Қоғам • 21 Ақпан, 2020

Сенат депутаттары Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жобасын талқылады

75 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшелері еліміздің Жоғарғы Сотында болып, сот жүйесінің жұмысымен танысты. Сенат депутаттары Жоғарғы Соттағы судьялар алқасының мүшелері және Әділет министрлігінің өкілдерімен бірге Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің және оған ілеспе заң жобасын талқылауға қатысты.

Сенат депутаттары Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жобасын талқылады

Алдымен сенаторлар Жоғарғы Сот жанынан құрылған ахуал орталығының жұмысымен танысты. Мамандардың айтуынша, аталған орталық сот төрелігін жүзеге асыру барысындағы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың жаңа деңгейі болып табылады. Ол тараптардың бірі қандай да бір кемшілікті айтып, сотқа жүгінгенге дейін анықтап, жоюға мүмкіндік береді.

Жоғарғы Соттың Төрағасы Жақып Асанов еліміздің сот жүйесінде атқарылған жұмыстар туралы хабардар етіп, саладағы бірқатар мәселелерге тоқталды. 2018-2019 жылдары Жоғарғы Сотта 17 заң жобасы әзірленіп, оның 9-ы Парламентте қабылданған болатын. Қазіргі кезде Парламент қарауында  4 заң жобасы, мемлекеттік құзырлы органдардың қарауында 4 заң жобасы бар.

«Бүгінде елімізде 2413 сот төрешісі бар. Қазақстанда күн сайын 13500 сот актісі шығады. Сот төрешілеріне қатысты негізгі проблемалардың қатарына жалақының аздығы мен жұмыс ауқымының көптігі де бар», - деді Ж.Асанов.

Жоғарғы Сот басшысының айтуынша, заң саласы мамандығын бітірген түлектердің 16 пайызы ғана сот төрешісі болады.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі бірыңғай заңнамалық актіде жария құқықтық қатынастар саласында әкімшілік рәсімдерді жүзеге асырудың және сот ісін жүргізудің құқықтық негіздерін, қағидаттары мен ережелерін көздейді.

Комитет төрағасы Владимир Волков кездесуді қорытындылай келіп, Жоғарғы Сот қызметін одан әрі жетілдіруде сапаға баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Бұл бағыттағы бірлескен жұмыстардың жалғаса беретіні айтылды. «Біз сіздермен бір бағытта жұмыс істейміз. Бүгін бәріміз үшін маңызды заңнамалардың бірі – Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің және ілеспе заң жобасының талқылануына куә болдық. Ахуал орталығының да жұмысы көңілге қонымды. Соттың әділеттілігі жұмысының сапасымен өлшенеді», - деді В.Волков.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше