Спорт • 21 Ақпан, 2020

Күрес: Үш аруымыз алтын медаль үшін таласады

1035 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін әйелдер күресі өкілдері Нью-Делиде өтіп жатқан Азия чемпионатын қорытындалайды. Біз үшін қуанышты жағдай – үш аруымыздың ақтық сынға жолдама алуы.

Күрес: Үш аруымыз алтын медаль үшін таласады

53 кило салмақта белдескен Татьяна Аманжол бастапқы қос бәсекеде Таиланд пен Өзбекстанның өкілдерін жауырынымен жерге қадап, айқын жеңіске қол жеткізді. Финалда ол Жапонияның жұлдызы, әлемнің екі дүркін чемпионы Маю Мукайдамен кездеседі.

62 кило салмақта күш сынасқан Аяулым Қасымова Вьетнам мен Моңғолия балуандарынан басым түсті. Екі кездесуде де қазақ қызының үстемдегі еш күмән туғызған жоқ. Ақтық сайыста Аяулым Жапонияның тағы бір мықтысы Юкако Каваймен шеберлік байқасады.

72 кило салмақ дәрежесінде айқасқан Мадина Бақбергенова өзбекстандық балуанды тушемен ұтып, моңғол спортшысынан ұпай санымен жеңді.  Финалда қандасымыз жапониялық Мэй Шиндомен күреседі.

57 кило салмақтағы Алтынай Сатылған жартылай финалда Моңғолия спортшысынан ұтылып, қола медаль үшін тартыста Вьетамның өкілімен кездеседі.