендеуіне байланысты Халықаралық таэквондо федерациясы айтулы доданы Иорданияда ұйымдастру жөнінде шешім қабылады. Енді лицензиялық турнир сол елде 10-12 сәуір аралығында өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, Олимпия ойындарында таэквондодан сегіз жүлде жиынтығы (4 ерлер+4 әйелдер) сарапқа салынады. Осыдан төрт жыл бұрын Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиаданың жалпы командалық есебінде Оңтүстік Корея топ жарған болатын. Олар 2 алтын және 4 қола медальді олжалады. Екінші орындағы Қытайдың қоржынында қос бас жүлде бар. Үшінші сатыға Ұлыбритания табан тіреді. Тұманды Альбион елінің өкілдері түрлі-түсті жүлденің әрқайсысынан бір-бірден иеленді. Бразилиядағы бәсекеден Қазақстан құрамасының қоржыны бос қайтқан еді.